Қоғам

Жетім қызға пәтер сыйлады

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен 2012 – 2015 жылдар аралығында облысымыздағы асыраушысынан айырылған жетім балаларды жан-жақты қолдау үшін «Мейірім» акциясы қолға алынған болатын. Акция бойынша облыста кешенді жоба жұмыс істей бастады. Осыған орай Семей қаласындағы №8 балалар үйінің түлегі, Семей пединститутының студенті Үміт Қаршығанова бір бөлмелі пәтерге ие болды. Оған көмек қолын созып, пәтер кілтін табыстаған – «Дегдар Құрылыс Корпорациясы» ЖШС-нің басшысы, кәсіпкер Ағиша Қамалова.

Жетім қызға пәтер сыйлады– «Мейірім» акциясы бойынша мектеп бітірген, колледж және жоғары оқу орындарын бітірген жетім балалар қамқорлыққа алынады, – деді облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова. – Өйткені, осындай балалардың бара-тын жерлері жоқ, олар көмекке зәру. Жетім балалардың ішінде пәтерге қол жеткізе-тіндердің саны өте аз. Бүгін-де патронаттық отбасыларда балалар үйінің көптеген баласы қамқорлыққа алынған. Бір ғана Семей қаласы бойынша 45 бала 45 мектепке бекітіліп берілсе, тағы бір бала қалалық білім бөлімінің қарауында. Осы уақытқа дейін қаладағы мекемелердің барлық қызметкерлері өз қарамағындағы балалардың банктегі есепшотына бір күндік жалақыларын аударды. Бұл ақша баланың жасы 23-ке толғанға дейін сақталады. Егер сол уақта ол қаражат үй алуға жетсе, баспана сатып алуға көмектесеміз. Жетпеген жағдайда қалған ақшасын Үкімет толтыратын болады. Ал кәсіпкер Ағиша Қамалова сияқты асыраушысынан айырылған балаға азаматтық танытып, пәтер сыйлау облысымызда тұңғыш рет орын алған оңды өзгеріс. Осындай бастама көтерген облыс басшысына көп рақмет.

Қайырымдылық шараны семейліктер де жалғастырып, қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева түрлі-түсті теледидар сыйға тартты. Қоныс тойын тойлау барысында ша-шу шашылып, болашағынан көп үміт күттірер Үміттің жолына жақсы тілектер айтылды.

– Адамда арман аз ба? – деді «Дегдар Құрылыс Корпорациясы» ЖШС-нің басшысы, кәсіпкер Ағиша Қамалова. – Өмір бойы қызым болса деп армандаған едім.Ұлым ғана бар. Бірде балалар үйінің басшылығымен кездесу барысында бір қыз балаға қамқорлық жасағым келетіндігін айттым. Топ қыздардың ішінен жақсы мінезімен көзге түскен Үміт қызымдай болып кетті. Сөйтіп, оған пәтер сыйлауды ұйғардым.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button