Жеті жетім бала партиялықтардың патронатына алынды
Өскеменде «Бақытты балалық» партиялық жобасы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан жол бөлімшесі филиалының директоры Ерік Жәділовтің жетекшілігімен теміржол кәсіпорындарының бастауыш партия ұйымы балалар үйінің жеті тәрбиеленушісі үшін патронатты мекемеге айналды. Жобаның мақсаты – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету, олардың тұрмыс сапасын жақсарту.
– Мереке күндері партиялықтар балалар үйі тәрбиеленушілеріне барады, мейрамдарымен құттықтап, олардың қызығушылықтары туралы әңгіме-сұхбат құрады, – деп атап көрсетті Ерік Жәділов.
Айталық, Татьяна Фазылова «Шығыс Қазақстан жол бөлімшесі» кәсіпорнының, Владимир Вторушин «Локоматив» АҚ және «Қамқор-Вагон» АҚ Защита филиалдарының, Мовлади Голяков Защита дабыл және байланыс дистанциясы, Серебрянка жол дистанциясы кәсіпорындарының, Татьяна Маслова «Өскементранстелеком» және «Қазтеміртранс» АҚ кәсіпорындарының, Сергей Кривченко Защита жол дистанциясы кәсіпорнының, ағалы-қарындасты Ислам және Ислана Маутовалар «Әскериленген темір жол күзеті» АҚ филиалдарының қамқорлығына алынды.
Бастауыш партия ұйымы партия жобалары аясында ауқымды жұмыстар жүргізеді. Мәселен, «Біздің ауыл» партиялық жобасы бойынша бастауыш партия ұйымының қызметкерлері облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттарының қатысуымен балалар ауылында Алтай алмасының 20 көшетін екті. Тәрбиеленушілер аллеяны «Темір жол» деп атады.
– Біздің бастауыш партия ұйымы мемлекеттік және кәсіби мерекелерді ұйымдастыруға, тұрғын үйлер мен көшелерді абаттандыруға белсене атсалысады, – дейді бастауыш партия ұйымының төрағасы Ерік Жәділов.
Шығыс-Ақпарат