Қоғам

Жеті елдің жеңілатлеттері жүлдеге таласты

Жеті елдің жеңілатлеттері жүлдеге таласты


Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова жүлдесі үшін жеңіл атлетикадан кезекті, ІІІ халықаралық турнир аяқталды. Өткен додалардағыдай бұл жолы да медальдардың дені отандастарымызға бұйырды. Олардың ішінде Ольга Рыпакованың жерлестері де бар.

Жарыстың алдында баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Олимпиада чемпионы мұндай турнирді өткізу еліміз, облысымыз бен Өскемен қаласы үшін өте маңызды екенін айтты.

– Негізінен, мұның бәрі көпшілік жағдайда елімізде өтетін жарыстардан шет қалып қоятын жерлестеріміз үшін жасалуда. Біздің адамдар үлкен спорттық жарыстарды теледидардан ғана емес, өз көзімен көрсін деген ой ғой біздікі. Турнирге жергілікті спортшылармен қатар, көптеген шетелдік жеңілатлеттерде қатысуда. Бұдан ешкім ұтылмайды, бәсекелестік артып, жарыс көрігін қыздыра түседі. Мұның бәрі елімізде жеңіл атлетиканың дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Ольга Рыпакова журналистерге берген сұхбатында.

Олимпиада чемпионы айтса айтқандай, аталмыш турнирдің мәртебесі жыл өткен сайын артып келеді. Оны додаға қатысуға ниет білдіргендер санына қарап-ақ аңғаруға болады. Мәселен, алдыңғы жылғы жарыстарға бес елдің спортшылары қатысса, биыл шетелден келген құрамалардың саны жетеуге дейін өсіпті. Олардың ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Малайзия, Қырғызстан, Армения және Түркия елдерінің жеңілатлеттері бар. Жарысқа қатысқан спортшылардың жалпы саны 100-ден асып кеткенін де айту керек.

Турнирде жеңіл атлетиканың 11 түрінен жүлделер сарапқа салынса, оның әрқайсысында үздік үштікке кем дегенде бір отандасымыз кіріп отырды. Ал кейбір жарыс түрінде жүлделі орындар тұтастай қазақстандық спортшыларға бұйырды. Мәселен, ерлер мен әйелдер арасындағы 400 және 800 метрге жүгіру сайыстарында қазақ спортшылары ешкімге дес бермеді. Ал шығысқазақстандық спортшылардың ішінде Регина Қайсарова мен Надежда Дубовицкаяның, сондай-ақ, Иманмәди Құсмановтың жетістіктерін атап өтуге болады. Биіктікке секіруден сынға түскен Регина мен Надежда бірдей көрсеткіш көрсетіп (180 сантиметр), тұғырдың бірінші және екінші сатыларына көтерілсе, Иманмәди Құсманов 800 метрге жүгіруде екінші нәтиже көрсетті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button