Жерлесіміз Чехиядан жеңіспен оралды
Төр Алтайдың талантты ұлы Мирас Ерболов ән әлеміндегі бірқанша биікті бағындырып келеді.
Катонқарағайлық жас әнші Мирас Ерболов Чехиядан бас жүлдемен оралды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Бұл әншіні халық әндерінің әуезіне тербеліп өскенін жұрт біле бермеуі мүмкін. Алайда жастарға аты таныс әнші өңірдің намысын елімізде, еліміздің намысын шетелде қорғап жүр. Ол Прага қаласында өткен «Diamonds voice» атты дәстүрлі халықаралық байқауында бақ сынаған. Талантты әнші жиырмаға жуық өнерпазбен бірге өнер көрсетіп, жеңіске жеткен. Осыған дейін бұл байқауда 2014 жылы Мархаба Сәби есімді еліміздің әншісі жүлдегер атанған екен. Ал биылғы жеңісті жыл басында өткен «Х-Фактор» шоуының тоғызыншы маусымының жеңімпазы атанған Ербол қанжығалап келіп отыр.
– «Х-Фактор» байқауынан кейін бірден «Славян базары» байқауының кастингіне барған болатынмын. Өкінішке қарай, өтпей қалдым. Өскеменде өтетін концертке асыққандықтан, байқау қорытындысын күтпей кетіп қалып едім. Сөйтсем, “Славян базары” байқауына баруға бір ғана адам өткенімен, сол уақытта басқа елдердегі байқауларға да жолдама беріліпті. Маған Чехияға жолдама берілген екен, – дейді әнші.
Бұл байқауға Словакия, Австрия, Латвия, Молдова қатарлы бірнеше елдің өнерпаздары қатысқан. Әлемдік музыка әлемінің биігін бағындырып, жаһан жұртының көңілінен шығу үшін талант керек. Ел әншілерінің аталған байқаудан жеңіспен оралуы Қазақстанда таланттар көп екендігінің дәлелі. Бір қызығы талантқа баға беретін жұрт шоуға көп көңіл бөлмейтін көрінеді. Десе де байқаудың өзіндік шарттары бар.
– Бір байқағаным шетелде бұндай байқауларды дүркіретіп өткізуді ұнатпайды екен. Бұл телевизиялық байқау емес. Бірақ жақсы әсер алдым, шетел көріп келдім. Байқау шарттары бойынша өз тіліңде және әлемдік хиттердің бірін орындау керек болды. Мәди Сыздықовтың репертуарынан «Сағындым» әнін, Джо Кокердің «My Father’s Son» әнін айттым, – дейді Мирас Ерболов.
Шетелде өтетін байқауларға қатысу үшін қаражат пен қолдау керек екендігі белгілі. Бұл байқауға бару үшін Ерболға жеке тұлға көмектессе, облыстық мәдедениет басқармасының өкілдері байқаудан кейін көмектесетіндерін айтқан.
– «Толыбай» деген волейбол командасы бар. Сол команданың демеушісі, өнерге мүлдем қатысы жоқ азамат Прагаға барып-келер билетімді алып берді. Сол азаматқа алғысым шексіз. Ал басқа шығындар өз қалтамнан. Бірақ байқаудың финалына шыққанда «Ертіс концерт» мекемесінен хабарласып, бүкіл шығындарыңды өтеп береміз деген еді, – дейді Мирас Ерболов.
Осылайша Төр Алтайдың талантты әншісі талайды тамсандырып, таңдай қақтырып жүр. Ұлы өнерді ұстаздықпен қатар алып жүрген әнші Алматыда музыкалық студия ашып, шығармашылықпен айналысып жатқанын айтады.
Алтай Ғали-Асқар