Қоғам

Жерден де, әуеден де бақылау жүргізіліп отыр

Жерден де, әуеден де бақылау жүргізіліп отыр


Қарашадан бастап жауған қалың қар облыстағы 110 елді мекенге су тасқыны қаупін төндіріп тұр. Аймақта қардағы ылғалдың мөлшері нормадан 1,5-2 есеге артқан.

Зайсан, Аягөз аудандарында қардағы судың, ылғалдың мөлшері қалыпты болса, Шемонайха ауданында ылғалдың нормасы 96 пайызға, Катонқарағай ауданында 116, Риддерде 159, Глубокое ауданында 139, Күршім ауданында 180 пайызға көп. Сонымен бірге наурызда Бұқтырма су қоймасына келетін су көлемі әдеттегіден 40-65 пайызға, Шүлбі су қоймасына жиналатын су мөлшері 50-100 пайызға көбеюі ықтимал делініп отыр.

-Облыстың өзендері мен су қоймаларының деңгейіне 41 гидрологиялық пост арқылы тәуліктік режімде бақылау жүргізіліп отыр. Қардың жаппай еруі 110 елді мекенге, 96 шақырымдай 50 теміржол бөлігіне, облыстық маңыздағы автожолдың 77 шақырым көлеміндегі 105 жол бөлігіне, республикалық маңыздағы жолдың 65 бөлігіне, жергілікті жолдың 20 бөлігіне су астында қалу қаупін төндіріп тұр. Су тасқыны мерзімінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше бағытта кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр,-деп баяндады брифингте аймақта қалыптасып отырған су тасқыны қаупі мен жүргізіліп жатқан су тасқынының алдын алу шаралары туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов.- Облыс әкімінің қаулысымен «Су тасқыны қаупіне қарсы 2017 жылға арналған іс-шаралардың жоспары» бекітіліп, материалдық-техникалық құрал-жабдықтардың бәрі даярланды, азық-түлік, дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша келісім-ұйғарым құжаттары жасалынып, көпірлер, жол бойындағы су өткізу имараттары тазартылды. 16 наурызда төтенше жағдайлар бойынша облыстық комиссияның құрамымен облыстағы су басу қаупі бар учаскелерге тікұшақпен әуеден бақылау жасалып, нәтижесінде нақты шешімдер қабылданбақ. Әуеден бақылау жүргізу үшін және төтенше жағдайда шұғыл қимылдау үшін жеті тікұшақ әзірленіп отыр.

«Қазақстан ҒарышСапары» АҚ-мен де келісім жасалынып, аймақтағы қар суының еруіне, жайылуына ғарыштық мониторинг жүргізіліп жатыр. Су тасқыны қаупінің алдын алуға, тасқын кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға 1 млрд. 367 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Қалымов, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов, төтенше жағдайлар департаментінің басшылары жолдар бойындағы көпірлерді, қаланы қардан, қар суынан тазарту жұмыстары, тасқын қаупінің алдын алу шараларының жүргізілу барысы жөнінде айтты.

Шығыста апатты жағдайда немесе қараусыз тұрған су көздері нысандары, гидроимараттар жоқ. 222 имараттың бәрі де республикалық, облыстық коммуналдық меншіктің және жеке меншіктің иелігінде. Бәрі тазаланып, бақылауда ұсталынып отыр. Облыс аумағындағы жолдардың 3 414 шақырымнан астамын республикалық маңыздағы жолдар құрайды.

– Аудан, облыс көлеміндегі жолдарға қазір 12 апаттық бригада жасақталып, бақылау жүргізіп отыр. Оларда 103 техника бар, тәулік бойы кезекшілік атқарып, күн сайын таңертең бізге жағдайды баяндап отыр. Былтыр Катонқарағай ауданындағы Берел ауылы тұсындағы жолдың біраз бөлігіне су жайылып, көлік қозғалысын қиындатқан болатын. Қазір осы аймақта да кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл жерге оның үстіне Бұқтырманың суы маусым айына таяу келеді. Қазір Семей-Қайнар автожолының Мұқыр өзені бойындағы көпір апаттық жағдайда тұр, бұл жер де бақылауда. Көліктер бұл жерден айналма жолмен өтіп жатыр. Жыл аяғында көпірдің жобалау-сметалық құжаттарына қаржы бөлінген болатын, қазір ЖСҚ сараптаудан өтіп жатыр. Көпір құрылысына 150 миллион теңгедей қаржы кетеді, биыл көпір құрылысы жаңадан салынады деп жоспарлап отырмыз, -дейді «ҚазақАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшысы Бақыт Қалымов.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button