Қоғам

ЖЕТІ ЖАСЫНАН ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖЕЛАЯҚ ҚЫЗ

ЖЕТІ ЖАСЫНАН ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖЕЛАЯҚ ҚЫЗ

Ирина Смольникованың жасы – 33-те. Ол қаршадайынан жеңіл атлетикамен айналысып келеді. Оның жаттықтырушылары – туған ата-анасы Анатолий мен Татьяна Подкорытовтардың есімі риддерліктерге, қала берді еліміздің спортсүйер жұртшылығына танымал.

Иринаның жетістіктері аз емес, жоспарлары да жетерлік

Риддерге барған сапарымызда ширек ғасырын осы бір спорт түріне арнаған желаяқ қызбен жолығып, әңгімелесудің орайы келген. Негізі, спортшылар қауымының дені сұраған нәрсеңе қысқа ғана жауап беріп, көбінесе үндемейтін, сөзге сараңдау келетінін білеміз. Бірақ біздің кейіпкеріміз сараңсөзділер сапынан болмай шықты. «Дидар» газетінен келгенімізге ризашылығын білдіріп, спорттағы осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері мен болашақ жоспарларын да жасырмай жайып салды.

– Ата-анам мені мектеп табалдырығын аттасымен-ақ жеңіл атлетикаға берді. Өздері де күні-түні спортпен айналысып, түрлі жаттығулар мен жарыстардан қалмайтын. Мүмкін спортшылар жанұясында дүниеге келіп, ес білгеннен бері көргенім спорт болғандықтан ба, әйтеуір, ол кісілердің ұсынысы мен талаптарын қуана-қуана қабылдағаным әлі есімде, – деп сонау балалық шағын есіне алады бұл күндері 1,5 – 5 шақырымдық орташа қашықтықтардан бірыңғай марафон жүгірісіне ауысқан Ира. – Бұл өзі «Спорт» деп аталғанымен, сан-салаға тармақ-тармақ болып кететін өзіндік бір әлем ғой. Соның ішінде жеңіл атлетиканы «спорттың королі» деп бекерге атамаған секілді. Бір ғана жеңіл атлетиканың көптеген түрі бар. Оларды санамалап, атын атап, түсін түстеудің қажеті болмас. Менің қазіргі айналысып жүргенім – 42 шақырымдық марафондық жүгіру. Ол Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген.

Марафондық жүгірістен Олимпиада ойындарына қатысу лицензиясын алу үшін аталмыш қашықтықты 2 сағат 42 минутта жүгіріп өтуің керек. Менің биылғы қыркүйектің 15-інде Мәскеуде өткен марафоншылар жарысындағы соңғы көрсеткішім – 2 сағат 44 минут 54 секунд. Яғни, Олимпиада лицензиясына қойылып отырған талапты әзірге бағындыра қойған жоқпын. Қазақстанда спорттың бұл түрі аса жақсы дамымаған, сол себепті марафон жарыстары сирек өткізіледі.

Иринаның жүгіріп жүрген қашықтығындағы әлем рекорды 2 сағат 15 минуттың маңайында екен. Байқап отырғанымыздай, Олимпиада ойындарына қатысу құқығын беретін талаптан бақандай 30 минут жоғары көрсеткіш. Әзірге бұл рекорд неміс қызы Пола Редкливтің еншісіне жазылған. Ұзақ қашықтыққа арналған марафон еліміздің Батыс, Оңтүстік және Шығыс өңірлерінен бөлек, Алматы, Астана қалаларында мейлінше даму үстінде көрінеді.
Кейіпкеріміздің әңгімесінен ұққанымыз, егер спортшы жоғарыдағы лицензия талабын Олимпиада ойындары басталар мезгілден екі жыл бұрын орындап қойған болса, онда сол көрсеткішін тағы бір мәрте дәлелдеуі қажет. Бұл талап жеңіл атлетиканың өзге түрлеріне бір жарым жыл мерзімге межеленген.

Көп жерде қаражат мәселесі қолбайлау болып келеді

– Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатын айтпағанда, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу, оларға тыңғылықты дайындық жасау, бәрі-бәрі қаражатқа кеп тіреледі. Өкінішке қарай, дәл біздің қалада бұл мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппай отыр. Қаражат мәселесін айтпағанда, қыл аяғы біздің өңірге тән ұзақ қыстың өзі, менің үзіліссіз жаттығуыма көп кедергі келтіреді. Бұл жағынан қар аз түсетін, қысы тым ұзаққа созылмайтын оңтүстік өңірдегі спортшыларға жеңілірек. Өйткені, спорт залдағы жаттығу мен табиғат аясында, биік таулы жерлерде жаттыққанның айырмашылығы да, берер нәтижесі де жер мен көктей.

Менде 2014 жылы Польшада өтетін жарыста Олимпиада ойындарының лицензиясын алуға мүмкіндік бар. Ол жарысқа өте көп спортшы қатыспақ. Менің жеке жаттықтырушым, өз әкем Анатолий Георгиевич қазірден бастап сол жарысқа дайындап жатыр. Қарашаның ортасынан желтоқсанның алғашқы онкүндігіне дейін Қырғызстанның Ыстықкөл аумағына барып, жаттығу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойдық. Ол жердің табиғаты таулы болып келеді, сондықтан нәтижелі жаттығулар жасауға мүмкіндіктер мол. Егер бәрі біз ойлағандай болып жатса, қаңтар, ақпан айларында да екі апталық жаттығулар өткізуіміз қажет болады. Бір ғажабы, ол жерде қыс айларында қар болмайды. Күніне екі, кейде үш рет жаттығамын. Жақсы нәтиже көрсету үшін дұрыс тамақтанудың да маңызы зор.
Мұның бәрі айналып келгенде тағы да сол қаражатқа байланысты көрінеді. Ирина қазір Риддердегі Владимир Кнауп басқаратын, Олимпиада ізбасарларын даярлайтын мамандандырылған спорт мектеп-интернатында жұмыс істейді екен. Сондағы балаларды жаттығу жиындарына апару арқылы өзі де жаттығуға мүмкіндік алып, әзірге осылайша қаражатқа байланысты туындаған қиындықты жеңіп жатқан көрінеді.
Спорт мамандарының айтуынша, бір ғана жеңіл атлетиканың 50-ге жуық түрі бар көрінеді. Соның ішінде марафоннан бастап, әртүрлі қашықтықтарға жүгіруден әлемдік деңгейде кениялық желаяқтар алдарына жан салар емес. Нендей қасиеттері барын кім білсін, әйтеуір шеттерінен нағыз етектен шапса төсте, ертеден шапса кешке озатындар.
Сөз арасында сұхбаттасымнан «Осының қандай сыры бар деп ойлайсыз?» деген сарында сыр тартқан едім.
– Ең алдымен Кения, Ямайка және тағы да басқа Африка құрлығына қарайтын мемлекеттерде жеңіл атлетиканың ежелден қалыптасқан өзіндік мектебі бар. Ол мектептің өзгелерге көрсетіп, жариялай бермейтін құпиялары да болады. Ал жалпы алатын болсақ, менің ойымша, әлемдік, халықаралық деңгейлерде өткізілетін кез келген спорт түрінен жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз десек, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуі керек. Байқасаңыз, соңғы 10-15 жылда әсіресе, Қытай спорты әлемдегі үздік үш мемлекеттің қатарынан тұрақты түрде көрініп келеді. Яғни, Қытай үкіметі ел спортын өз қамқорлығына, қатаң бақылауына алды деген сөз. Енді біраз уақыт өткен соң африкалықтар секілді қытайлықтардың да өзіндік жеңіл атлетика мектебі қалыптаса бастайды. Болашақта «Бізде де сондай мектептер қалыптасса» деп армандайсың. Кім білер, мүмкін бүгінгі арманымыз ертеңдері шындыққа айналатын да күн болар, – дейді ол.

Кей спорт түрлерінің ескерусіз қалатыны бар

– Бұл жерде Қазақстан спортының әлемдік рейтингтегі көрсеткіші төмен деуге болмайды. Бізде спорттың әсіресе, ауыр атлетика, бокс, күрес, хоккей, қысқы спорт түрлері деген секілді санаулы түрлеріне баса көңіл бөлінеді де, жекелеген түрлері ескерусіз қалып қояды. Болашақта осы мәселені басшылар назарына алып, жіті қадағаласа, әуелі жергілікті жерлердегі спорттың өзге де түрлері дамып, нәтижесінде мемлекетіміздің соңғы жылдардағы әлемдік рейтингтегі көрсеткіштері көтеріле түсер еді, – дейді жеті жасынан желмен жарысқан желаяқ қыз.
Атам қазақ: «Зорлап қосқан тазы түлкі алмас» демей ме. Әрине, спортқа ешкім біреуді зорлап апарып қоса қоймас. Дегенмен, кейде осы біздің спортшылар «Әйтеуір додаға қосылып қалғасын, соңына дейін ілініп-салынсақ та, шыдап кетейікші, құрысын…» деп ұялғандарынан жүретіндей әсер қалдырады. Әйтпесе, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатса, жарыс атаулыға тыңғылықты әзірленуге мүмкіндік жасалса, неге шаршы алаңның шаңын қағып, барын салмасқа? Егер шынымен де мемлекет тарапынан спортшыларға деген зор қолдау болып жатса, құдай біледі, сол спортшылардың қай-қайсысы болмасын ұялса да, аянып қалмас еді. Бірақ Ирина айтпақшы, ондай қолдау болмай тұр-ау.
Осындайда Шығыс кемеңгерлерінің бірі – Жүсіп Баласағұнның:
– Қолдаушысыз көрген күнің сор екен,
Сабыласың, амалың жоқ, қол екеу, – деген жыр жолдары еріксіз ойыңа оралады.
Әзірге соншалықты қолдау көрмесе де, алдағы өтетін жарыстарға жанын сала әзірленіп жатқан марафоншы жерлесіміз Ирина Смольниковаға болашақтағы байрақты бәсекелерде таудай табысқа жетіп, ел мерейін өсіре беруіне тілектестік білдірдік.

Серік Құсанбаев

Риддер қаласы.

Осы айдарда

Back to top button