Жетіаралда роботтехникасы кабинеті ашылды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста қолға алынған «Менің мектебім» акциясы аясында Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылындағы орта мектепте роботтехникасы кабинеті ашылды. Заманауи үлгідегі кабинетті ашуға ұйытқы болған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға 1 миллион теңге көлемінде қаражаттарын аударған – осы мектепті 1978 жылы бітірген түлектер.
Осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын білім ордасынан қанат қаққан түлектерді кіндік кескен мекенге бүгінде Алматыда тұратын Қанатбек Қажыбеков пен Талдықорғанда еңбек етіп жүрген Болат Абаған сынды азаматтар бастап келіпті.
-Қайда жүрсек те, қай жерде қызмет атқарсақ та, туған жерімізді, өскен елімізді, ауылымызды, білім нәрін сепкен мектебімізді ешуақытта естен шығарған емеспіз. Кез келген адамның жүрегінің түкпірінде сақталатын, бойына қуат беріп, көңіліне шуақ шашып тұратын сезімдер болады. Соның ең ізгісі – туған жерге деген сезім болса керек. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, жаңа технология ғасыры, бәсекелестік ғасыры. Сол бәсекелестіктен шалғайдағы ауыл балалары да қалмаса, замана көшіне ілессе деген тілекпен осындай игі істі қолға алған жайымыз бар, – деді роботтехникасы кабинетінің ашылу рәсімінде сөз алған осы мектептің түлегі, бүгінде Жетісу топырағында қызмет атқарып жүрген белгілі журналист Болат Абаған.
Жетіарал мектебінің 1978 жылғы түлектерінің бірі, кәсіпкер Қанатбек Қажыбеков өздері әкелген роботтар бастауыш және жоғары сыныптарға арналғанын, оның кейбір жабдықтарын Санкт-Петербургтен арнайы алдырғандарын айтады.
-Ауылдағы соңымыздан ерген бауырларымыз бен қарындастарымыздан аяйтын неміз бар деп ең сапалы роботтарды таңдап, арнайы бағдарламасы мен нұсқаулығын қоса ала келдік. Нұсқаулықтың ішінде барлығы мұқият жазылған. Онда 17 жоба бар. Балалар соны құрастыруы тиіс. Осыны меңгерсе, елімізде өтетін жарыстарға қатыса алады, – дейді ол.
Жетіаралда былтыр ғана ашылған 300 орындық жаңа мектептің физика пәнінің мұғалімі Серік Ауғанбаев жақында Өскеменге 15 күндік оқуға барып, роботтармен жұмыс істеудің қыр-сырына қанығып келіпті. Білген-түйгенін оқушыларға үйретуге әзір екендігін жеткізді. Салтанатты шараға қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дауытбаева роботтехникасы кабинеті Тарбағатайда ең алғаш болып Жетіаралда ашылғанын ерекше атап өтіп, жақында арнайы штат бөлінетіндігін тілге тиек етті.
Қазір өңірімізде облыс әкімінің бастамасымен «Менің мектебім» атты ауқымды акция жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Шара аясында аймақтағы білім ошақтарын Назарбаев интеллектуалды мектебі үлгісіндегі физика, химия, биология және роботтехникасы кабинеттерімен жабдықтау жоспарланған. Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев өңірдің сыртта және облыс аумағында жүрген азаматтары аталған акцияға белсене қатысып, өздері оқыған мектептеріне 75 миллион 270 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін айтады. Бұл қаражатқа аудандағы 17 мектептің сыныптары жабдықталмақ.
«Игі мақсатты көздеген акцияға еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін атсалысып, өз үлестерін қосып жатыр деуге болады. Ауданымыздың ең ірі елді мекендері – Ақжар мен Ақсуат ауылдарында түлектер форумын өткіздік. Форумға әрісі Алматы мен Астанада, берісі Өскемен мен Семейде еңбек етіп жүрген Тарбағатайдың тумалары келіп, қатысты. Олардың еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктеріне тәнтіміз. Тіпті 70-ке келген ақсақалдар да «Мен осы мектепті бітіріп едім» деп, қолда барын әкеліп, қолдауын білдіріп жатыр», – дейді аудан әкімі.
А.Әбіл
Тарбағатай ауданы.