Қоғам

Жеңістің жемісі

Жеңістің жемісі


Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада абыройлы бір кездесу өтті. Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылжардағы республикалық айтыстан бас жүлдемен оралған айтулы айтыскер Серік Құсанбаевты өңірдің зиялы қауымы ортаға алып, қуанышына ортақтасты.

Ұлттық рухтың күзетінде жүрген ақын мен жазушы дейтін қауымды тек мерейтойында немесе кітабы шыққанда ғана еске алып, құрмет көрсететін әдетіміз бар. Соның өзіне қолы жетпей, іштен тынып өткен есілдеріміз қаншама! Олардың қасында біздің Секең бақытты-ау. Кездесу басталмай жатып, айбоз ақынның қолын қысуға асыққан ақеділ жандардың нөпірін көріп осындай ойға қалғанбыз. Ал сол бақ Серік Құсанбаевтың басына оп-оңай қона салып па? Ақынның «Жырлаумен өткен 20 жыл» атты кітабын оқығандар олай емес екенін жақсы біледі. Ол кітап шыққалы да талай су ақты. Ноқтаға сыймайтын алтын бас талай бәйгеге тігілді. Араға 13 жыл салып, айтыс аспанында қайтадан найзағай ойнатқан дауылпаз елдің төбеге көтеруінің осындай себебі бар-тұғын. Өскемендегі зиялы қауымнан бөлек, Алтай, Жарма, Ұлан аудандарынан осы кешке ақынның жеке жанкүйерлері де арнайы жетіпті. Бұл жеңіс дүйім жұртқа ортақ екенін паш етіп сол ортадан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да табылды. Әуелгі сөз әдет бойынша сол кісіге берілер деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ол Серік ақынды Астанадағы әуежайда жолықтырып, ақжарма тілегін сол кезде айтып тастаған екен. Залдағы елдің уақытымен санасу да үлкен мәдениет шығар. Әр тараптан жолданған құттықтау хаттарды ел алдында оқуға да сол уақыт тапшылық етті.

Кездесуді ақынның өз ағасы Әлібек Қаңтарбаев жүргізді. Жан семіртер жақсы сөздер де айтылды, шапан да жабылды. Ал Секең алтын уақытын бөліп келген ағайынның құрметіне кілең бір тағлымды әңгімелер айтып, тағдырлы әндер шырқады. Анасының Қытай бетінде қалған туыстарына деген сағынышын бейнелейтін «Қыз сағынышы» атты әніне тебіренбеген жан болмады.

Ағынан жарыла сөйлеп, тілеулес жұртпен шынайы сырласқан Секеңе оқушылар өз жастарынан әлдеқайда үлкен сауалдар қойғаны есте қалды. Бірі айтыс алдында писхологиялық толқуды қалай басу керектігін сұраса, бірі патриот болу үшін міндетті түрде ақын болу керек пе деп салды. Баланың сұрағы ағаны ойлантып кетсе керек, Қызылжарға дайындықтың машақатын бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп айтты. Тіпті әне-міне Қызылжарға шығамыз деп тұрған шақта жолға қаражат таппай қиналғанын да жасырмады. Тізгінші Әлібек Қаңтарбаев та ол сөзді растап, облыстық мәдениет басқармасы бермеген қаражатты «Дидар» газетінің құрылтайшысы саналатын «Шығыс-Ақпарат» ЖШС тауып бергенін ашып айтты.

Жұрттың жоғын жоқтап, көптің көңілінен шығып жүрсе де, сөлкебай сұрап көрмеген Серік Құсанбаевқа бұл кездесуде медаль тағылды. Анау-мынау емес, Қасым Қайсенов атындағы медаль. Оны ауған соғысының ардагерлері атынан меценат Қайрат Мусин табыстады.

-Қасым батыр атындағы марапат лайықты иесін енді тапты, – деген сөзге залдағы ел түгелдей келіскендей ду қол соқты.

Секеңнің өнеріне тәнті жандардың ішінде банкирлер де бар болып шықты. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиал директоры Ербол Көбентаев та ел алдында ізгі тілегін айтып, сияпат көрсетті.

-Қазақ қыстың қамын жазда ойлаған. Өмірдің қыстауына дайындық болсын деп сіздің атыңызға депозит аштық. Құдай ғұмыр беріп, қартайған шағыңызда сол депозиттің жемісін жеуге жазсын, – деді ырымшыл банкир.

Ақынның екінші үйіне айналған «Дидар» газетінің ұжымы атынан бас редактор Уәлихан Тоқпатаев сөз алып, жылы лебізін білдірді. Ел ағасы Түсіпхан Түсіпбеков, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген, Қазақстан мұсылмдары діни бірлестігінің Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай да ақиқатшыл ақын жайлы ақтарыла сөйледі.

Осыншама құрметтен кейін суырып өлең салмаса, Құсанбаев Құсанбаев бола ма? Тап бермеде түйдек-түйдек өлең ақтарылды.

Бір сағаттың ішіне осындай әсерлі кездесуді сыйғызуға да болады екен. Бір әттеген-айы, ақын тыңдарманын, тыңдарман ақынын қимай қоштасты. Кездесуден кейін де жұрттың бірден тарап кетпей, ақынды ортаға алуы соны айғақтай түсті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button