Қоғам

Әжетхана мәселесі әркімді толғандыруы тиіс

    Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары аудан әкімі Н.Сақтағановтың биылғы халық алдындағы есеп беру кездесуінде қоғамдық әжетхана мәселесін көтерді. Шынында да, білдей бір Ұлан ауданының орталығында қоғамдық әжетхана жоқ дегенге кім сенеді. Талапқа сай қоғамдық әжетхананың жоқтығы да – әлеуметтік мәселе. Бірақ бұған біздің әкімдер көп бас қатырғысы келмейтін сыңайлы.

Шынында да, біздің өңірде жаңадан ашылып жатқан нысандар жетерлік. Қай жерде әлеуметтік, мәдени нысандар ашылса, аудан, ауыл әкімдері сонда жүреді. Бірақ қанша жыл журналист болып жүрсем де, жаңадан салынған әжетхананың салтанатты түрде ашылғанын, оның лентасын қиған әкім атаулыны көрмеппін. Сонда қалай, әкімдер әжетхананың тұсауын кескенге намыстана ма, әлде мұның басқа себебі бар ма? Қалай десек те, қоғамдық әжетхана мәселесінің көзден таса, көңілден ұмыт қалып жатқаны шындық. Тіпті жаңағы Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кенті тұрғындарының аудан әкімінің есеп беру кездесуінде қоғамдық әжетхана мәселесін көтеруі де көп нәрсені аңғартса керек.

Аудан орталығы болған соң, кентке анау-мынау жұмыстарын бітіру үшін ауылдан келетін ағайынның да қарасы көп. Шыны керек, сол ағайынның көпшілігі әжетін өтеуге еріксіз автобекеттің дәретханасына барады. Бірақ, кешіріңіз, оған кірудің өзі мүмкін емес. Жағымсыз иісті былай қойғанда,  өмірі аузы-мұрнынан шығып, шашылып жатады. Осыдан кейін жолаушыларына жағдай жасай алмаған автобекет иелеріне қалай ренжімейсіз. Жолаушылардың ешқайсысы халықаралық деңгейдегі әжетхананы талап етіп отырған жоқ, тек таза болса екен дейді. Бірақ сол тазалықты неге сақтай алмаймыз? Тіпті ақылы болсын, ешкім де 30, 50 теңгесін аяп отырған жоқ.  Осыдан келіп, «бізде  әжетхана мәдениеті бар ма?» деген сауал еріксіз туындайды. Бар болса, қандай деңгейде?

Байқасаңыз, әлемнің дамыған елдері әжетхана мәселесіне ерекше мән беретін көрінеді. Әжетхана мәселесі АҚШ секілді алпауыт елде түбегейлі шешімін тапқан. Кейбір деректерге қарағанда, көрші Қытай да бұл мәселеге ерекше мән беретін көрінеді. Бұл мемлекет 2015 жылы 68 мың әжетхананы құрастыру мен жаңғыртуға 3 млрд. доллар жұмсапты. Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің өзі әжетхананың өркениетті қалалар мен ауылдардың басты көрсеткіші  екенін атап айтыпты. Ал, білетіндердің айтуынша, Жапония секілді кейбір өркениетті елдердің әжетханасы  демалыс орнымен пара-пар екен. Әрине, Жапонияға жету үшін бізге әлі бір жетпіс жыл керек шығар. Бірақ, Абай атам айтқандай, неге «болмасақ та, ұқсап бақпасқа?».

Бұл мәселе еліміздегі туризм саласы үшін де өте маңызды. Туристік аймақтарға алып баратын жол бойындағы әжетханалардың да оңып тұрғаны шамалы. Басқаны айтпай-ақ қойғанда, шипалы суымен аты аңызға айналған Алакөлдің өзінде демалушыларға арналған қоғамдық әжетханалар жетіспейді. Ал талғамы жоғары шетелдік туристерді тарту үшін бұл мәселеге ерекше мән беру қажет. Өткен жылы Қазақстанда халықаралық стандартқа сай әжетханалардың мүлдем жоқ екенін  Мәдениет министрлігінің өкілдері де растаған болатын. Осы орайда министрлік өкілдері Үкімет әжетхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдік жасауы, салықтан босатылып, мемлекеттік субсидияға ие болуы керек деп санайды.

Өткен жылы еліміздегі ауыл мектептерінің әжетхана мәселесіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры да (ЮНЕСЕФ) ерекше назар аударып, дабыл қаққаны есімізде. Ауыл мектептерінің 85,5 пайызы немесе 5 395 мектептің оқушылары даладағы суық әжетханаға барады екен. Жалпы, Қазақстан бойынша оқу орындарының 76 пайызында дұрыс әжетхана жоқ. Балалар қорының өкілдері даладағы әжетхана балалалар ауруының негізгі көзі екенін де ерекше атап айтты.  Ал біздің облыста 295 мектеп жылы әжетханаға зәру. Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім, Аягөз, Зайсан, Бородулиха, Көкпекті, Үржар, Жарма, Ұлан, Абай, Алтай аудандары оқушыларының барлығы дерлік даладағы әжетхананы пайдаланады. Бұл мәселені шешу, әрине, уақыттың еншісінде. Десе де о баста-ақ  бұл мәселе жобада ескерілмеген көрінеді.  Бұл туралы  білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов те жауап беріп, «қазір еліміз бойынша 2500 далада орналасқан әжетхананы бір күннің немесе бір айдың ішінде жабамыз десек қателесеміз» деп, әжетханаларды ішке көшіруде кездесетін проблемаларға тоқталған болатын.

– Әжетхананы жабуда қалалық жерлерде проблема болмауы мүмкін, себебі ол үшін арнайы кәріздер мен құдықтар қарастырылған. Ал ауылдық жерлерде іштегі әжетханаға су жеткізу мен тазарту қиындау. Сондықтан да біз бұл мәселені жоспарлы түрде кезең-кезеңмен шешуді қарастырамыз. Әжетхана тұрғызу қиын емес, бұл жұмыстың маңыздылығы туралы айтып отырмыз, – дейді ол.

Жалпы, әжетхана дегеніңіз әлемдік деңгейдегі мәселе көрінеді. Тіпті жыл сайын қарашаның 19-ы күні Бүкіләлемдік дәретхана күні де аталып өтетінін біреу білсе, біреу  біле бермейді. Күнтізбе кестесінде бұл күн 2001 жылы Сингапурде өткен халықаралық әжетхана саммитінде пайда болыпты. Тіпті әлемдік әжетхана ұйымы деген де ұйым бар. Қалай десек те, әжетхана мәселесіне көңіл аударатын кез келгенін мойындауымыз керек.

Содан кейін әжетхана тазалығы әр адамға тікелей қатысты екенін де айтуымыз керек. Әжетханаға кірудің әдебін әрқашан есте ұстаған абзал. Осы орайда ғаламторды кезіп жүрген бір өнегелі әңгіме есімізге оралып отыр.

…Сонау 1940-шы жылдары бір геологиялық базаның әжетханасы сондай лас болса керек. Бірақ оған ешкім назар аудармайды. Бәрінің еті өліп кеткен. Бірде осы геологиялық базаға экспедицияның құрамында бір маңызды адам келуі керек болады. Өзі атадан балаға жалғасқан ақсүйектер әулетінен көрінеді. Сонда базадағылар ол кісінің сыртынан мысқылдап:

– Біз болсақ жағдайдың жоқтығына, дәретхананың ластығына шыдармыз. Ал ол не істер екен? Оның ақсүйектігі мен әулиелігіне сын ғой бұл, –  дейді күліп.

Білесіз бе, жаңағы ақсүйек адам шелекті суға толтырып, қолына швабра мен шүберек алып, былыққан әжетхананың ішін жалтыратып жуып шығады. Бұл, шынында да, нағыз ақсүйек адамның әрекеті болатын. Шаңды сүрткен, тазалаған ұят емес, сол шаңның, кірдің ортасында өмір сүрген ұят екенін ол тағы бір рет дәлелдейді.

Осынау ғибраты мол әңгімені әрқайсымыз есімізге түйіп алсақ, қане! Ең бастысы, тазалықтың әжетханадан басталатынын есте ұстағанымыз жөн.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button