Қоғам

Жеті өліп, жеті тірілген жауынгер

Жеті өліп, жеті тірілген жауынгер

Шахарбай Кенжебайұлы өткен ғасырдың жиырма бесінші жылы Мақаншының оңтүстігіндегі «Рапай» деген жерде дүниеге келген. Құтты қонысы – Қаратал ауылы. Дүнген ағасының жетегімен Мақаншы мектебінен сегіз жылдық білім алады. 1943 жылдың сәуір айында майданға шақырылды. Екінші Украина майданына кез болған сарбаз ә дегеннен қанды қырғынға тап болады. Батальон командирі оны атқыштар артиллериясына оқтаушы етіп қабылдайды.
Шахарбай – жеті рет өліп, жеті рет тірілген жауынгер. Венгрияның астанасы Будапешт қаласын немістерден азат ету үшін болған шайқаста снаряд жарқыншағы беліне оралған былғары оқпаншаға келіп қадалады. Ойланбастан оқпаншаны тез ағытып лақтырып жібергені сол екен, жарқыншақ тиген жерден ішек-қарыны ақтарылып түседі. Дәл осы сәтте көмекке санитар қыз жетіп үлгереді. Ол шашылған ішекті топырақтан тазартып, жинап, таңады. Одан әрі не болғаны есінде жоқ. Есін жиса, госпитальда жатыр екен. Сөйлеуге шама жоқ, адам болмайды деген. Кірпігі қимылдағанын байқап қалған санитар қыз (есімі Наташа екенін кейін біледі) әскери дәрігерге көрсетіп емдетіп, аман алып қалады. Бұл сарбаздың жеті рет өліп-тірілгенінің бір оқиғасы ғана.
– Бала болсақ та, әкеміздің оң жақ өкшесіндегі үңірейген ойық есімде сақталып қалды, – дейді Шахарбай ағаның ортаншы ұлы Тілеуқабақ. – Әкемізден не болғанын сұрағанымызда:
– Украина жеріндегі кескілескен бір ұрыста артиллериямен жабдықталған батальонымыз қоршауда қалды. Ауызы арандай ашылған үңірейген пушкалар салмағы сексен келі тартатын снарядпен оқталады. Жәшіктегі артиллерия оқтарын алып жүру, оны оқтау күш-қайраты мығым жауынгерлерге жүктелетін. Сол алыптардың қатарына мен де қосылдым. Оқ таусылды. Пушкалар толықтай істен шықты. Командиріміз жоғары жақтан қоршауды бұзып-жарып өту туралы бұйрық алады. Шегінуге жер қалмады. Бес-алты сарбаз командирді сақтау қамымен оны ортаға ала, қалғанымыз жаппай алға ұмтылдық. Оқ жаңбырша борап тұр. Қарсы келген дұшпанды жайпап келеміз. Қатарымыз да сиреп барады. Бір сәтте оң аяғым дыз еткендей болды. Етігім қанға толып кетті. Қоршауды бұзып шыққанда етігімнің өкшесін етімен қоса оқ жұлып кеткенін бірақ байқадым. Бұл да денедегі жеті жараның бірі, – деп отырушы еді марқұм әкем.
Кенжебайдың Шахарбайы Венгрия, Румыния, Чехословакия, Германия жеріндегі қиян-кескі ұрыстардың алғы шебінен табылды. Оған «Будапешті алғаны», «Германияны жеңгені үшін» медальдары дәлел. Қиыр Шығыстағы Жапонияның Квантун армиясын талқандау үшін кері бұрылады. Кеңес әскерлерінің құрамында Гоби шөлі мен Хинганды басып өтіп, Харбинге де жетеді. Жапондармен арада 1945 жылғы 9 маусым мен 2 қыркүйегі арасында болған ұрысқа қатысып, жеңімпаз жауынгер атанды. Оған «Жапонияны жеңгені үшін» медалі айғақ. Шахарбай Кенжебайұлының әскери жорығы 1943 жылдың 15 сәуірінде басталып, 1948 жылғы 15 қыркүйекте Чита қаласында аяқталады. Оған оның төс қалтасында сақталған «Қызыл әскердің қойын кітапшасы» куә. 1980 жылы 17 мамырда өмірден озды. Қарт сарбаздың отбасы 35 жылдан бері Жеңіс күнін отағасыз атап келеді. Бірақ ардақты әке із-түзсіз кете салған жоқ. Соңында бейбіт өмірде атқарған тындырымды істері қалды. Ол соғыстан кейінгі кезеңде аянбай тер төкті. Мал бақты, өндірісті басқарды, қойма меңгерушісі де болды, өмірінің соңғы жылдары кеңес кооперативінің озық қызметкері сапынан орын алды.
Балалары әкелерінің атына дақ түсірмеді, шеттерінен инабатты, білімді, еңбекқор. Ата-аналарының бойға сіңірген тәрбиесі олардың өмірлеріне әлі де дұрыс бағыт сілтеп келеді.

Аманкелді Бөгісұлы

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button