Жеңісті уыстан шығарып ала жаздадық

«Торпедо» қолда тұрған жеңістен айырылып қала жаздады. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында өз айдынында Ор қаласының «Южный Урал» командасын қабылдаған жерлестеріміз қарсыласын ойын соңындағы буллиттер сериясында ғана тізе бүктірді.
Негізі, бұл кездесу Мисхат Фахрутдиновтың шәкірттері үшін өте сәтті басталған. Матчтың небәрі бесінші минутында есепті «Торпедо» шабуылшысы Денис Игнашин ашты. Бұдан кейін де өскемендік хоккейшілер қарсылас қақпасына оқтын-оқтын қауіп төндірумен болды. Сондай шабуылдардың бірінде Роман Бердников таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді.
Алайда қарсылас та осал емес екен. Алдымен Пауль Манушиннің көмегімен есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқан қонақтар артынша таразы басын теңестіріп те кетті. Нәтижелі соққының авторы – Егор Дорофеев.
Бұл ретте, «Торпедоның» жеңісті есепті ұстап тұра алмауына команда ойыншыларының тым дөрекі ойнап, қайта-қайта ереже бұзуы да себеп болды. Жерлестеріміз ресейлік хоккейшілерге қарағанда айдыннан екі есе жиі қуылды (10-4 минут).
Қосымша уақытта сол баяғы тәртіпсіздік кесірінен командамыз қорғанысты ғана ойлауға мәжбүр болды. Абырой болғанда, «Торпедо» қақпасын күзеткен Роман Смирягин сын сағатында шеберлік танытып, бірнеше қауіпті соққының бетін қайтара білді.
Ал ойын соңындағы буллиттер сериясында айдын иелерінің жолы болды. Матч тағдырын шешкен жеңіс шайбасының авторы – шабуылшы Владимир Коротков. Қорытынды есеп 3:2.
Осы жеңісінен кейін 43 ұпай жинаған өскемендік команда турнир кестесіндегі 12-ші орнын сақтап қалды. Кеше кешке газет беттеліп жатқанда, торпедолықтар өз айдынында башқұртстандық «Горняк» командасын қабылдады. Айта кетейік, бұл екі ұжым арасындағы Учалы қаласында өткен алғашқы кездесуде жерлестеріміз 9:4 есебімен ірі жеңіске жеткен болатын.
Нұржан Кенжеұлы