ТОП

Жетістікке толы жетпіс жыл

Айжанат Бақытқызы

Сәрсен Аманжолов университеті – бай тарихы мен ғылыми дәстүрлері, орасан зор білім беру және кадрлық әлеуеті бар бірегей оқу-ғылыми орталығы. Еліміздегі ең үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының бірі ретінде танылған университетке 70 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орны 70 мыңнан астам түлек даярлаған. Олар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде білім ордаларының басшылары,  ұстаздар, қоғам қайраткерлері, кәсіпорын басшылары болып еселі еңбек етіп жүр.

Институт – Қызыл Ту иегері

Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жоғары оқу орнының тарихы 1952 жылдан басталады. Семей мұғалімдер институты Өскемен қаласына көшіріліп, соның негізінде Өскемен педагогикалық институты құрылған.

1970-1980 жылдары Өскемен педагогикалық институты Кеңес Одағындағы үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының ондығына кірген. 1980 жылдары Кеңес Одағына қарасты он бес республиканың 262 педагогикалық жоғары оқу орындары арасында бірінші орын мен ауыспалы Қызыл Ту иегері атанып, алғашқы аспирантура ашылды.

Университетті әр жылдары Жұмаш Уәлиев, Абдулла Темірбеков, Ережеп Мәмбетқазиев, Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Арыстан Ғазалиев, Бейбіт Мамыраев, Әлібек Қуандықов сынды білім-ғылым саласының майталмандары басқарды. Әр ректордың мамандығына деген адалдығының арқасында оқу орны биік белестерге көтерілді.

1990 жылдар институт Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылуымен есте қалды. Магистратура ашылып, университет Халықаралық ғылым академиясының және «Сібір ашық университеті» қауымдастығының мүшесі болды, Моңғолиядағы Баян-Өлгей қаласында университет филиалы ашылды.

Бүгінде С.Аманжолов атындағы университет түрлі бейіндегі жоғары кәсіби педагогтарды даярлайды. Осы уақыт аралығында мамандарды сапалы даярлау үшін үлкен тәжірибе жинақтады. Университет оқытушылары студенттерге ұлттық және әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру үшін дағдылары мен құзыреттіліктерін арттырып отырады. Оның ішінде «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша әлемдік деңгейдегі мамандар шақырылады. Соның арқасында білім алушылар мен оқытушылар халықаралық тәжірибеге ие болып, өздеріне жаңа мақсат-міндеттер қояды. Бағдарлама бойынша студенттер мен оқытушылар шетелдерде тағылымдамадан өтеді.

 Ұлттық рейтингтің көш басында тұр

Университет ректоры соңғы жылдары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Университет педагогикалық кадрларды даярлаудың Ұлттық рейтингінде екі мәрте бірінші орынға шықты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төрт жыл ішінде елімізде мыңнан астам жаңа мектеп салуды тапсырды. Бұл педагогикалық кадрлар санын арттыруды, білім беру саласына талантты жастарды тартуды, білім сапасын жақсартуды қажет етеді, – дейді ректор Мұхтар Төлеген. – Университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамы біліктілігін тұрақты түрде арттырып келеді. 2018 жылдан бері университет бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 9 мыңға жуық маман дайындады. Тек биылдың өзінде 3281 маман дайындадық, олардың 1176-сы педагогикалық бағытта. Ағымдағы жылы 351 түлегіміз ауылдық жерлерде жұмысқа орналасты. Қазір жоғары оқу орнында тоғыз мыңға жуық студент білім алып жүр, олардың төрт мыңға жуығы – болашақ педагогтар.

Университет түлектердің өз кәсібін тауып, болашақтары мен кәсіби өсуі үшін бар күшін салады. Соңғы төрт жылда ауылдық жерлерде ШҚУ-дың 1259 түлегі жұмысқа орналасты, магистрлердің 98%-ы облыстың білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 98%-ды құрайды.

Айта кетсек, он жыл ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқы болып С.Аманжолов университетінің басшылығы оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысын едәуір деңгейге көтерді, бұл ұжым ішіндегі тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.

Соңғы төрт жылда университет 40-тан астам докторант дайындады. Салыстыру үшін айта кетсек, он жыл бұрын бес докторант қана болған.

Ұжымның ұйымшыл еңбегінің арқасында бірқатар жаңа, сұранысқа ие білім беру бағдарламаларына, соның ішінде магистратура мен докторантураға лицензиялар алынды. Нәтижесінде қазір информатика, физика, химия, биология, география, қазақ тілі мен әдебиеті, философия, тарих, экономика салаларында докторантурада мамандар даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысты табысты іске асыруда.

 Жаңа зертханалар ашылды

С.Аманжолов университеті атаулы стипендиялар, гранттар, жеңілдіктер сияқты ұтымды әлеуметтік пакетті ұсынады. Мысалы, 2022 жылы «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында 353 грант бөлінді. Ал педагогикалық квоталар саны – 255.

Жас ғалымдардың ғылыми қызметін ынталандыру үшін жыл сайын Жұмаш Уәлиевтің атаулы стипендиясын тағайындау байқауын, «Ғылым граниті» ғылыми жобаларының, «Жас талап», «Жыл зерттеушісі», «Үздік жас ғалым», «Мамандық бойынша үздік студент», «Үздік студенттік ғылыми үйірме» инновациялық идеяларының байқауын тұрақты түрде өткізеді.

Университетте жас ғалымдар үшін әртүрлі оқу кабинеттері мен зертханалық жабдықтары бар жаратылыстану-математикалық бағыттағы зертханалар ашылды. «Robolab» робототехникалық зертханасы, жаңа IT-сыныптар IT құзыреттілік орталығына бірікті, «KAZ Minerals» кәсіпорнымен бірлесіп екі химиялық зертхана, Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра, С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің бірінші ректоры, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ережеп Мәмбетқазиев атындағы жаңа оқу зертханасы, Stem-орталық, Жүрсінғали Ахмеров атындағы цифрлық гуманитарлық ғылымдар зертханасы, академик А.Ахметов атындағы цифрлық химия зертханасы ашылды. Бұл орталықтар мен зертханалар студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

STEM-университет ғылыми салада шет елдердегі және отандық ғылыми орталықтармен белсенді жұмыс істейді. Ұлттық ядролық орталық базасында университеттің физика және технология кафедрасы бар. Орталықта 80 млн теңгенің ғылыми жобалары орындалып, «Ядролық физика» білім бағдарламасының түлектері жұмысқа орналасады.

Университет түлектері «Казцинк», «KAZ Minerals», «ҮМЗ», Ұлттық ядролық орталық, Өскемен титан-магний комбинаты сияқты өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарында, агроөнеркәсіптік секторда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде табысты еңбек етіп жүр.

Студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларға қатысқан 20 үздік студент 2022-2023 оқу жылының бірінші жартысына Президент стипендиясына ұсынылады.

Қаржыландыру 14 есеге артты

Университетке ректор болып алғаш келген кезде Мұхтар Әділбекұлы алдына мынадай мақсаттар қойған – талапкерлер санын арттыру, жаңа мамандықтар ашу және жас ғалымдар санын көбейту. Жүйелі жүмыстардың нәтижесінде жас ғалымдар саны тұрақты артып келеді. Қазір жоғары оқу орны ғылыми инфрақұрылымының 90%-ын жас ғалымдар құрайды. Соңғы үш жылда ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 14 есеге артып, 1 миллиард 620 миллион теңгені құрады.

Университет жанындағы Ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі Кыдырмолла Ақатан зерттеу тобымен бірге жатыр мойыны обырын кешенді диагностикалауға қажетті арнайы ерітінді жасады. Енді олар еліміздің онкологиялық орталықтарына импорттық өнімнің отандық аналогын бірнеше есе арзан ұсынуға дайын.

Ал «HealingJelly» стартап жобасы бойынша биология кафедрасының жас ғалымдары бал желесінің технологиясы мен өндірісі бойынша сертификат алды. Қазір олар өндіріске толық дайын. Айжан Төлеуханқызы жүзеге асырған «UAU» жобасы – заманауи үлгідегі эко-ұлттық бұйымдарымен ерекшеленеді. Жобаның мақсаты – ұлттық бұйымдарды тігу және сату, құрақ тігу өнерін оқыту.

Университет өңірдегі көптеген ауылшаруашылық ұйымдарымен жұмыс жүргізеді. Биологтар инновациялық технологияларды әзірлеп, өндіріске енгізеді. Зертхана коллекциясында картоптың 90-нан астам сұрпы бар, олар пайдалануға ұсынылған сұрыптардың мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Восточный-1 сорты гектарына 40 келі өнім береді, ал тәжірибелі алқапта өсірілген картоп жатақханада тұратын студенттерге тегін таратылады.

Нан өнімдері де солай. Мұхтар Әділбекұлы азық-түлік өнеркәсібі технологияларын өңдеу мамандығы үшін жабдықтар сатып алған. Ал пісірілген өнімдер студенттерді әлеуметтік қолдау үшін жатақханаға тегін жеткізіледі.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша студенттерге көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несие түрінде қолдау көрсетіледі.

Білім алушылар жаңартылған әрі жылы Студенттер үйлерінде тұрады. Жиырма жыл ішінде алғаш рет оқу корпустары мен Студенттер үйлеріне ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Жатақханалардағы шойын радиаторлар жаңасына ауыстырылып, жылу жүйесі жөнделді. Студенттер үйінде фитнес орталық ашылып, шатыры қалыпқа келтірілді. Екі қабатты кереуеттер және төсек-орын жабдықтары сатып алынды. Айта кету керек, барлық жатақханалардағы терезелер 1974 жылдан бері ауыстырылмаған. Бүгінде олар тот басып, жарамсыз жағдайға жеткен. Енді, міне, 48 жылдан кейін жаңартылып жатыр.

Университет студенттері өңірдегі мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсене қатысады. Спорт, өнер байқауларында топ жарған дарынды студенттерін университет ақшалай сыйлықтармен марапаттайды.

Университеттің 70 жылдық мерейтойына орай «Аманжолов университеті: менің сүйікті білім ордам» атты республикалық студенттік театрлар фестивалі ұйымдастырылып, еліміздің өзге қалаларынан келген алты үздік театр ұжымы өнер көрсетті.

Міне, ұжымның 70 жылдағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Сәрсен Аманжолов атындағы университет Британдық TopUniversities сайтының рейтингісі бойынша әлемнің ТОП-300 университеті қатарына  енген жоғары деңгейдегі ғылыми-білім беру орталығына айналды. Жас болса да, өзі басқарған төрт жылдың ішінде Шығыс өңірінің білімі мен ғылымын жаңа биік деңгейге көтерген ректор Мұхтар Әділбекұлы мен университет ұжымын мерейтойымен құттықтай келе, толағай табыс тілейміз!

Осы айдарда

Back to top button