Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионы, шығысқазақстандық «Altay Athletics» клубының мүшесі Нора Джеруто барша қазақстандық жанкүйерге қазақша сәлем жолдап, көпшілікті Астанада жалауын желбіреткен Азия чемпионатына шақырды. Бұл туралы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының сайты хабарлады.
Былтырғы Әлем чемпионатында топ жарған соң Қазақстан атынан ресми жарыстарға қатыспаған Нора үшін елордадағы құрлықтық біріншілік 2023 жылғы алғашқы ірі дода болайын деп тұр. Джеруто да Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалыпты. Осыған орай ол жанкүйерлерге қазақша сәлем жолдап, қазақстандық спортшыларға барынша қолдау көрсетуге шақырды. Аталған видео республикалық жеңіл атлетика федерациясының ресми парақшасында жарияланды.
– Сәлем! Мен – Нора. Қазақтың қара қызы. Кел, халқым, қолда! – деді еліміздің көк туын жамылған желаяқ қыз.
Естеріңізге салайық, Нора Джеруто 2022 жылы АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында кедергілер арқылы үш мың метрге жүгіру сайысына қатысып, мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Тегі кениялық атлет 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алып, халықаралық жарыстарға еліміздің атынан қатысу мүмкіндігіне ие болған-ды.
Айта кетейік, Астанадағы жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионаты үш күнге созылады, яғни 10 мен 12 ақпан аралығында өтеді. Еліміздің бас қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылатын Сары құрлық біріншілігіне 31 елден келген 500-ден астам үздік спортшы қатыспақ.
Бұл жарыс – Азия жеңіл атлетика қауымдастығы күнтізбесіндегі ең маңызды іс-шаралардың бірі. Айта кетейік, жеңіл атлетикадан жабықжайдағы Азия чемпионаты ТМД елдері аумағында алғаш рет өткізілуде. Байрақты бәсекеде спортшылар жеңіл атлетиканың 26 түрінен сынға түспек. Жарыстың ашылу салтанатына Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамад пен еліміздің жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов сияқты мәртебелі меймандар қатысады, – деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.
Сәрсен Қабылым