Қоғам

Жерлестеріміз жүлденің астында қалдырды

Жерлестеріміз жүлденің астында қалдырды


Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азия ойындарында ел қоржынына түскен жүлделердің сүбелі бөлігі шығысқазақстандықтарға тиесілі. Жерлестеріміз жарыс күні сайын алтынмен апталып, күміспен күптелуде.

Естеріңізде болса, дүбірлі доданың алғашқы күндерінде риддерлік шаңғышы Елена Коломина қоржынымызға бір күміс пен бір қола түсірген болатын. Артынша оның жеңісті жолын биатлоншыларымыз Ян Савицкий мен Галина Вишневская жалғастырды. Алдымен 10 шақырымдық спринт жарысында сынға түскен Ян Савицкий мәре сызығын бірінші болып кесіп, елімізге Азия ойындарының екінші алтынын сыйласа, одан Галина Вишневская да қалыспай, 7,5 шақырымдық спринт сайысында топ жарып, құрлықтық доданың чемпионы атанды.

Бұдан кейін Елена Коломина мен Ян Савицкий тағы екі жүлдеге қол жеткізді. Алайда, бұл жолы қос спортшымыз да күміс медальді қанағат тұтты. Коломина бес шақырымға классикалық әдіспен жүгіру жекелей сайысында қытайлық Хун Сю Лиден озып, жапон шаңғышысы Юки Кобаясиге жете алмай қалды. Ал Ян Савицкий болса, 12,5 шақырымдық ізіне түсу жарысында ату кезінде біраз қателік жіберіп, нәтижесінде жапоны спортшысы Микито Тачизакиге жол берді.

Кеше, газетіміз беттеліп жатқан кезде жерлестеріміз тағы үш жүлдеге қол жеткізіп, Қазақ елінің жалпыкомандалық есептегі жағдайын жақсарта түсті. Атап айтқанда, фристайлшы қызымыз Юлия Галышева жұптық могул сайысында үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленсе, семейлік биатлоншы Галина Вишневская 10 шақырымдық спринт жарысында топ жарып, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ, риддерлік фристайлшы Дмитрий Рейхерд параллельді могул сайысында үздік үштікке ілінді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button