Жеті қат жер астынан кен іздеген
Кеншілер күні біздің өңір үшін ерекше мереке саналады. Өйткені, Кенді Алтай мен қойнауы құт Қалба таулары қашан да кен іздеген жандар үшін жұмақ мекен.
«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген Шерхан Мұртазаның қанатты сөзі бар. Осы сөзді кеншілерге қаратып тура мағынасында айтуға да болады. Жандарын шүберекке түйіп, жеті қат жер астынан небір асыл тасты аршып алып жүрген қайсар жандар қалыпты өмірде бетегеден биік, жусаннан аласа тірлік кешеді.
Саусақтағы сақинаңыздан бастап, астыңыздағы темір тұлпар да, төбеңізден нұр шашып тұрған вольфрам сымы да осы кеншілер қазған кеннен алынған. Индустриялық өңір саналатын Шығыс Қазақстан үшін кеншілердің орны ерекше. Солардың есепсіз еңбегінің арқасында өндірістік көрсеткіштер еселеп ұлғайып, өндірістің желкені жығылмай келеді. Сөзіміз дәлелді болсын, 2018 жылдың жеті айында кеншілер 141 млрд. теңгенің металл концентратын әзірлеген. Бұл облыстағы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 13,7 пайызы деген сөз. Кен өндіру өнеркәсібінің республикалық көлемінің 1,7 пайызын біздің кеншілер беруде.
Статистикаға сенсек, жыл басынан бері кеншілер 4,0 млн. тонна тас көмір мен лигнит, 21,4 млн. тонна мыс кенін, 2,1 млн. тонна мыс-мырыш кенін, 1,6 млн. тонна әктас пен ғаныш, 1,4 млн. текше метр құм мен қиыршықтас өндіріпті. Мыс-мырыш кенін өндірудің республикалық көлемінің 71,1 пайызы біздің кеншілердің үлесінде. Сондай-ақ, мырыш концентратының 69,2 пайызы, қорғасын-мырыш кенінің 70,9 пайызы, құрамында алтыны бар кендердің 5,7 пайызы, мыс кенінің 36,2 пайызы, тас көмір мен лигниттің 6,5 пайызы Шығыс Қазақстанға тиесілі.
Алғашқы жарты жылдың ішінде өңірдегі кеніштер мен шахталарда 23113 адам еңбектенген. Бұл бүкіл өнеркәсіп өндірісіндегі жұмысшылардың үштен бірін құрайды деген сөз. Сын мен қатерге толы, маңдай тер мен ақыл-ойды қатар талап ететін аталмыш мамандық иелерінің бүгінгі еңбекақысы қанша? Стаитистика департаментінің дерегі бойынша, кеншілердің орташа еңбек ақысы 229 559 теңгені құрайды. Бұл – облыстағы орташа еңбекақы мөлшерінен 73,7%-ға жоғары.
Есжан Ботақара