Қоғам

Жеңістің ауылы алыстап кетті

Жеңістің ауылы алыстап кетті

Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің ақтық сынына шыққан өскемендік «Торпедо» өз айдынында Балашиханың «Динамосынан» екі мәрте жеңіліп, Братина кубогына иелік ету мүмкіндігін төмендетіп алды. Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен серияның алғашқы екі ойыны қонақтардың пайдасына 1:2 және 1:3 есебімен аяқталды.

Жалпы, көзі қарақты жанкүйер «Торпедоның» финалдағы қарсыласы осал емес екенін ресейліктердің бұған дейінгі матчтарын көріп-ақ аңғарған болатын. Регулярлық чемпионатты алтыншы орында аяқтаған балашихалықтар плей-офф кезеңінде түрленіп сала берді. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін мәскеулік «Динамоның» бірнеше ойыншысымен толыққан Анатолий Антиповтың командасы жарыс барысында Альметьевсктің «Нефтянигін» 4:2, Төменгі Тагилдің «Спутнигін» 4:1 және Қорғанның «Зауральесін» 4:0 есебімен жеңіп, финалға шыққан.

Міне, осы жас командаға қарсы «Торпедоның» ойыншылары да еш қауқар көрсете алмады. Өз айдынында қатарынан екі рет жеңілген Алексей Ждахин шәкірттері енді есе қайтару үшін қонақта өткізетін кездесулерде барын салуы қажет. Әйтпесе, Братина кубогынан күдер үзе беруге болады.
Ал енді екі ойынға келсек, бірінші матчта Владимир Брюквиннің жылдам соғылған шайбасынан кейін «Динамо» хоккейшілері екінші кезеңнің ортасында Алексей Малюковтың көмегімен есепті 0:2-ге жеткізген. Айдын иелері бұған 39-шы минутта соғылған Евгений Фадеевтің дәл соққысымен ғана жауап бере алды. Сондай-ақ, ойын барысында торпедошы Александр Архиповтың буллиттен шайба соғу мүмкіндігін пайдалана алмай қалғаны да өкінішті болды.

Екінші кездесуде де қонақтар өскемендіктерге қарағанда әлдеқайда тың көрінді, шабуылға жиі шығып, қарсылас қақпасына көбірек қауіп төндірді. Динамолықтар, әсіресе, екінші кезеңде сәтті қимылдады. «Торпедо» қақпасынан үш мәрте саңылау тауып, ойын тағдырын уақытынан бұрын шешіп тастады. Жерлестеріміз болса, бұған соңғы жиырма минуттықта соққан жалғыз шайбамен ғана жауап берді. Голдың авторы – Джордон Сауторн.

Қарсыластар арасындағы келесі кездесулер 17-18 сәуір күндері Балашиха қаласында өтеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button