Жеті жоба желкен керді

Өңірдегі ірі кәсіпорындардың базасында жаңа өнімдер алуға бағытталған жеті жобаның тағдыры тағы да талқыға түсті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары облыс әкімі Даниал Ахметовке әр жоба бойынша қандай шаруалар тындырылғанын баяндады.
Осы мәселеге байланысты өткен соңғы жиында ғалымдар тарапына көптеген сын айтылғанын бұған дейін де жазғанбыз. Бір қуанарлығы, ғалымдар сол сыннан қорытынды шығарыпты. Өздері ұсынатын өнімге деген сұранысты зерделеп, әлемдік нарықтағы болашақ бәсекелестерінің аяқ алысын саралапты. Әр жобаға жауапты ғылыми топ құрылып, алғашқы сынамаларын алу бойынша келісімдерге қол қойылғаны да айтылды. Тіпті, кейбір жоба бойынша күнтізбелік жоспар да бекітілген.
Аймақ басшысы әсіресе, титан мен танталдан медициналық бұйымдар жасауды көздейтін жобаларға айрықша назар аударды.
Ғалымдардың айтуынша, жыл сайын елімізге 27 млн. доллардың импланты әкелінеді екен. Оның 80 пайызы титаннан жасалған. Осы сұранысты Өскеменнің титанымен-ақ толтыруға мүмкіндік бар. Өйткені, біздің Оңтүстік Кореяға саудалап отырған құймаларымыз медициналық стандартқа сай, өте сапалы шикізат саналады. Ал экономикалық одақтасымыз – Ресейдің имплант нарығындағы үлесі үш пайыз ғана. Яғни, одақ аясында көрші елге де титан өнімдерін өткізуге мүмкіндік мол.
-Біз қазір медициналық сапаға ие шикізаттың әр тоннасын шамамен 6000 долларға сатып отырмыз. Ал оны дайын имплант ретінде өңдейтін болсақ, жылына жарты тонна ғана шикізат кетеді. Салыстырып қарасақ, біздің титан тиын-тебенге ғана сатылып жатыр деген сөз. Оның үстіне имплант алу үшін сыртқа кетіп жатқан 27 млн. долларды үнемдер едік. Ғалымдар әлемдік нарықта бірнеше компания монополия жүргізіп отырғанын орынды көтерді. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында да жақсы табыс таба аламыз. Өйткені, ол нарыққа Procter & Gamble сияқты компаниялардың монополиясы жүрмейді, – деді облыс басшысы.
«Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сынды белді кәсіпорындардың базасында іске асатын жобаларды ғылыми сүйемелдеу идеясы біртіндеп өз жемісін бере бастағаны да айтылды. ШҚМТУ ғалымдары титанның адаммен биологиялық сәйкестігін арттыру арқылы онкологиялық мақсатқа пайдалану мүмкіндіктерін зерттей бастапты.
-Биыл ғылымға бөлінетін қаржының басым бөлігі біздің өңірге бағытталмақ. Жобаларыңызды әбден пысықтап болысымен қаржыландыру кестесін жасаймыз. Болашақта ғылым мен өндіріске қаржы бөлу саясаты осы жеті жобаның қалай жүзеге асатынына тікелей байланысты болмақ. Сол үшін де тынбай еңбек етіп, берілген мүмкіндікті барынша пайдалану қажет, – деді жиынды түйіндеген аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы