Жерлестері Юлиядан жеңіс күтеді
Юлия әкесі Евгений Александрович Галышевтан ерте айырылды. Ол қызын ерекше жақсы көретін. Бір үйдің жалғыз баласы болған соң, анасы Светлана Геннадьевна да қызын еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Елгезек қыз алты жасында би үйірмесіне қатысты. Біраздан кейін биден жеріп, Өскеменнен он шақырым жердегі енді ғана ұйымдастырыла бастаған фристайл секциясына жазылды. Бармақтай ғана қыздың көзінен отты байқап қалған алғашқы бапкері Анна Корнышева әкесі мен анасына «Юлияның фристайлды таңдауы қуантады, бірақ бұл аса күрделі де қауіпті спорт түрі. Құлап қалып, немесе жарақат алып жатса, маған ренжімеңіздер» деп қысқа қайырды. Бір-біріне аңтарыла қараған Евгений Александрович пен Светлана Геннадьевна, «өкпе айту орынсыз ғой, қызым өжет, алған бетінен қайтпайды» деп сендіре сөйледі.
Уақыт жүрдек. Анна Корнышева екі жылдан кейін тұрмыс құрып, Алманияға қоныс аударды. Алғашқы бапкері Юлияға бар білгенін жалықпай үйретті. Шыдамдылық пен тактикалық шеберліктің қыр-сырына қаныққан дарынды қызды алғашқы жаттықтырушысы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Виктор Павлович Лемешкоға тапсырып кетті. Ал Лемешко фристайлдың нағыз тәжірибелі бапкері болатын.
11 жасар талантты қыз 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы дүбірлі жарысқа қатысып, чемпиондық атаққа ие болып, кубокты жеңіп алды. Арада үш жылдан кейін жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде күміс алқаны иеленіп, спорт шебері атанды. Фристайлдың могул түріне екінің бірі бара бермейді. Кедір-бұдырлы таудан төмен қарай зымыраған кезде бұрылыста қате қимыл жасап қойсаң, омақасасың. Әрине, талай дүбірлі жарыстарда ол қателіктерге жол берді де. Бірақ жасымады, қайта өршеленіп, шеберлігін шыңдай түсті. 15-ке енді толар кезде Әлем чемпионатына қатысып, алғашқы ондыққа табан тіреді.
Юлияның жеңісті қадамы 2008 жылдан басталды. Ол бұл уақытта Еуропаның екі дүркін чемпионы атанды. 2009 жылы Жапонияда өткен Әлем чемпионатында тамаша өнер көрсеткен бойжеткен бапкерлердің көзіне ілікті. Бірлесіп өнер көрсетуде әлем чемпионы атанды. АҚШ-тың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында жолы болмады, сәл қателік жасап еді, Канада, АҚШ елінің қазылары төмен қарай сырғыта салды. Ал қазылармен сөз таластырудың пайдасынан зияны көп екені белгілі. Сочи Олимпиадасын көзбен көрген кезде Юлияның жеңіс тұғырына көтерілсем деген арманын тағы да мұхиттың арғы жағынан келген төрешілердің қиғанына куә болған едік. Керемет шеберлік көрсеткен Юлияны қазылар жетінші орынға сырғыта салып, финалдық айқастан шеттетті. Ол ол ма, тағы бір жерлесіміз Дмитрий Рейхердтің балын төмендетіп, үшінші орынды ресейлік фристайлшыға бере салған кезде өзегімізді өрт шалды. Әттең!..
Бұдан кейін де Юлия жерлестерін қуанышқа бөледі. Францияның Мэрибель қаласында өткен Әлем кубогында алтыннан алқа тақты. 2015-2016 жылдары Әлем чемпионатының қоласын иеленді, бірнеше рет Әлем кубогы сайыстарында топ жарды, жүлде терді.
2011 жылдың қаңтары. Алматыда VІІ Қысқы Азия ойындары өтіп жатыр. Оңтүстік астанада кезек-кезек бірде қар, бірде жаңбыр жауып тұрды. Қалың тұман тұмшалаған кезде жарыстар бірнеше рет өтпей қалды. Ақыры ауа райы ашылған соң, Юлиялар сайысқа түсіп, жеке могулда, параллельді могулда Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ол ол ма, былтыр Америкада Әлем кубогы жарысында 2-ші орынды, Универсиада ойындарында чемпион атанды. Алда – бір айдан кейін Жапонияның Саппоро қаласында өтетін Азия ойындары, бір жылдан кейін Оңтүстік Кореяның Пхеньшянг қаласында жалауын көтеретін қысқы Олимпиада ойындары. Алтын қызымыз мұндай дүбірлі сайыстарға қатысып, көрігін қыздырған. Демек, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бергенінен берері көп Юлиядан біз тек жеңіс күтеміз.
Оңдасын Елубай