Жеткіншектер үйінің тәжірибесін үйренді

Жасөспірімдер үйінде тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерді қалай әлеуметтендіруге, күнделікті өмірге бейімдеуге болады? Олардың бәсекелестік әлеуетін арттыру үшін не істеу керек? Облыс орталығында өткен республикалық конференцияда бас қосқан жеті өңірдің жеткіншектер үйлерінің директорлары осы және басқа да мәселелерді талқылады. Конференция жұмысына еліміздің басқа аймақтарының өкілдері мен Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Ирина Унжакова онлайн режимінде қатысты.
Алқалы жиынның Өскемен қаласында өтуі тегін емес,өйткені облыстағы арнайы жеткіншектер үйіндеон жылдан бері тәрбиеленушілерді қосымша кәсіби дағдыларға баулудың ерекше жүйесі – өзін-өзі оқыту жүйесі енгізілген. «Қоғамды дамытуды ақпараттық қолдау қоры» ұйымы 2008 жылдан бері жетім балалардың қосымша білім алуына мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асырып келеді.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиевтың берген мәліметі бойынша, өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған сегіз ұйым жұмыс істейді, оның біреуі –жеткіншектер үйі. Жыл сайын бұл мекемелерден түлеп шыққан 170 жеткіншектің 70-ке жуығы жеткіншектер үйіне жіберіледі.
–Оларды тәрбиелеу мен оқытуды мемлекет толықтай өз мойнына алған. Ал қоғамға, өмірге бейімдеуде, тұрмыста қажетті дағдыларды меңгеруде үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінеміз. Сондай ұйымдардың бірі – Ақпараттық қолдау қорының тәжірибесі сіздерге пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қажымұқан Оспанғалиев.
Қаражаты жоқ балаларға қосымша мамандық беру өте маңызды. 2008 жылы қордың қолдауымен елу бала тырнақты әрлеу мен дизайн мамандығын меңгеріп алды. Өзін-өзі оқыту жүйесінің басты ерекшелігі – алғашқы топтағы тәрбиеленушілерге таңдап алған мамандық бойынша кәсіби мамандар сабақ береді. Одан кейін оқып, үйренген жеткіншектер басқа құрбыларына өздері үйретеді.
–Біздің тәжірибе –мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара қарым-қатынасының тамаша үлгісі, өйткені кез келген әлеуметтік жоба қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Бұл – мемлекеттік органдардың тікелей жұмысы. Дегенмен біз сияқты үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен көп мәселелерді ешқандай қаржысыз шешуге болады. Керісінше, біз қаржы құямыз, – дейді қордың директоры Ольга Свириденко.
Бәрі он жыл бұрын басталыпты. Содан бері жеткіншектер үйінде үш жоба қолға алынған. 2012-2013 жылдары Ақпараттық қордың қаржыландыруымен мекеменің 48 тәрбиеленушісі киім тігу және шаштараз курстарын тәмамдайды. Тағы осынша бала кәсіпкерліктің негіздерін меңгереді. Қазір мекемеде шаштараз бен тігін шеберханасы жұмыс істеп тұр. Жасөспірімдер алған дағдыларын сол жерде ұштай түсуде. Күнделікті тұрмыста кездесетін перде тігу немесе киімін өзіне шақтап қайта тігіп алу мекеме тәрбиеленушілеріне енді қиындық туғызбайды.
2018 жылы мекемеде тағы бір жоба қолға алыныпты. Түлектер мекеме қабырғасынан түлеп шыққанда өздерін сенімдірек сезіну үшін олардың компьютерлік сауатын ашуға арналған шаралардың кешенді жоспары жасалған. Курста оқыған балалар енді дипломдық жұмыстарын да өздері жазып, интернетті пайдаланып, түйіндеме жазуды үйреніпті. Оларға жұмысқа тұру, өздерінің құқын қорғау тақырыптарына семинар-тренингтер ұйымдастырылған.
–Осындай тренингтердің нәтижесінде тәрбиеленушілеріміздің өздерін бағалау деңгейі артқаны байқалады. Компьютерді меңгеру оларға қажетті ақпаратты енді интернеттен қиналмай табуға, курстық жұмыстарды өз күштерімен жазуға мүмкіндік берді. Алған дағдыларының арқасында енді олар қоғамға оңай бейімделеді деп сенемін, – дейді жеткіншектер үйі директорының орынбасары Оксана Алпатова.
Әрине, жабық мекемелерде тәрбиеленген балалардың өмірге еш бейімделмей шығатыны шыңдық. Бәрі дайынға үйренген, олар тамақ пісіруді білмейді, дүкенге барып, сауда да жасай алмайды. Тіпті бір қыз бала бөлек тұра бастағанда жұмыртқаны мұздатқышқа салып қойыпты, өйткені қалай сақтау керектігін білмейді. Мұндай мысалдар көп. Жеткіншектердің өздерін сенімді сезінуі және оларды қоғамға әлеуметтендіру үшін осындай жобалардың аса маңызды екені түсінікті.
Біздің облыстың тәжірибесінен үйрену үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл қалаларындағы жеткіншектер үйлерінің директорлары келіпті. Конференция барысында қонақтар балалардың бәсекелестік әлеуетін арттыру, интернаттан шыққаннан кейін олармен қалай байланыс жасау, оларды жұмысқа орналастыру мәселелеріне қатысты пікірлерімен бөлісті. Мәжіліс депутаттары осындай тәжірибе алмасуды бір-екі сағаттық конференциямен шектемей, алдағы уақытта екікүндік семинарлар ретінде өткізсе, тиімдірек болар еді деген ойларын ортаға салды.
Айна Ескенқызы