Қоғам

Жергілікті полиция қызметін Дулат Қазақпаев басқарады

Жергілікті полиция қызметін Дулат Қазақпаев басқарады

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХV сессиясы өтіп, жергілікті полиция қызметі бастығы лауазымына облыс басшылығы ұсынған кандидатураны келісу туралы мәселе қаралды.
Сессия барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов депутаттар мен құқық қорғау органдарының басшыларына осы лауазымға ұсынылып отырған полиция полковнигі Дулат Қазақпаевтың кандидатурасын таныстырды. Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Сонымен, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өкімімен және облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен жергілікті полиция қызметінің бастығы болып, полиция полковнигі Дулат Төлегенұлы Қазақпаев тағайындалды.
Ол 1962 жылы Жарма ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдары жүйесінде 1983 жылдан бастап жұмыс істейді. 1996-2013 жылдары Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап, осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған.
Облыстық мәслихаттың Аягөз ауданынан сайланған депутаты Рысбек Дүйсекеев бұл лауазымға Дулат Төлегенұлының кандидатурасы әбден лайықты екендігін, оның басшылық етуімен аз уақытта Аягөз ауданында қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алуда, жолын кесуде нәтижелі жұмыстар атқарылғандығын атады.
– Маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Біздерге артылған жауапкершілік жүгі жеңілдемейді. Сондықтан сенімдеріңізді ақтауға, бұл қызметті абыроймен атқаруға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын, – деді Дулат Қазақпаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button