Қоғам

Жерлесімізі ел қоржынына алғашқы медальды салды

Жерлесімізі ел қоржынына алғашқы медальды салды


Сүйінші, ағайын! Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ел қоржынына түскен алғашқы жүлдені Алтайдан барған «алтын қыз» еншіледі. Фристайлдың могул түрінен өнер көрсеткен жерлесіміз Юлия Галышева қола медальға қол жеткізді. Дүбірлі жарыста қанжығасы майланған өскемендік спортшыны жүлдесімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

«Тәуелсіз еліміздің тарихындағы могулдан жеңіп алған олимпиада медалі отандық спорт шежіресінде елеулі оқиға ретінде жазылатыны сөзсіз. Сіз бұл жеңіске мақсатты түрде табандылықпен жүріп жеттіңіз, жерлестеріңіздің артқан сенімін ақтай алдыңыз. Өзіңіздің осы жеңісіңіз арқылы өміріне спортты серік еткен өскелең ұрпаққа жақсы өнеге көрсеттіңіз.

Спортта биік белестерді бағындырып, жарқын жеңістерге жете беруге тілектеспін!» – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Альпенсиядағы абыройлы сәт

Жексенбі күні олимпиада ойындары өтіп жатқан Пхенчхан мен Каннында ауа райы күрт өзгеріп, әуелі қатты дауыл соқты. Дауылдың күшті болғаны соншалық, бір апта бойы тып-тыныш бұйығы жатқан Жапон теңізінің астан-кестеңін шығарды. Қатты желдің биатлонға қатысқан саңлақтарға зияны тигені сөзсіз. Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары француз Мартин Фуркад бастаған мүйізі қарағайдай спортшылар алғашқы отыздыққа әрең ілікті. Ал шаңғышылардың жарысы кейінге шегерілді.

Жерлесімізі ел қоржынына алғашқы медальды салды

Газет оқырмандарының есінде болар, бұған дейін «Юлиядан жүлде күтеміз» деген ауанда мақаламыз жарияланған. Сол мақалада Өскеменнің өжет қызы өзінің үшінші Олимпиадасында егер қазылар қаралық жасамаса, қалай да бір медаль үшін жанын салатынына уәде берген. Юлия уәдесінде тұрды. Жексенбі күні Альпенсия тау кластерінде өткен фристайлшылардың жарысына осында жүрген қазақстандықтар түгел жиналды.

Ауа райы 12 градус болса да, ылғалдың әсері ме, білмедік, бойды тітіркендіреді. Қатты жел соқты. Артынша қар борап кетті. Сайыс басталған сәтте тұс-тұстан «Алға, Қазақстан!» деген қолдаулар төңіректі жаңғыртып кетті.

Өскемендік он алты жастағы фристайлшы Аяулым Әміренованың бұл – тұңғыш Олимпиадасы. Өкінішке қарай, Аяулымның шаңғысы қардың тапталмаған жұмсақ жеріне кіріп кетіп, бағытынан сәл ауытқып кетті. Сонда да өжет қыз құламай, жарысты аяқтады.

Юлияның қарсыластары – кілең мықтылар. Олардың қатарында француз Перрен Лафонт, канадалық Жюстин Дюфуа-Лапуант, Анди Ноде және басқалары бар. Финалдық бәсекенің алғашқысында Юлия жетінші орыннан көрінсе, екіншісінде үздік деген алтылыққа енді. Ал медаль үшін болған финалдық бәсекеде айы оңынан туып, қола медальға ие болды.

Жерлесімізі ел қоржынына алғашқы медальды салды

Қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ. Қатты әсерленгеніміз соншалық, Юлияның жанына жетіп барып, құшақтап құттықтадық. Жүлдегер қызымыз бұл жеңісін бүкіл қазақстандықтарға, анасына, бапкерлеріне, жерлестеріне арнайтынын көзіне жас алып тұрып жеткізді. Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы Галышеваның жеңісті жолын Дмитрий Рейхерд, Алексей Полторанин сынды қазақстандық спортшылар жалғастырар деген үмітін білдірді.

Сонымен, Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Иә, біз өскемендік Дмитрий Рейхердтен үлкен үміт күтеміз. Біз Димамен Олимпиада қалашығында кездескенде, бүкіл Қазақ елі одан жүлде күтіп отырғанын айтып, намысын қайраған едік. Ол да шамасы келгенше бар шеберлігін салып өнер көрсететінін жеткізді.

Оңдасын Елубай,
Оңтүстік Кореядан арнайы «Дидар» газеті үшін

Осы айдарда

Back to top button