Жетпейтін кезек, жанбайтын көмір

Былтырдан бері Шығыста көмір шырғалаңы, көмір дүрбелеңі бәсеңдемей тұр. Ал енді, міне, Қаражыраның басында көмір алуға кезекке тұрған екі жігіттің арасында жанжал шығып, төбелестің ақыры өліммен аяқталыпты деген ақпарат тарады. Көмірге таластың соңы кісі өліміне әкеліп соқты ма? Әлеуметтік желілерде 13 қарашада белгілі дзюдошы Жасұлан Әбиевтің Қаражыра кенішінде көмірге кезекке тұрғанда туған жанжалдан ауыр бас жарақатын алып, ажал құшқанын жазып жатыр. Оқиғаның куәгерлері дзюдошы жігіттің көмір кенішінде мерт болғанын айтқан.
Құқық қорғау органдарының ақпаратынша, күдікті қолға түскен. Ол Семейдің 24 жастағы тұрғыны болып шығыпты. Азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Халық көмірге қатысты қиындықтан құтыла ма, жоқ па? Көмір десе жұрт неге жыларман болады? Өскеменде жаз айында басталған көмір «қырғыны» әлі бәсеңсімей тұр. Әлеуметтік көмірді ала алмай жүргендердің де қарасы көп. Өскеменде босатылу бағасы 8 800 болғанымен, ауылға барғанша 30 мың теңгеге бірақ шырқайтын қатты отынның сапасы туралы әңгіме тіптен бөлек. Қып-қызыл ақшаға сатып алған көмір жанбай бықсып, елдің жүйкесін одан бетер жұқартуда.
-Көмірдің кезегіне қатысты жайтқа біздің еш кінәміз жоқ. ҚТЖ тарапынан «Қаражыра» көмір кенішіне 420 вагон беріліп отыр. Кеніштің сұраған вагондарының бәрін беріп отырмыз. Биылғы сәуірден бастап жергілікті әкімдікпен, Қаражырамен екіжақты келісе отырып, маусым айынан бастап халыққа көмір тасымалдана бастады. Қазір тасымалдау жағдайын күнделікті қарап отырмыз: күніне Өскеменге 25-30 вагон көмір келсе, аудандарға да осыншама көлемде жеткізіліп отыр. 150 вагон ЖЭО-ларға тәулік сайын тасымалданып жатыр. Облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес қарашада 2200, желтоқсанда 2400 тонна көмір жеткізілу керек, оның ішінде техникалық көмір де, тұрмыстық көмір де бар, – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ «Шығыс Қазақстан бөлімшесі МК» филиалының директоры Мағауия Оразқұлов.
Оның айтуынша Өскемендегі жылу электр орталықтарында тәулігіне 5200 тонна көмір жағылатын болса, қазіргі күні 37 күнге жететін көмір қоры бар екен. Биыл ҚТЖ-ның Шығыс Қазақстан жүк тасымалдау бөлімшесі көмірді былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көп тасымалдап, жеткізген. 2017 жылы осы мерзімде халыққа 87 мың тонна көмір жеткізісе, қазіргі күні тұрғындар қажетіне 166 мың тонна көмір тасымалданған. Оның 81 мың тоннасы Өскемен қаласына, қалған 85 мың тоннасы аудандарға жөнелтіліпті. Бұқтырма стансасына жөнелтілген көмір көлемі де едәуір артқан. Шығыс Қазақстан жүк тасымалдау бөлімшесінің барлық стансаларына жыл басынан бері барлығы 2 млн 374 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл былтырғыдан 14 пайызға артық.
Қараша айында кесте бойынша облысқа 210 мың тонна көмір жеткізілу керек болса, өткен 14 күн ішінде 110 мың тонна техникалық, 60 мың тонна тұрмыстық көмір әкелініп, артығымен тасымалданған. Желтоқсанда 220 мың тонна көмір жеткізілуі тиіс. Күніне 180-200 вагон көмір келеді, оның 45-50 вагоны тұрмыстық, 150 вагоны техникалық мақсатқа арналған.
«ҚТЖ» өкілі айтқандай, көмір толассыз, артығымен келіп жатса, «аймақта көмір дүрбелеңі неге басылмай отыр, кезек неге азаймай тұр?» деген сауал тағы да туады. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасындағылар көмірдің кезегін жан-жақтан келетін сатып алушылардың аса көптігемен түсіндіреді. Қыраулы қыста кезек күтіп, айғай-сүреңге басқан жұрттың сөзін тыңдасақ, көмір түсіру тұйықтарындағы мұндай кезек бұрын-соңды болып көрмеген. Сол себепті екі жылдан бері келіп жетпейтін кезек пен жылу бермейтін көмір сапасы туралы сөз тұрғындар арасында өршіп тұр.
-Біз көмірді маусым айынан бастап тасымалдай бастамасақ, бұдан да қиын болатын еді. Қазір қайта жағдай былтырғыдан жақсарып, машиналар кезегі азайып қалды. Бүгінгі бір күннің ішінде 18 вагон түсірілді. Тағы 30 вагон тұрмыстық көмір келе жатыр. Тағы да айтамын Қаражыраның басында Дегелеңде 420 вагон тұр. Ол көмір қайда кетіп жатыр, Өскеменде қалып жатыр ма, басқа бір жаққа кетіп жатыр ма, ол жағы бізге белгісіз. Қысқасы, көмір тасымалдауда ешқандай кедергі жоқ, -дейді Мағауия Оразқұлов.
Жанаргүл Мұқатай