Жетпіс бес жылдан кейін бұйырған бір уыс топырақ

Киевтен таңғы сағат тоғызда шыққан поезд Днепр қаласына кешкі алтыда жетті. Екі қаланың арақашықтығы 600 шақырым екен. Қас қарайып, көз байланып қалған шақ. Сара апамыз анда-санда «тосып алмаса, қайтеміз?» депмаған қарайды жаутаңдап. Жолға шығарда әскери атташе Сәбит Кеңесбайұлы қарсы алуға тиіс адамның аты-жөнін, телефонын жазып берген, дегенмен әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Бірақ сыр бермей, «қорықпаңыз, «Тіл Киевке де жеткізеді»деп, апамыздың көңілін әзілмен аулап қоямын. Вагонда бізден басқа түсетін жолаушы да жоқ. Поезд тоқтап, есігі ашылғаны сол еді, «Вы Сара апа?» деген дауыс естілді.
Днепр облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Сергей Дорошев бізді көптен күткен ескі достарын көргендей, құшақ жая қарсы алғаны!Біз де қуанышымызды жасыра алмай, сол жерде шүйіркелесе кеттік. «Алдымен Сәбитке сіздерді қарсы алғаным туралы есеп беруім керек» деп, әскери атташеге де хабарласып үлгерді.Алыс-жақын шетелдің біраз жерлерін аралағам десем де, әр сапарда алаңдаушылық болатыны сөзсіз. Қазақ «Үйден қырық адым шықсаң, мүсәпірсің» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан да бізді мұқият тапсырып, жағдайды бақылауда ұстап отырған, жат жерде жебеушіміз болып жүрген елшіліктегі азаматтарға іштей риза болдым.
Қала кеші тіпті ызғарлы, жабысқақ қар қапалақтап жауып тұр. Ардагерлер ұйымы біз үшін қонақ үйден орын да әзірлеп қойыпты. Сонда жеткізіп салған Сергей Владимирович қонақ үйдің кезекші әкімшілігіне бізді Қазақстаннан келген сыйлы қонақтар деп таныстырып, шегелеп тапсырып кетті. Жол күрделі екенін ескертіп, ертеңгісін тоғызда дайын болуымызды сұрады. «Ертең атамыздың неміс басқыншыларымен шайқасқан жерін көреміз, рухымен тілдесеміз» деген ойдан жүрегіміз өрекпіп, бұл түнді де біз қобалжумен өткіздік.
Ардагердің естелігі
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, генерал С.Шевченкожіберген шетелдік жеңіл көлікпен Синельников ауданына қарай жүйткіп келеміз. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегеннің кері ғой. Әйтпесе, қаладан 50 шақырым жерде орналасқан аудан орталығына екі сағаттан аса жүріп жеттік. Кешегі жауған қар жолды алып қалыпты. Жол-жөнекей Сергей Владимирович Ахметуәли атамызға қатысты бір қызықты деректің ұшын қылтитты.
-Ардагерлеріміздің бірінің анасы госпитальда медбике болып істеген. Сол ардагердің естелігі бойынша, анасы госпитальға ауыр жараланған бір жап-жас қазақ офицерін жауынгерлері көтеріп әкелгенін айтыпты. Олар командирлерін аман алып қалуды өтініп сұрағанымен, амал қанша, офицер бес күннен кейін көз жұмған. Ахметуәли аталарыңыздың құжаттарындағы деректермен салыстырсақ, сол кісі екеніне күмән жоқ. Взвод командирі дегеніміз кім? Ол – қарамағындағы жиырма-отыз жауынгерді ұрысқа бастап шығатын, өз ісімен жауынгерлерінерух беретін қолбасшы. Пулеметтен қарша бораған оққа кеудесін бірінші төсейтін де – сол командир. Сарбаздарының ол кісінің жаралы денесін ұрыс даласында тастап кетпей, госпитальға жеткізулері аталарыңыздың нағыз офицер болғанын дәлелдейді, – деп тоқтады ардагер.
-Құжаттарында суреті сақталмап па?- дейді Сара апам үмітпен. Жиырма бір жасында майданға аттанған ағасының жансыз бейнесі де қалмаған ғой естелікке. Ол кезде қазақ ауылында суретке түсу қайдан болсын? Жауынгерлер көбінде майданнан оралғанда әкелетін фотоларын.
– Егер наградаға ұсынылса, Подольск қаласындағы бас әскери архивте болуы мүмкін, сұрау салып көрулеріңізге болады. Біздің қолымызда жоқ. Суретті айтасыз, қабірін де алғашында жергілікті ардагерлер ұйымы таба алмады, өйткені олардың архивіндегі тізімде жоқ екен, – деп жалғастырды әңгімесін Сергей Дорошев. Айтысына қарағанда, Қазақстанның елшілігіне біз жіберген құжаттардың көшірмесі қолына тие сала, республикалық ардагерлер ұйымының тапсырмасымен осы іспен тікелей ай-налысыпты. Облыстық мәдениет басқармасы архив құжаттарын қайта көтеріп, деректер расталған бойда Славгородтағы бауырластар зиратына өзі барып, жаяу аралап жүріп, тауыпты.

Кестелі орамал
Синельников аудандық мемлекеттік әкімшілігінде бізді қадірлі қонақтарындай күтіп отыр екен. Кездесуге соғыс ардагерлері мен әкімшілік қызметкерлері жиналып, жергілікті газет тілшісі де шақырылыпты. Қаладағы №5 мектептің мұғалімі, мектеп мұражайының жетекшісі Евгений Трушенко Днепр өзені үшін болған сұрапыл шайқастарда 7-кавалериялық дивизияның құрамына кірген 19-гвардиялық кавалеристік полктің жауынгерлерінің жанкешті ерлігінен сыр шертті. Гвардия Алматыда жасақталғандықтан, құрамында қазақтар көп болыпты.
– Сол 19-гвардиялықкавалеристік полктің құрамында қазақтың белгілі ақыны Жамбыл Жабаевтың ұлы Алғадай Жабаев та шайқасқан. Украина жері үшін жандарын пида еткен, аталмыш полкта соғысқан 67 қазақ жауынгерінің әрқайсысын да ардақ тұтамыз. Олардың құрметіне Дружба-Достик саябағын аштық. Барлығын өз көздеріңізбен көресіздер. Ал 1943 жылдың қыркүйегінде Славгород ауылы жаудан азат етілді де, сол жерге дала госпиталі орналастырылды, – деді Евгений Григорьевич. –Синельников ауданы тұсындағы Днепрді алу ұрыстарына кіші лейтенант Ахметуәли Жидебаевтың қатысқаны құжаттарда көрсетілген. Шайқастың жойқын болғаны соншалық, өзеннің суы қып-қызыл қанға боялды. Ауыр жараланған взвод командирі Жидебаев қазан айының соңында госпитальға түсіп, бес күннен кейін, 1 қарашада көз жұмғаны белгілі. Аталарыңыз ерлікпен қаза тапты. Мақтан тұтуларыңызға боларлық офицер.
Бізді қабылдағанСинельников аудандық мемлекеттік әкімшілігі төрағасының орынбасары Сергей БирюковЕвгений Трушенконың оқушысы екен. Айтысына қарағанда, ұстазы мектеп жасынаносы ізгі іске баулып, талай жорықтарға да шығыпты, қазба жұмыстарына да қатысқан. Нәтижесінде жүздеген жауынгердің сүйегі табылып, қайта жерленіпті. Хабар-ошарсыз кетті деген ата-бабасы туралы сүйінші хабар алу олардың туыстары үшін қандай қуаныш болды десеңізші?!
-Сіздердің келгендеріңізге өте қуаныштымыз. Бізге ата-бабаларының соғысқан жерлерін іздеп келушілер өте көп. Қазір бірден Славгород кентіндегі бауырластар зиратына барамыз. Қайтарда осы жердегі Алғадай Жабаевтың ескерткішіне соғамыз. Мектеп мұражайында қазақ жауынгерлерінің бұрышы бар, оны да тамашалайсыздар, – деп сапарымыздың жоспарымен қысқаша таныстырған Сергей Бирюков бізге гүл шоқтарымен қоса ұлттық өрнегі бар кестелі орамал сыйлады. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген. Кім біледі, бауырлас Украина еліне тағы да жолымыз түсер.
Айтпақшы, Сергей Дорошев ескерткіш тақтада Ахметуәли Жидебаевтың аты-жөні мен әскери атағында кеткен қателер 9 мамыр қарсаңында жөнделетінін айтып, қуантты.
Госпиталь ғимараты әлі тұр
Славгородта бізді тағы бір тосынсый күтіп тұрыпты. Бізді көліктен түсе қарсы алған Славгород кенттік кеңесінің төрағасы Василий Сороковский анадай жердегі бір қабатты ақ ғимаратты нұсқап: «мынау аталарыңыз жатқан госпитальдің ғимараты. 130 жылдық тарихы бар» – дегенде, сенер-сенбесімізді білмей, аңтарылып қалдық. Бүгінде кенттік кеңес орналасқан ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Қасына жақындап, жаралы майдангерлерге қорған болған, соңғы сәттерінің куәсіне айналған кірпіштен қаланған қабырғаларды жайлап сипадық. Осыдан жетпіс бес жыл бұрын осы жерде өлім мен өмірмен арпалысып, талай өрімдей жас жатты ғой! Ыңырсыған дауыстары естілгендей ме, қалай? Жоқ, ұйытқиын деп тұрған боранның ысқырығы екен ғой. Қыршын боздақтар не жайында ойлады екен демі үзілер шақта? Туған ауылының түтінін сағынып, «шіркін, масатыдай құрағына бір аунар ма еді!» деп қамықты ма екен? Жоқ, бәлкім «қалай да жауды жеңіп, еліме, анама ораламын» деп қайраттанған шығар?! Біз үшін бұл жұмбақ болып қала береді…
Орындалған аманат
Кенттің бауырластар зиратына тез жеттік. Айнала аппақ омбы қар. Маңайдағы бейіттердің барлығы күтулі екені көрініп тұр. Өзіміз суретін көрген мемориал тақтаға жақындаған сайын жүрегім атша тулап қоя берді. Қасына таяғанда, қолымды бірдеңе пісіп өткендей болды. Сөйтсек, боздақтардың қабірін көмкере раушан гүлдерін егіп тастапты, соның тікені екен. Сара апамыз жеткен бойда ағатайының мұздай суық құлпытасына маңдайын тигізіп, біраз үнсіз қалды. Терең толғаныс құшағында іштей егіліп тұрғанын сездім. Шейіт болған ағасымен жетпес бес жылдан кейін бақұлдасып, шерін тарқатып, арманда кеткен анасының, әпке-ағатайларының, нағашы әулетіміздің аманатынкүбірлеп айтып жатыр. Мен де нағашымның рухымен тілдесіп, анамның өзегін өртеген сағынышын, өкінішін жеткізуге тырыстым. Украиндық бауырлар бізге кедергі жасамай, сыртымыздан бақылап қана тұр. Апамыз мауқын әбден басқаннан кейін барып, ақ шүберекке түйіп әкелген туған жердің бір уыс топырағын атамыздың қабірінің үстіне жайлап септік. Әкемнен үйренген Ықылас пен Фатиха сүрелерін оқып, бір аят құранымызды бағыштадым. «Жатқан жеріңіз жайлы болсын, нағашы! Жаныңыз пейіште шалқып, қабіріңіз нұрға бөленсін!» Бір уыс топырақты аңсап, құран дәметіп жатқан атамыздың аруағы да сол күні бір аунап түскен шығар.
«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген мәтелдің мәнін бауырлас халықтың өкілдері бізден де жете түсінетін сияқты. Мені олардың өлгендерге деген құрметі тәнті етті. Бауырластар зиратының аумағы үнемі тазартылып, жазда жасыл желек пен гүлдерге оранатынын суреттерден көрдік.
Айна Ескенқызы
(Жалғасы бар)
Өскемен-Киев-Днепр-Славгород