ЖЕРІМІЗДІҢ АТАУЫ ЗАЙСАН БА ӘЛДЕ ЖАЙСАҢ БА?
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Баһадүр бабаларымыз найзасының ұшымен, қан төге жүріп қорғап қалған ұлан-байтақ қазақ даласының Ресеймен шекаралас солтүстік және шығыс өңірлеріндегі жер-су атауларының басым бөлігі орысша боп келсе, Қытай, Моңғол мемлекеттерімен шектесетін тұстарындағы елді мекендер мен жер-су, тау атауларының да бірқатары осы күнге дейін біздерге түсініксіз, әлдебір жоңғар-қалмақ батырларының есімдерімен аталатындықтарын баспасөз беттерінен оқып, картадан да көріп жүреміз.
Шығу тегі көңілге күдік туғызатын жер-су атауларының бірі – Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, сонау Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан Зайсан ауданы мен оның бер жағында 60 шақырым жерде орналасқан Зайсан көлінің атауы. Біздің бала күнімізде әке-шешелерімізден бастап, сол тұстағы көнекөз қариялар да, жергілікті халық та ауызекі сөздерінде Зайсанды – Жайсаң деп атайтын.
Асық ойнап, доп қуып жүрген ойын баласына жер мен су атауының қалай аталып, қалай қоятындығының не керегі бар? Ең бастысы «қарнымыз тоқ, уайым жоқ» дегендей. Кейін өсе келе «Моңғолия жерінде Зайсанов деген генерал бар екен!» дегенді естіп бір марқайып қалғанымыз бар болатын.
Жайсаң – қазақтың мінезі мен тарихы
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары жер-жерлердегі осындай түсініксіз, күмәнді жер-су атаулары ғалымдар мен тарихшылар тарапынан зерттеле бастағанын да білеміз. Зайсан сөзінің шығу тарихы жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Тілеуберді Сайдулдин ғаламторда жарияланған зерттеу мақаласында:
«Қазақи дыбысталуы «Жайсаң» атауы географиялық кеңістік тұрғысынан жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы, шұрайлы да нулы, кең алқапты суреттесе, «қасқа мен жайсаң» сөздері адамның біліктілік, тектілік дәрежесінің жоғары екендігін көрсетеді Адамның мінезінің жайдарылығы мен ақылының кемелділігін де «жаны жайсаң» деп сипаттайды.
Ақиқатты өзімізден емес, өзгеден іздеп үйренген ғалымдарымыздың пайымдауынша, «Зайсан» моңғол тілінде әскери-әкімшілік лауазым. Бұл өлке сондай әскери-әкімшілік аймағы болғандықтан, осындай атау қалыптасқан» деп есептейді.
Ал орыс тіліне бейімділігіне байланысты «жайсаң» емес, «зайсан» сөзі ресми қолданыс тапқан. Зайсан аталатын кең өлкенің бір бөлігі ғана, қазіргі осы аттас әкімшілік ауданға қарайды. Алтай жоталары, Тарбағатай-Сауыр таулары, Шар-Көкпекті шоқыларымен шектесетін кең атырап «Зайсан қазан шұңқыры» аталады. Оның нақ ортасында Зайсан көлі орналасқан. Физикалық география тұрғысынан бұл алқап Ертіс өзенінің бассейнін қалыптастыратын Нарын, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Көкпекті, Бөкен, Кендірлік, Үлкен Ұласты өзендерінің арна-сағаларымен қоса қарастырылады.
Қазақ тарихында Қазақ хандығының құрылуы, оның ар жағындағы Шыңғысхан, Алтын Орда дәуірі, одан бергі Жоңғар басқыншылығы, Ресейге бодан болуы кеңінен зерттелсе де, еліміздің шығысындағы бір түкпірі Зайсан өлкесіне қатысты деректер нақтыланбай, оның орыс пен қытайдың өзара бөлісуіне ұшырауының себептері мен салдары бүркемеленіп келеді», – деп тұжырымдайды.
Т.Сайдулдиннің пайымдауына өз ойын сабақтаған даңқты палуан, самбо күресінің саңлағы, халықаралық дәрежедегі төреші, Зайсан өңірінің тумасы Жанәділ Атаев:
– Академиктің айтуына қарағанда, қазақ тілінде моңғолдың «зайсан» сөзінің қалыптасуына әрі бекіп қалуына орыс тіліне бейімділігі әсер етсе керек. Өйткені орыс немесе орыс тілді «ғалымсымақтар» «ж» дыбысының алдына «д» дыбысын қосып айтпау үшін және қазақтың төл дыбысы «ң»-ның орнына өздерінің кең таралған «н» дыбысын қолдану үшін «зайсан» сөзін пайдаланған. Сөйтіп, «жайсаң» сөзінің мән-мағынасында халық тарихы, халық мінезі жатқандығын асқан зымияндықпен жасырып, империялық-орысшылдық саясатқа асқан шеберлікпен жымдастырып жіберген. Соның салдарынан «жайсаң» емес, «зайсан», ол моңғол сөзі» деп әлі күнге шатасып келеміз. Сөйтіп, 1757 жылдардан кейін орыс империясының тарихи «шарапатының» арқасында «Қазақтар Жоңғария мемлекетінің жері болып келген Зайсан өлкесін иемденіп қалған. Енді күні бүгінге дейін ие болып отыр» деген түсінік қалыптастырудың арам ниеті көзделген. Отаршылдықтың астарында жатқан бұл қулық пен айланы қазақтар «соқыр тауықтың өз бидайын өзіне қуырып беру» деп айтады, – деген ойымен бөліседі.
Ес білгелі «зайсан» сөзіне құлағымыздың әбден үйреніп кеткендігі соншалық, сөздің шынын айтар болсақ, «жайсаң» сөзінің құлаққа жағымды естілуін айтпағанда, бір мезгіл қазақы ұғымдағы мәні мен мағынасына үңілмеппіз де.
Осыған орай А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринованың ғылыми жазбаларына көз жіберіп көруге болады.
Түркілердің тілінде «зайсан» деген сөз жоқ
– Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінде «жайсаң» сөзінің «жадырап жайраңдаған, жарқын» деген бір ғана сандық мағынасы көрсетілген және бұл сөздің көбіне жігіт сөзімен тіркесетіні байқалған: – Осында соға кетсе жақсы болар еді, көріп қалатын. Жайсаң жігіт қой өзі (Д.Исабеков, Қара шаңырақ). Өзі де етінен ет кесіп беретін жайсаң жігіт еді (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке). Ағаң да бүгін тойса, ертеңін уайымдамайтын еді. Көңілі ақ, жаны жайсаң еді бейбақтың (Қ.Тоқмырзин, Оқшау отау).
Жайсаң сөзі орыс тілінде «благородный» деп қана аударылады. Хош, бұл бір жағымды энергетика делік. Мәселе, Зайсан атауының өзінде тұр. Профессор Телғожа Жанұзақ: «Зайсан атауының шығу төркіні мен мағынасы жайлы алғаш Ғ.Қоңқашбаев: «Моңғолдың заасинг (жақсы) деген сөзінен бұл атау ертеректе «Зайсан-нор», кейде «Нор-Зайсан» деп те аталған. Зайсан атының қойылуына байланысты бір аңызда: «Бір жұт жылы қалмақтар аштан қырылып жатқанда, осы көлге келіп, балығын жеп, апаттан аман қалыпты. Сөйтіп, көлді Заасингнор (жақсы көл) атапты». Зайсан көлінің бұрынғы атауы Хонхоты да (Қоңыраулы) моңғол сөзі» (Ғ.Қоңқашбаев, 1959, 91 б.), – дейді.
А.Әбдрахманов осы пікірді жалғастырып: «Ертеректе моңғол ақсүйектері де заасинг деп атаған. Қазақ тіліндегі «жақсы мен жайсаң» деген тіркестерді жайсаң сөзі – моңғол тілінен енген көл аты осы мағынадағы сөзбен байланысты болуы ықтимал, жергілікті тұрғындар көлді осы күнге дейін Жайсаң деп атайды», – деген пікірін айтыпты (А.Әбдрахманов, 1975, 99 б.).
Әрине, Моңғол мемлекеті «Бағзы бір замандарда «Заасингор», «Нор Зайсан» немесе «Хонхоты» деп аталған бұл аймақ біздің жеріміз» деп бүйректен сирақ шығарып отырған жоқ. Ондай жер дауының туындауына негіз де жоқ. Дегенмен, егер «зайсан» сөзінің шығу тегі, түп тамыры шынымен де «жайсаң» сөзінен бастау алатын болса, ауызекі сөзімізде қолданылып жүрген қазақтың мағыналы да, мәнді, құлаққа жағымды «жайсаң» сөзінен не себепті жерінеміз?
Бәлкім, «Онда тұрған не бар, Зайсан деп қалай аталса, солай қала бермей ме?» дейтіндер де табылар. Мүмкін олардікі де дұрыс шығар?! Дегенмен, әр сөздің парқына, маңызы мен мазмұнына айрықша мән беретін қазақ халқы «Аузымнан бір сөз шықса да, мағыналы, мазмұнды сөз болса екен» демейтін бе еді? Сөйткен қазақ, өзінің аузынан шыққан сөзінің не мағына беретіндігін білмесе, не болғаны?
«Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, жердің де сыры, оның қайсыбір көне атаулары жергілікті халыққа мәлім болар деген оймен бүкіл саналы ғұмырында Зайсан өңірінің арғы-бергі тарихын түгендеп, зерттеп-зерделеп жүрген тарихшы Қалибек Алтыбаевқа хабарласқанбыз.
– Мен осы күнге дейін архив атаулыны адақтап, Зайсан өңіріне қатысты тарихи мәліметтерді көп жинап, көп ізденген адаммын. Солардың бірде-біреуінде «зайсан» жоңғар-қалмақтың немесе қытайдың сөзі деп нық айтуға немесе сол сөзге илануға негіз боларлық дәлел көрген жоқпын. Барлығы да «болуы мүмкін», «деп айтады», «деген екен» деп келетін бос болжамдар мен долбарлар ғана.
Егер тарихқа тереңірек үңілер болсақ, қасиетті Алтай тауы және онымен ұштасып жатқан Тарбағатай, Сауыр, Сайқан, Маңырақ, т.б. таулардың түгелі дерлік түркінің алтын бесігі, түркі халықтарының ата қонысы. Сондықтан осы аймақтағы жер-су және тау атауларының шығу тегі де түркілік болуы заңдылық. Солай екендігіне еш күмән келтірмеуіміз керек. Ал сол түркілердің сөз қорында «зайсан» деген сөз бар ма, болса ол қандай мағына білдіреді? Жоқ, әрине. Ондай сөз болған да емес, болмайды да. Ал «жайсаң» деген сөзді кез келген түркі тілдес ұлттың сөздік қорынан тауып алуға болады. Сондықтан бізге, біздің менталитетімізге мағынасы жоқ «зайсан» сөзінен гөрі, мағынасы терең «жайсаң» сөзі әлдеқайда жақын әрі құлағымызға да жағымды, – дейді қаламы жүйрік қаламгер.
Осы жазбамыз жарық көре сала ойдағы-қырдағы жұрттың барлығы Зайсанды – Жайсаң деп атап кетпесі белгілі және біздің түпкі мақсатымыз да ол емес. Біздікі: «Ел ішінде жұртшылықты екіұдай ойға қалдырып, қайсыбір жерлерде орынсыз дау тудырып жүрген мағынасы түсініксіз «зайсан» сөзінің түп-төркінін білетін жандар бар ма екен, болса жан-жақты түсіндіріп бермес пе екен?» деген қызығушылық қана.
Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйер болсақ, біз жайсаң ел, жайсаң көл, жайсаң мінезді ұлт болғаннан ұтпасақ, ұтылмайтын секілдіміз.
Сіз бұған не дер едіңіз, қадірлі оқырман?