Жеті мыңдай жетім балаға қамқор болған тұлғаның 100 жылдық мерейтойы

Қазақтың біртуар азаматы, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовтің туғанына 100 жыл толды. Ұлағатты ұстаздың мерейтойы облыс көлемінде аталды. Көкпекті ауылында салтанатты жиын өтіп, ас берілді. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен болған түрлі жарыстар мерекенің көрігін қыздырып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар аламан бәйгеде бақ сынады.
Мерейтойға әке жолын қуып, елдің қамын ойлаған ұлдары Тоқан, Сержан, қыздары Найля, Гүлсім, әр жылдары балалар үйінде тәрбиеленген, жұмыс істеген адамдармен қатар, кезінде Көкпекті ауданында басшы болған азаматтар шақырылды.
Мерейтойға орай іс-шаралар легі ауданда ерте басталған-ды. Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп, Қ.Раев атындағы балалар үйі, кітапханалар, жастар орталығы, спорт бөлімі облыстық деңгейде дебаттар, айтыс, мүшайра мен спорттық ойындар өткізді.
Мерейтойға келген қонақтар ең алдымен мектептер мен балалар үйіне саяхат жасады. Одан кейін Қ.Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйіне келіп, заңғар ұстазға арналаған көрмені тамашалады.
Мөлдір Садуова Ж.Шайжүнісов атындағы мектепте еңбек жолын бастаған жас маман.
– Есімі көзі тірі кезінде аңызға айналған атамыздың атындағы мектепте жұмыс істегеніме мақтанамын. 25 сәуір күні Семей қаласында Жақия Шайжүнісұлына арналған «Білім берудің қазіргі мәселелері» атты республикалық ғылыми конференцияда оқытудың инновациялық технологиялары туралы баяндама оқып, ол жинаққа енді, -деді ол стендтің жанына аялдаған Тоқан Жақияұлына.
Мәдениет үйіндегі салтанаттың шымылдығын Көкпекті балалар үйі туралы түсірілген «Дом родной» фильмі ашты. 60-70 жыл бұрын осы балалар үйінде тәрбиеленген, Жақия Шайжүнісұлының көзін көрген, бірге қызметтес болған ата – әжелеріміз фильм барысында көздеріне жас алып отырды. Соның бірі – Гүлнара Өгізбаева. Балалар үйінде тәрбиеленген ол қазір 80-ге таяп қалған ардақты әже.
– Дана халқымыз: «Жетім ету – Алла қалауы, жетімсіретпеу- адам қалауы» деген. Жақия әкеміздің жан қалауы бізді жетімсіретпеу болды. Осы түлеп ұшқан ұяма оқуымды аяқтап, әкей жолын қуып қайта оралдым. Отбасын құрып, осы жерден зейнетке шықтым. Үлкен жанұя басының қамқорлығын сезініп, тәрбиесін көргеніме шексіз бақыттымын, -деп ағынан жарылды әжей.
Әрине, бір кеште мыңдаған шәкірттерінің ұстазға деген алғыстары мен лебіздерін айтып жеткізу мүмкін емес. Сол шәкірттердің бірі – кезінде сол балалар үйінде тәрбиеленіп, кейіннен директоры болып қызмет атқарған Галина Орсаева.
– Кеңес Одағы бойынша Жақия Шайжүнісұлынан басқа бар өмірін жетімдерді жеткізу үшін еңбек жасаған адам жоқ екен. 43 жыл ішінде ол 15 ұлттан тұратын 7 мың жетім баланы үлкен өмірге қанат қақтырды. Балалар үйі екі рет бүкілодақтық көрмеге қатысып, алтын медальмен марапатталды. Ерен еңбегі үшін 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері белгісін кеудесіне тақты, -деп естелік айтты ол.
Қазіргі кезде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Лена Дегина «Алтын жүректі адам» атты Ж.Шайжүнісұлына арнауын қазақ тілінде оқып берді.

Көкпекті аудандық білім беру бөлімінің басшысы болған, зейнеткер В.Сейсембаева өз баяндамасында Жақия ағаға Көкпекті ауылында ескерткіш ашылса деген ұсынысын жеткізді.
Дербес зейнеткер, Көкпекті аудандық партия комитетінде лауазымды қызметтерде болған Сәбит Ахметовтің есімін ұлы ұстаздың өзі қойыпты.
– Мен дүниеге келген кездері Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау», «Ботагөз» романдары қолға тимей оқылып жатыпты. Кітап авторына деген құрмет көк аспанда қалықтайды. Бұл кітапты да алғашқылардың бірі болып Жақаң оқыған ғой. Содан мен дүние есігін ашқан кезде әкем сен есімін қой деп қолқа салыпты. Сөйтіп мен Сәбит атандым. Ал менің әкем Сапарғали 1936 жылдан 1939 жылы осы балалар үйінде директор болған. Әкемнен, Жақаннан үлгі алдым, кеңестеріне құлақ түрдім. -деді Сәбит аға.
«Қалдырған ізің мәңгілік» атты атты әдеби- сазды монтаж аяқталған соң сөзді Тоқан Шайжүнісов пен аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин алды.
– Ең алдымен осы іс-шараны жоғары дәрежеде өткізген аудан әкіміне алғыс білдіргім келеді. Ұстаздықтың үлгісін көрсетіп, сара жол салған әкеміз үнемі есімізде. Бала болсақ та бәрін көзімізбен көріп өстік. Әкемізбен бірге жарқын болашақты аңсадық. Еңбектің арқасында сол күн туды да. Жас ұрпаққа аталарымыз аманаттап кеткен мәңгілік елдің жалауын желбірете берсін дегім келеді. Өз тарапымыздан балалар үйімен байланысымызды үзбейтін боламыз деген Тоқан аға турнирде жеңіске жеткен жас боксшыларды Жақия Шайжүнісовтың суреті қашалған медальдармен марапаттады.
Өз кезегінде аудан әкімі Д.Мусин де үнемі демеушілік көрсетіп жүрген Шайжүнісовтерге алғыс білдіре отырып, – Дара тұлғаның атындағы мектепке биыл күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджеттен 93 миллион теңге бөліп отырмыз. Жақия ағамыз туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.Ол кісінің Көкпекті топырағында айшықты іздері қалды. Әлі де ол кісі туралы жазу, зерделеу ойда бар. Ол енді алдыңғы күндер елшісі. Аудан жастарына айтарым, Жақия Шайжүнісұлының өнегелі өмірі, ұлтжандылығы үлгі болсын! –деді.
Салтантты шарадан соң қонақтар ипподромда орын тепкен қазақ ауылындағы асқа жиналды. Астан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары ипподромдағы бәйгені тамашалады. Аламан бәйгеде Ж.Шайжүнісов ұрпақтары тіккен бас бәйге- «Лада Приора» автокөлігі Алматы облысының Аққайнар ауылына аттанды. «Кептер» атты жылқының бапкері– Болат Қалкенов, шабандозы – 10 жасар Диас .
Сонымен қатар ауылдың футбол алаңы мен Ж.Шайжүнісов мектебінде футбол мен волейболдан да жолдастық кездесулер өтті. Барлық жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды.
Эльмира Тайырқызы
Көкпекті ауданы.