Қоғам

Жетім балаларға жетпіс пәтер берілді

Жетім балаларға жетпіс пәтер берілді

Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы А.Исаев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

– Облысымызда қолға алынып жатқан «Мейірім» акциясының негізгі мақсаты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау, олардың өмір сүру деңгейінің сапасын жақсарту. Бүгінгі күні акция ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1600-ден астам жетімді қамқорлығына алып отыр. Жобаның тұсаукесері республикалық, халықаралық семинарлар мен конференцияларда ұсынылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоғары бағасына, сондай-ақ, республикада жүзеге асырылып жатқан 17 үздік әлеуметтік жобалар қатарына еніп, марапатқа ие болды, – дейді Аркадий Исаев.

«Мейірім» акциясы барысында облыстағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған қылмыстық оқиғалар едәуір азайған көрінеді. Сондай-ақ, жетім балаларға 2011 жылы төрт, былтыр сегіз, ал ағымдағы жылы 70 пәтер бөлінсе, жыл аяғына дейін тағы да 50 пәтер беру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Жиында жетім балаларды асырап алу көрсеткіші бойынша біздің облыс өзге өңірлермен салыстырғанда алдыңғы орынға шыққандығы да айтылды. Айталық, биылдың өзінде 18 жетім бала қайырымды жандардың қамқорлығына алыныпты. Осы орайда Үкімет қаулысымен 2012-2013 жылдары шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алу жағдайы тіркелмегендігін де айта кеткен жөн.

Баспасөз мәслихатында басқарма қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды. Басқарма басшысы «Мейірім» акциясының жүзеге асырылу барысы туралы толық мағлұмат беріп, ірі кәсіпорындар мен компаниялардың, сондай-ақ, орта және шағын бизнес субъектілерінің басшыларын жетім балаларды қолдау акциясына қатысуға шақырды.
Баспасөз мәслихатының соңында А.Исаев аталмыш акцияға байланысты журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button