Қоғам

Жетіаралға шағын несие қашан жетеді?

Жетіаралға  шағын  несие  қашан жетеді?


Өткен жылы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқыған 11 адамның 9 -ы сертификат алса, соның біреуінің ғана шағын несиеге қолы жеткен. Бір жыл бойы аудан мен ауылдың, одан қалса облыстың екі ортасына сабылумен болған ауыл тұрғындары несиеден биыл да күдерін үзіп отыр. Елбасының тапсырмасымен биылдан бастап өзін -өзі еңбекпен қамтыған ауыл тұрғындарына, жұмыссыздарға берілетін шағын несие көлемі 20 млрд. теңгеге көбейтілгенімен шалғай ауылдың халқы тағы да несиесіз қалуы ғажап емес. Себебі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы шағын несиені алдымен ағымдағы жылы оқып, сертификат алғандарға ғана беріп жатқан жайы бар.
Маржан Найманова, Жетіарал ауылының тұрғыны:

-Отбасымызбен былтырдан бері несие ала алмай жүгіріп жүрміз. Ірі қара сатып алуға 3-5 млн. теңге көлемінде несие алсақ деп жоспарлағанбыз. Жолдасым Болатбек Беріскенов жұмыссыз, былтыр «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша Ақсуатқа барып, келіп оқып, сертификат алып, несие алуға өтінім тапсырды. Өткен жылы несие алу үшін 28 құжат жинап, 50 мың теңге шығын кетірдік. Жеке тұрғын үйімізді бағалауға 15 мың теңге төледік. Бизнес жоба сатып алдық. Оның үстіне аудан орталығына барып келудің бір жолғы шығыны бір адамға екі мыңнан. Жылжымайтын мүлікті бағалаушылар біздің Жетіаралдың үйлерінің бағасының құнын 2 млн. теңгеден асырмады. Ал несиені осы үй құнының жартысына ғана береді. Осы ауылдағы 98 шаршы метрлік қызыл кірпіштен салынған еурожөндеуі бар үйіміз бар жоғы 2 млн. теңгеге бағаланды. Сұраған кепілдікті де тауып бергенімізбен бәрібір несие берілмеді.
Биыл несие көбейгенін білген соң тағы да аудандық кәсіпкерлік бөліміне бардым, бірақ биыл бағдарламаның несие беру шартына өзгеріс енгізіліп, құрылғанына үш жылдан астам уақыт өткен шаруа қожалығына ( бірнеше жыл бұрын жер алу үшін шаруа қожалығын құрған) несие берілмейді деген жауап естідім, күйеуім қайтадан жеке кәсіпкерлік иесі болып тіркелсе де шағын несие берілмейтінін айтты. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшылығының бұл жауабына қайран қалдым, сонда Президенттің тапсырмасымен жұмыссыз отырған ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуы үшін көбейтіліп отырған шағын несиесіне биыл да қолымыз жетпей ме?

Тарбағатай ауданына іссапармен барғанымызда Жетіарал ауылдық округінің маманы Ербол Смағзамов та Елбасының бастамасымен көбейтіліп отырған шағын несие шалғайдағы жетіаралдықтарға биыл да бұйырмай қала ма деп, алаңдап отырғандықтарын жеткізді.

Ауыл ақсақалы Құдайберген Ықыжановтың баласы «Бастау Бизнеспен» оқып, сертификат алғанымен, ол да несие ала алмаған.

Ержан Мусин, Тарбағатай аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

Жетіаралға  шағын  несие  қашан жетеді?

-Өткен жылы облыстағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы ауыл тұрғындарына шағын несие беру жұмыстарын кешіктіріп бастады. Несие беруге 23 тамыз күні ғана кірісті. «Бастау Бизнесті» оқып, сертификат алғандар жаз айларының бәрін несие күтумен өткізді. Бір айдан кейін қыркүйек айының 23-де бізге қордың ақшасы біткенін хабарлады. Биыл жағдай тағы да күрделеніп тұр. Биыл оқып шыққан 70 адамның 64 -нің құжаты, кепілдемесі дайын тұрғанымен соның 14 -і ғана бекітіліп, өткізіліп отыр. Өткен жолы қор филиалына барып сол 14 құжатты өткіздім. Оның 9- на ғана келісім берілді. Қалғандары әлі қаралмақ. Мұндай қарқынмен біздің ауданның тұрғындарының биыл да қаржысыз қалатын түрі бар. Қор филиалында мамандар да жетіспейді. Үш -төрт ауданға бір маман жұмыс істеп отыр,үлгермейді. Жылдам жұмыс істеу керек. Кеше арнайы Ақжарда болдым, былтыр оқып, сертификат алғандар шулап отыр. Қор филиалы алдымен биылғы оқыған тұрғындардың құжатын ғана қабылдап жатыр, былтырғы оқығандардікі әлі белгісіз болып тұр. Біздің ауданға шағын несиемен қамтуға 1 млрд. теңгенің үстінде ақша бөлінген. Жұмыс жылдам жүргізілмесе, күзге дейін созылса мұндай қомақты қаржыны игеру мүмкін емес. Ауыл тұрғындары несиеге негізінен мал сатып алып жатыр, мал сатып алған соң оның қысқы азығын дайындау керек.
Кәсіпкер еңбек ете алуы үшін шағын несие бір ай емес бүкіл жыл көлемінде, тым болмаса наурыз айынан бастап берілсе, дейді бір кездері өзі де кәсіпкерлікпен шұғылданып, жеке кәсіппен айналысудың қиындығын жақсы білетін аудандық палата филиалының басшысы Ержан Мусин. Несиенің жазда, қысқа уақыт ішінде ғана беріліп, тоқтап қалуы ауыл тұрғындарын әрі -сәрі күйге түсіріп келеді.

Филиал басшысы ауыл тұрғындары үшін кепілдемеге мүлік қою да үлкен мәселе тудырып отырғандығын айтты. Өз бағасынан әлдеқайда төмен есептелген шалғайдағы тұрғын үйлер кепілдікке салуға жарамай жатыр. Ал мемлекеттік кепілдік беру тетігі тек ақпарат күйінде ғана қалып келеді, жұмыс істеп жатқан жоқ.

Мемлекет басшысы ипотекалық несие беру арқылы баспанамен қамту, жұмыссыздарға, өзін – өзі еңбекпен қамтыған тұрғындарға шағын несие берудің көлемін ұлғайту арқылы жұмыссыздықты жою, табиғи азық -түлік қорын молайту мәселелерін шешуге тапсырма берді. Миллиардтарды үлестіріп беруі тиіс мемлекеттік қаржы институты мен аудандағы жергілікті биліктің жұмысы жүйеленіп, ширамаса тұрғындар шағын несиенің тиімділігін, бағдарламаның игілігін қалай көрмек?

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button