Жерлестеріміз – екінші

Өскеменде дзюдодан Талғат Ақтаевты еске алуға арналған Қазақстанның ашық чемпионаты аяқталды. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынға үш алтын мен екі қола медаль еншілеген Алматы облысының құрамасы көтерілді.
Жарыс иелері – шығысқазақстандық татами шеберлері бұл жолы екінші орыннан көрінді. Жерлестеріміз екі алтын, бір күміс және бес қола жүлдеге иелік еткен. Үздік үштікті қарағандылық дзюдошылар түйіндеді.
Біздің құрама сапында 63 келіге дейінгі қыздар бәсекесінде Кристина Сотникова (күміс) мен Зарина Сарипова (қола), 78 келіде өнер көрсеткен Назерке Тілеуханова (қола), сондай-ақ 78 келіден жоғары салмақта күрескен Инабат Тоқтаған (қола) көзге түсті. Жігіттер де қалысқан жоқ. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде облыс құрамасының бірден үш мүшесі жүлдеге ілікті. Атап айтсақ, Барақ Арқабай жарыс жеңімпазы атанса, Бақтияр Ағзамов пен Дәурен Дулатов үшінші орынға табан тіреді. Тағы бір алтынға Қуан Барыс (73 келі) ие болды.
Айта кетейік, облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өткен биылғы турнирге еліміздің, сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресейдің мықтылары қатысып, 14 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтаған болатын. Осы ретте жарыс 23 жасқа дейінгі ерлер мен қыздар арасында өтіп, оған барлығы 300-ге жуық спортшы қатысқанын айтқан жөн.
Турнир соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ел біріншілігінің медальдарымен бірге, Талғат Ақтаев атындағы арнайы жүлделер табысталды. Әр салмақта алғашқы екі орынға көтерілген дзюдошылар спорт шебері атағына ие болды.
Нұржан Кенжеұлы