\”Жеті керемет\” балғындарды керемет әсерге бөледі
Биыл 1 маусым- халықаралық балаларды қорғау күнінде бүлдіршіндерге тосын сыйды ең алдымен табиғат жасады. Түні бойы сіркірей жауған жаңбыр ертеңгісін қалың нөсерге айналмасы бар ма?! Аспанды қорғасын бұлт көмкеріп, ауада тіпті ызғар білінді. Алайда мұндай кезде ырымшыл халқымыз «аспаннан нұр жауды деп» жақсылыққа жоритыны бар. Шынында да, түс қайта жауын басылып, өскемендік балғындар мен ата-аналар Сол жағалау кешенінде жоспарланған «Жеті керемет» мерекесіне асықты.
Менің алдымда кетіп бара жатқан бір бүлдіршін анасынан «Күн неге бізге өкпелеп қалды?» деп сұрап бара жатыр. Балалар мерекесіне орай биыл облыс орталығында тұңғыш рет бөбектер арбасының карнавалы ұйымдастырылыпты. Хан мен ханшайым бастаған шеруде безендірілген бесік-арба сүйреген сәбилі аналар мен әр жастағы балалар мен олардың әке-шешелері, ата, әжелері әсем әннің әуенімен кешеннің басты сахнасына жиналды. «Қара жорғаның» ырғағымен сахнаны әлденеше рет айналып шыққан шерудің қатысушылары келесі сәтте іштерінен өмірдегі ең қымбатты тілектерін айтып, қолдарындағы гельмен толтырылған шарларын көкке қоя берді. Үлкенді-кішілі талай жанның арманын арқалаған түрлі-түсті шарлар аспанда қалықтап бара жатты.
…Өскемендік үш айлық Расул атты нәресте өміріндегі тұңғыш төл мерекесі – халықаралық балаларды қорғау күнін үш басты айдаһармен безендірілген бесік-арбада атап өтті. Батырың айналасындағы у-шуға да қарамастан, пысылдап ұйықтап жатыр. Бөбектеріміздің осындай алаңсыз, тәтті ұйқысы үшін-ақ бәрін құрбан етуге болатын шығар деген ой келгенде, неге екенін, көңілім босап кетті. Расулдың анасы Әйгерім Ғафарова Еуразиялық банктің қызметкері екен, қазір бала күтімімен үйде. Қасында екі жарым жастағы Ансар атты тағы бір ұлы жүр.
-Бесік-арбаны осылайша безендіруімізге ертегілердің желісі себеп болды, – дейді жас ана.- Күндіз балалармен қолым тимейді. Әкесі екеуміз екі түнде ойлап тауып, қағаздан желімдеп, құрастырдық. Анасының айтысына қарағанда, бесікті безендіруге Ансар да белсене араласыпты. Ол қағаздарды жасыл түске бояған көрінеді. Қазір балақай өзінің туындысына мақтанышпен көз тастап қояды. Әйгерім ұлдарына тек «Балапан» арнасынан берілетін, кеңестік мультфильмдерді ғана көрсететінін айтады.
-Заманауи мультфильмдердің ешқандай тәрбиелік мәні жоқ, оның үстіне қызылды-жасылды бояулар кішкентай ұлдарымның көз жанарларына да кері әсер етеді деп қорқамын. Өзіміз бала кезден тамашалаған, қайырымдылық пен ізгілікке үйрететін ертегілерге ештеңе жетпейді, – деген пікірін жеткізді бізге аналары.
Ал Мөлдір Жұмағалиева атты жас ана мерекеге үш жастағы ұлы Ерасылмен келіпті. Олардың бесік-арбалары көптеген шарлармен безендірілген. Ерасыл азамат болып қалғандықтан, оған «Крошка Кэти» есімді үрленген мысықты отырғызып алыпты. «Крошка Кэти» өзін тіпті маңызды ұстайды. Ерасыл «Нұршуақ» қазақ балабақшасында тәрбиеленеді екен.
Мерекелік бағдарламаға сәйкес, жиналғандар «Керемет шеберлер» алаңшасында студенттер мен жас кәсіпқой мамандардың көмегімен сурет салу, әртүрлі бұйымдар жасаудың шебер сыныптарынан өтуге мүмкіндік алды. Ал «Керемет ақылды» алаңшасында мереке қонақтары қолма-қол пісірілген ыстық құймақтан дәм татты.
Балғындар мен ересектерді мереке күні сонымен қатар театрландырылған қойылым, флешмобтар, сабын көбіктері, «Түрлі-түсті түтін» және «Жасанды қар» шоулары күтіп тұрды.
Облыс орталығындағы балалар мерекесін өскемендіктермен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев, «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева тамашалады.
Балаларды қорғау күні тек көңіл көтеретін, ойын-сауық құрып өткізетін мереке емес. Бұл күн сонымен қатар қоғам мүшелеріне барлық балалардың бақытты болуына жағдай жасау қажеттігін еске салып, балғындардың құқын қорғайтын айтулы күндердің бірегейі. Сол себепті де биылғы мерекеде балалар үшін жасалған ең үлкен сыйлық – облыс орталығындағы №46 орта мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық коррекциялық орталығының ашылуы болды.
Аталмыш орталық «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры елімізде ашқан алтыншы орталық. Әлеуметтік маңызы зор нысанның ашылу салтанатында балалар мен олардың ата-аналарын «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева құттықтады.
-Құрметті қонақтар, бүгінгі шараға жиналған бөбектер мен ата-аналарды осындай орталықтың ашылуымен құттықтаймын. Біз жұмысымызды «Бәріміз бірдейміз» ұранымен жүргізіп келеміз. Дәл осындай кабинеттерді Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Тараз және Маңғыстауда пайдалануға бердік. Алайда сіздердегі орталық көлемі жағынан ең үлкені екенін айтқым келеді. Біздің бастамамызға қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – деген Гүлнәр Досаева келешекте барлық облыс орталықтарында осы тектес арнайы кабинеттерді ашу ойлары барын жеткізді.
Шаһар үшін әлеуметтік маңызы зор осындай мекеменің ашылуы шарасынан облыс әкімі де тыс қалмады.
– Біз балалар болашағымыз, бақытымыз деп жиі айтамыз. Мұндай қайырымдылық жасау үшін адамның жүрегінде жылылық болу керек. Мүмкіндігі шектеулі бөбектердің проблемасын түсініп қана қою жеткіліксіз, соны сезіне білгенде, сол үшін жаның қоса ауырғанда ғана нәтиже болады. Мен осындай тамаша сыйлық жасаған «Дара» қайырымдылық қорына ризашылығымды білдіремін. Міне, көріп тұрсыздар, балалар мен ата-аналары қаншалықты қуанышты екенін. Ең үлкен алғыс осы, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Бүгін облыс орталығында төрт мыңнан астам ерекше балғын бар. Олардың арасында көз жанары бұзылғандар, құлағы нашар еститіндер, аутизм дертіне шалдыққандар, басқа да дерттері бар бөбектер жеткілікті. Орталықта олармен арнайы мамандар жұмыс істейді. Тамаша жабдықталған кабинеттерде балғындарға психолог, дефектолог, логопед, физиотерапевт, массажист сияқты мамандар қызмет көрсетеді. Мысалы, көзі нашар көретін балаларды қарапайым тұрмыстық қағидаттарға үйрететін кабинет бар. Онда күнделікті өмірде кездесетін есіктің күршегін ашу, тартпаны ашу, заттарды алып, орнына қою дағдыларын меңгертетін арнайы стенд жабдықталған. Бұл сонымен қатар қолдардың ұсақ моторикасын жетілдіреді дейді мамандар. Сондай-ақ маманның қарауына ерекше баланы екі-үш сағатқа тастап кетуге болатын топ та жұмыс істейді.
Құрылтайшылардың айтуынша, орталықты жабдықтауға он үш миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Ал оны ұстап тұруға жыл сайын облыстық бюджеттен жиырма миллион теңге қарастырылған.
Айна Ескенқызы