Жеті қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Қасым Қайсенов кентінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, тәртіптік кеңес төрағасы Т.Жұмағұлов сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіруге арналған семинар-кеңес өткізіп, Ұлан ауданының мемлекеттік органдарының қызметіне жүргізілген тексерудің қорытындысымен таныстырды.
Департамент қызметкерлері 2015 жылдың 11-25 маусым аралығында аудандағы 26 мемлекеттік мекемеде тексеру жүргізген. Нәтижесінде 54 бұзушылық анықталса, оның он екісі мемлекеттік қызмет саласына қатысты, ал 42-сі мемлекеттік қызмет көрсетуде орын алды.
Жіберілген олқылықтар негізінен мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін сақтамау, қажетті құжаттардың толық жинақталмауы немесе стандартта қарастырылмаған қосымша құжаттарды сұратумен байланысты болған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет туралы заңнама және қызметтік этика талаптарын бұзу, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына уақытылы жібермеу, Ар-намыс кодексімен жазбаша түрде мамандарды таныстырмау сияқты кемшіліктер анықталған.
– Сіздердің жұмыстарыңыз халық риза болған кезде ғана тиімді болып есептеледі. Ар-намыс кодексінің талаптарын өрескел бұзған қызметкер атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін, ал мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерінің талаптарын сақтамау сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы болып саналатындығын естеріңізге саламын, – деді жиынды қорытындылай келе Тоқтамыс Жұмағұлов.
Кешенді тексеру қорытындысы бойынша Ұлан ауданының жеті қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айна Ескенқызы
Ұлан ауданы.