Қоғам

Жәрдемақы жөнінде сауал көп

Ержан Әбіш

Бала тууына және оның күтіміне, сондай-ақ мүгедектік жағдайы бойынша төленетін жәрдемақылар бойынша оқырмандар тарапынан түрлі сұрақтар жиі түседі. Осы ретте біз аталған сауалдардың біразын «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының халыққа қызмет көрсету орталықтары жөніндегі орынбасары Азамат Рахымжановқа қойған едік.

– Азамат Айтқұрманұлы, алдымен бала тууына, оның күтіміне қатысты сауалдардан бастасақ. Ата-анаға бала туғанда берілетін жәрдемақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?

– Біздің мемлекеттік корпорация бала туғанда берілетін жәрдемақы бойынша және оның күтімі бойынша композит қызмет көрсетеді. Оған бірден екі жәрдемақы кіреді – бала тууы бойынша жәрдемақы және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы. Оны рәсімдеу үшін жеке куәлік, барлық баланың туу турлы куәлігі, банктің шот нөмірі сынды құжаттар қажет.

– Түсінікті. Сонда, бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері қазір қанша?

– Осы жылдың 1 сәуірінен бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 120 840 теңге (яғни, 38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға 200 340 теңге (63 АЕК) болып бекітіліп отыр. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

– Ал бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақының мөлшері анасының жұмыс істеуі не істемеуіне қарай қанша болады?

– Бұл сұрағыңыз көпшілікті мазалайды. Тұрақты түрде әлеуметтік аударымдар жүргізетін, әлеуметтік сақтандыруы бар жұмыс орнында істейтін азаматтар үшін бала күтімі бойынша жәрдемақы мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 24 айға есептелген әлеуметтік аударымдар ұсталған орташа айлық табыстың 40 пайызы болады.

Ал жұмыс істемейтін азаматтар үшін осы жылғы 1 сәуірден бастап республикалық бюджеттен бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері былай есептеледі: бірінші балаға – 18317 теңге (5,76 ЕК), екінші балаға – 21 656 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 24 963 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 28 302 теңге (8,90 АЕК).

– Жалпы, осы бала күтімі жөніндегі жәрдемақыдан қандай да бір алымдар ұстала ма?

– Иә, бір жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі жәрдемақыдан міндетті зейнетақы жарналары ұсталады, олар жәрдемақы алушының Бірыңғай жинақтаушы қордағы шотына жіберіледі.

– Егіз не үшем туған кезде әлеуметтік төлемдер қалай бөлінеді?

– Егіз немесе одан да көп бала туылған кезде әр балаға тиісті жәрдемақы бөлек-бөлек тағайындалады.

– Бала туу және оның күтімі бойынша жәрдемақыны қайдан алуға болады?

– Бүгінгі таңда жәрдемақыны ХҚО, eGov порталы, Kaspi және Halyk Homebank мобильді қосымшалары арқылы және СМС арқылы проактивті түрде рәсімдеуге болады.

– Жәрдемақыны тағайындау үшін құзыретті органға қандай уақыт аралығында жүгінуге болады?

– Бала туғанда берілетін және оның күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау үшін баланың туған күнінен бастап және келесі 12 ай ішінде жүгінуге болады. Бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленіп тұрады.

– Жалпы, ресми түрде көпбалалы деп қандай отбасыны айтамыз?

– Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенттері бар жанұя көпбалалы отбасы болып есептеледі.

– Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақының мөлшері қазір қандай?

– 4 балаға – 50 976 теңге (16,03 АЕК), 5 балаға – 63 728 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға – 76 480 теңге (24,05 АЕК), 7 балаға – 89 231 теңге (28,06 АЕК), 8 баладан бастап әрбір келесі балаға 12 720 (4 АЕК) аралығында төленеді.

– Жақсы, ал «Алтын алқасы» және «Күміс алқасы» бар көпбалалы аналар жәрдемақыны қалай рәсімдейді?

– Бұл жәрдемақы СМС арқылы немесе ХҚО-да проактивті түрде рәсімделеді. Оны рәсімдеу үшін қажет құжаттар – жеке куәлік, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алғанын растайтын құжат және банктің шот нөмірі.

Азамат Айтқұрманұлы, өкінішке қарай, қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да аз емес. Осы реттегі сұрағымыз, мүгедектігі бойынша жәрдемақы кімдерге тағайындалады?

– Мүгедектігі бойынша жәрдемақы ел аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына тағайындалды. Олардың қатарына негізінен жалпы не кәсіптік аурудан, жұмыс барысында мертігуден мүгедек болған адамдар, мүгедек балалар және бала кезінен мүгедек адамдар жатады.

– Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда жәрдемақы кімге тағайындалады?

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша жәрдемақы жұмыс беруші өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізген әлеуметтік сақтандырудың қатысушысы болып табылатын адамға тағайындалады.

– Жәрдемақы тағайындау үшін қайда жүгіну керек?

– Мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау үшін өтініш «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚО), eGov порталы арқылы беріледі, мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде клиент медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі.

– Мүгедектігі бойынша жәрдемақының тағайындалу мерзімі қаншаға созылады?

– Аталған жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап тағайындалады, бірақ оны тағайындауға өтініш жасаған күнге дейін үш айдан аспайтын уақыт бұрын немесе проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алған күнге дейін, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда еңбек ету қабілетінен айырылудың белгіленген бүкіл кезеңіне құқық туындаған күннен бастап тағайындалады.

– Жәрдемақы алу үшін қандай құжаттар ұсыну қажет?

– Олар: өтініш, жеке куәлік немесе тұруға ықтиярхатты куәландыратын құжат, қандас куәлігі, мүгедектік туралы анықтама.

– Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайдағы жәрдемақы мен мүгедектік бойынша жәрдемақыны қандай орган тағайындайды?

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – еңбекке қабілеттілігінен айырылуы бойынша жәрдемақыны тағайындайтын уәкілетті орган. Ал мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық органдары.

– Мүгедектік бойынша жәрдемақының төленуі қандай жағдайда тоқтатылады?

– Бұл жәрдемақы төлем алушы қайтыс болғанда, ел шегінен тыс көшіп кеткенде, Қазақстан азаматтығынан айырылғанда немесе шыққанда, жәрдемақының негізсіз тағайындалғаны анықталғанда тоқтатылады.

– Жәрдемақы алып жүрген адам өзінің банк шотын өзгерткен жағдайда не істеуі керек?

– Банк шоты өзгерген жағдайда жәрдемақы алушы жеке куәлікпен және жаңа банк шотының нөмірі туралы хабарламамен тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Сондай-ақ қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктердің, атап айтқанда, Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Kaspi Bank мобильді қосымшаларында банктік деректемелерді онлайн тәртіпте ауыстыруға болады.

– Көп рақмет! Бұл мәліметтер оқырмандарымыз үшін пайдалы болады деп санаймыз.

Осы айдарда

Back to top button