Жеті адамға үй сатып әперді

Көк желекті Үржардың бір артықшылығы – қытаймен іргелес қонғанында. Жұмыссыздық белең алған сонау бір күрделі кезеңдерде Нұрзия мен күйеуі Айтқазының бала-шағасын асырап, қатардан қалмауына шекара асып барып тасымалдап жеткізген тауарларының пайдасы көп тиді.
Біреуі арғы беттен тауар тасып, екіншісі сатумен айналысты. Келе-келе аудан аумағынан шығып Семейге, Өскеменге, тіпті кейде Ресейге апарып сатып келіп жүрді. Мұның барлығы айтуға ғана оңай, әйтпесе қияметі мол қарекет адамнан бүкіл қажыр-қайратты талап ететін. Дегенмен де, нар тәуекел деп бел шешіп кіріскен соң, бастаған істерін орта жолдан тастауға болмайтын еді.
Сөйтіп жүріп, екеуі ақ тер, көк тер болып жинаған қаражаттарына аудан орталығындағы дәл күре жолдың жиегіне орналасқан ескі үйді сатып алды. Сол үйді қайтадан сылап-сипап, ар жағындағы еңіске қаншама көлік құм төгіп, тегістеп, қойма салып, сауда дүкендерін ашқан болатын.
– Дүкенді ашқанменен сатып алушы таба алмай тағы қиналдық қой, – дейді Нұрзия жылы жымиып. – Әйтеуір, ақырындап адамдар азық-түлігін бізден де келіп сатып ала бастады. Саудамыз ептеп жүре бастағанда қатты қуандық.
Қазіргі күндері аудан орталығындағы бірнеше шағын маркеттердің иесі болып отырған кәсіпкер Нұрзия Сағатбекова көп адамдар істей алмайтын тәуекелге барып, басқаларға қалай еңбектенудің үлгісін көрсетті десек артық айтпағандық. Ол бүгінде 90 мен 100 мың теңгеге тарта еңбекақы алатын 60 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде жет і адамға үй сатып алып берді. Мұндай ерлікті, жомарттықты кім көрінген істей алмас. Былтыр «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында кезінде өзі бітірген Абай мектебіне 150 мың теңге аударса, жолдасы Айтқазы да қалыспай 200 мың теңге қаржы аударды. Сонымен қатар бір кездері балалары оқыған орталықтағы Бауыржан Момышұлы мектебіне де 150 мың теңге қаржылай көмек берді. Өзінің қарамағында істейтін адамдарға әрбір мереке сайын сый-сияпат жасаудан жалыққан емес.
Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкер Нұрзия Нұролла-қызы шипалы Алакөлдің жағасында 200 адамға арналған «Парус» атты демалыс орнын ашып, демалушылар мен ем қабылдаушылардың ыстық ықыласына ие болды. Кәсіпкер келіншектің «Ақ желкеніне» Алакөлге келушілер тек қана алғыс айтып жүр. Аудан мен облыс көлеміне танымал кәсіпкер Нұрзия Сағатбековаға алдағы уақытта да еңбегінің табысты болып, адал да абыройлы кәсібімен аудан тұрғындарының құрметіне бөлене беруіне шын көңілден тілектеспіз.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.