Жетіаралда жаңа мектеп салынып жатыр
Жетіарал ауылы – әлеуеттік жағынан дамып, күн санап көркейіп келе жатқан елді мекендердің бірі. Қазіргі күні мұнда тағы бір нысан – жаңа мектеп бой көтеріп келеді.
Салынып жатқан сол мектептің жай-күйін білейік деп құрылыс жүріп жатқан нысанға бет алғанбыз. Осы жерде құрылыс учаскесінің бастығы Мүліков Сержанды жолықтырдық.
– Мектеп бес блоктан: екі үлкен оқу корпусы, асхана, спорт зал мен үлкен коридордан тұрады. Құрылыста техникалар жетерлік. Жетіарал ауылы тұрғындарынан 100-ден аса адам жұмыспен қамтылды, – деді уческі бастығы.
Техникалардың көпшілігі ауылдың шетіндегі көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға қиындық туғызатын Жетіарал-Қамысты арасындағы көпірді жөндеу жұмысымен айналысып жатыр екен. Кайрат Кожахметовтің осы ауылға жасап жатқан қамқорлығы бұл. Өткен жылы Бозша елді мекенінде орта мектеп құрылысын салып болғаннан кейін ауыл тұрғындарының өтінішін аяқсыз тастамай, Қайрат сол ауылдың Қандысу өзеніне сонау кеңес одағы заманынан бері салынбай жыр боп келе жатқан көпір мәселесін шешіп берді. 2015 жылдың қазан айында алғаш мектеп құрылысы басталар кезде Жетіарал ауылының кіреберіс шетіндегі су тасқыны шайып кеткен ескі көпірді жөндеп берген болатын. Биыл Қайрат демеушілік жасап, Жетіарал-Қамысты арасын байланыстыратын көпірді салып беруді өз қолына алыпты.
Құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Қожахметовпен жолықтық. Қайрат Қожахметов пен ауыл әкімі Серік Қажиекберов салынып жатқан көпірге барғалы отыр екен.
– Жоспар бойынша мектеп құрылысы желтоқсанда берілмек, бірақ аудан әкімі мүмкіндікке қарай мектеп құрылысын бірінші қыркүйекке дейін аяқтау туралы өтініш білдірді. Соған орай, жұмыс жоспарын қайта жасап, екі кезекте жұмыс істеуге тура келді. Осы жасалған жоспар бойынша тамыз айының 20-25 мөлшерінде аяқтамақпыз – деді Қ.Қожахметов.
– Біздің Қайрат жасаған істерін айтып мақтанғанды ұнатпайды, – дейді ауыл әкімі С.Қажиекберов. Соңғы 30 жылда тазаланбаған «Бегетай», «Қараша», «Қазақбай» және «Болат» тоғамдарын толық тазалап берді. Егістік пен жоңышқаға, ауыл ішіндегі бау-бақшаға судың емін-еркін келіп жатқанына ауыл халқы дән риза. Кеше ғана Жалғызтал ауылындағы кіреберіс қақпаның ашылу салтанатына барғанымызда, ауыл ақсақалдары Жалғызтал ауылының орталығындағы көпірді жөндеп беруін сұраған еді, келісе кетті.
Мектептегі, көпір басындағы қызу жүріп жатқан жұмысқа, Қайраттың ағаның сөзіне қарап, ісі мен сөзі бірдей азамат екендігін байқадық.
Әсем Искакова
Тарбағатай ауданы.