АрхеологияТОП

Жеті жылдағы жемісті еңбек

Алтай мен Тарбағатайдың топырағын түртсең, байырғы баба тарихтың тамыры бүлк ете түсетіндей. Сол бір көне тарихтың күре тамырын әсіресе археологтар дөп басуда. Оның бір дәлелі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен қолға алынып, тізгінін Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев қатарлы ғалымдар ұстаған археологиялық жоба жеті жылда бірқатар жетістікке жетті.

Байырғы баба тарихты баяндау бар да, оны дәйекті түрде дәлелдеу бар. Археологиялық қазба жұмыстарының түпкі мақсаты – сол бір тарихқа таған боларлық жәдігерлерді тауып, жаһан жұртына паш етіп, ұлт тарихының ұпайын түгендеу. Облысымызда осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты кезекті халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында баяндалды. Ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімі Даниал Ахметов ашып, археологтардың жемісті жұмыстарына ризашылық білдірді.

– Біз осы жобаны қолға алудың  нәтижесінде бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Берел, Шілікті, Ақбауыр қатарлы орындарда қазба жұмыстарын жүргізу барысында 26 мыңнан астам құнды жәдігер табылды. Бұл жәдігерлер қазақ тарихын тереңдете түсумен қатар, еліміздің музей қорын толықтырып, байытты. Сол бір қазба жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы Британияның Кембридж университетінде «Ұлы дала алтыны» атты көрме өткіздік. Еліміздің тарихын айғақтайтын «Ұлы дала алтыны» атты көрмені 25 мыңнан астам адам тамашалады. Ол 2021 жылғы әлемдегі бес үздік көрменің қатарына енді. Сонымен қатар Каир, Мәскеу, Иран кітапханаларымен байланыс орнаттық. Алдағы уақытта да жас ғалымдар аталған кітапханалармен жұмыс істеп, тарихымызды түгендейтін болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Түркінің түп тарихын Алтайдан іздеуді мақсат еткен  ғалымдардың басы қосылған конференция барысында түйінді ойлар ортаға салынып, ғылыми тұжырымдар баяндалды. Құнды мұраға үкімет тарапынан қашанда қолдау болатыны, болғаны да айтылды.

– Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін қолдауға қашанда дайын. Бұл берік ұстаным қазір жаңа сипатқа ие. Бүкіл Еуразия кеңістігінде түркі халықтарының, әсіресе қазақ тарихы үшін Алтайдың маңызы зор. Сақ өркениеті мен алғашқы далалық империя құрған ғұндардан басталатын түркі дүниесі үшін Алтай алтын бесікке айналып отыр. Оған осы өлкеден археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер мен оларға жасалған ғылыми зерттеулер дәлел. Оған біз бүгін көрмені көру барысында тағы бір мәрте куә болдық. Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген бірегей археологиялық қазба жұмысы барысында табылған баға жетпес мол мұра, ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті, дүниетанымы, наным-сенімі туралы білімімізді тереңдетуге мүмкіндік беріп отыр, – деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Иә, Алтайдан табылған алтын жәдігерлер алты құрлық халқын таңғалдырып, ғылыми ортада сенсация болды. Тарихымыздың тереңде екенін айғақтады.  Байырғы бабалар өркениетін өзгеге паш етті. Ғылыми жобаның тізгінін ұстаған ғалым, археолог Зейнолла Самашев конференция барысында қазба жұмысының нәтижесін баяндап, ерекшеліктеріне тоқталды.

– Негізгі мақсатымыз – жыл бойы жүргізілген археологиялық жұмыстың нәтижесін халыққа көрсету. Бабалардан жеткен көне өркениеттің жұрнағы іспетті жәдігерлерді көпшілік те көрсін деген мақсатта көрме ұйымдастырып отырмыз. Бабалар жетістігін жаһан жұртына таныстыру үшін шетелдік ғалымдарды да бүгінгі конференцияға шақырып отырмыз. Қазба жұмысының нәтижесін халықаралық деңгейде дәріптеу жұмыстары да жүргізілді, жүргізіле бермек. Әсіресе осыны өзіміздің жастар көріп, түркінің ұрпағы екенін түйсінсе екен. Алдағы уақытта өзіміздің студенттерді шетелдік зертханаларда жұмыс істеуге үйретіп, халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлап шығуды қолға алдық. Осы бағдарлама аясында қазба жұмысы жалғасып, ғылыми оқулықтар, кітаптар шығатын болады, – деді археолог-ғалым Зейнолла Самашев.

Ал жеті жылғы жұмыстың нәтижесін таныстырған Әбдеш Төлеубаев әрбір жәдігерге жеке-жеке тоқталып, құнды мұралардың маңызы мен мәнін жұртқа жете түсіндірді. Тіпті атқа мінген бектер мен таққа мінген хандардың мүсіндерін музей төріне ғана емес, көшеге орнатып, көпшілікке тарихымызды насихаттауға болатынын облыс әкімі Даниал Ахметовке ұсыныс етті.  Ұтымды ұсыныстың мәнін түсінген облыс әкімі бас изеп, ықылас танытып, археолог-ғалымға заман талабына сай жаңа бағытта жұмыс істеу керек екенін ескертті. Ел мен жердің болашағы, тарих пен мәдениеттің жоқшысы бола білетін халықаралық деңгейдегі жас мамандарды даярлау керектігін айтты. Өз кезегінде Әбдеш Төлеубаев жеті жыл бойғы жұмыстың жаңалығы мен жетістігі үш кітап болып хатталғанын айтты. Алды жарық көріп дайын тұрса, қалған томдары алдағы уақытта оқырман қолынан табылмақ. Түркі тарихын түгендеуге бағытталған конференциядан Түркия ғалымдары да қалыс қалмапты.

– Қазіргі қазақ даласы, моңғол жері, Алтай мен Тарбағатай тауларын ежелгі түркі тайпалары мекендегені туралы деректер қытай жазбаларында көптеп кезедеседі. Мен ол туралы көптеген еңбек жазып, қорытынды жасадым. Мен осыдан үш жыл бұрын Зейнола Самашевпен бірге тарихи орындарды араладым. Сол сапарда мен қазақ тарихын ғана емес, күллі түркі тарихын қайта жазу керек екен деген ой түйдім. Өйткені тарихты тереңдете түсер тарихи жәдігерлер көптеп табылуда. Біз «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген сөздің бекер айтылмағанына көз жеткіздік. Дәлел мен дәйек те көп. Біз сіздермен осы бағытта бірігіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз, – деді конференция қонағы, түрік ғалымы Ташагыл Ахмет.

Алдымен алтынмен апталған көрмені аралап шыққан жұрт екі сағат бойы баяндама тыңдап, тарихи білімін жетілдіріп қайтты. Баяндамашы ғалымдар дәлелді һәм дәйекті ойларын ортаға салып, жиналған жұрттың көне түркілік түйсігіне рухани нәр септі. Осылайша, Алтай жұрты түркінің түп қазығын мекен етіп отырғандарына масаттанып тарқады.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button