Жердің қадіріне жетіп жүрміз бе?
Тозғанын тыңайтып, игерусіз қалғанын игілікке жаратудың нақты жүйесі болмаған соң, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бірақ айналып өтуге тағы болмайды. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалығымен осы мәселеге қатысты жиын өтті.
Салғырт қарағандардың салығы ауырлайды
Салада қордаланған мәселе жетерлік. Әркім бас-басына би болған жеке меншіктік жүйеде өзіне сеніп тапсырылған алқапты «Иран бағына» айналдырғандар да, жұмақтай жайқалған телімді тулақтай тоздырғандар да бар. Өкініштісі сол, соңғыларының қарасы мол.
Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының дерегіне сүйенсек, өткен бір жылдың ішінде алқапты тиімді пайдаланудың тәртібін бұзған 1102 оқиға тіркеліпті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сәйкесінше, аталмыш жер иелеріне салынған айыппұл құны да еселеп артқан. Бүгінде соның 15,7 млн. теңгесі бюджетке түсіпті. Басқарма басшысы Серікжан Жақаевтың айтуынша, жер заңнамасын бұзған оқиғаның 79 пайызы меншігіндегі телімді жылдар бойы игермеуге қатысты тіркелген. Осылайша, не өзі игермей, не өзгеге игілігін көрсетпей келген 869 жер иесі анықталған. Олардың иелігінде жалпы аумағы 63 мың гектардан астам жер бар. Ал алқапты тиімді пайдаланбай, тозуына жол берген 20 жер иеленуші әшкере болыпты. Өкінішке қарай, олардың иелігіндегі, 2,6 млн. гектардан астам алқап игерілуде. Бұл облыстағы ауылшаруашылық мақсатта пайдаланылатын алқаптың 24,5 пайызына тең.
Осы олқылықты жүйелі түрде жою үшін 2014 жылдан бері алқап иелеріне жер пайдаланудың ішкі шаруашылық жобасын әзірлеу міндеттелген болатын. Ол жоба егіс айналымын, топырақ күтімін, себілетін тыңайтқыш пен дәрмектің көлемі мен түрін реттейтін бірден-бір тиімді тетік ретінде бағаланып отыр. Арада үш жыл өтсе де, бұл талапқа құлақ асқандардың саны көңіл көншітпейді. Аймақтағы 10,6 млн. гектар алқаптың тек 15 пайызы ғана аталған жоба бойынша игерілуде. Көш басында Зырян және Шемонайха аудандары тұрса, ең төменгі сатыға Аягөз, Абай, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласы жайғасыпты.
-Бұдан былай мұндай бассыздыққа мемлекет сырттан қарап қана отырмайды. Жерді тиімсіз пайдаланғандарға, игерусіз тоздырғандарға салық мөлшерін он есеге дейін арттыру ережеге енгізілді, – дейді Серікжан Жақаев.
Республикалық сарапшылар соңғы жылдары жердің өнімділігі азайғанын айтып дабыл қағуда. Өнімділік азайды дегені – топырақ тозды деген сөз. Жайлаулық жайылымдар да игерілмей, ондағы инфрақұрылым тып-типыл етіп тоналған.
Алты бірдей су бөгені салынбақ
Биыл Жер кодексі жаңартылып, жайылым туралы заң қабылданады. Бұл құжаттар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асырудың заңнамалық негізі болмақ. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы жеке тұрғын үй құрылысында жинақталған мәселелерді реттеуі тиіс. Әсіресе, жер кезегін сейілтіп, қала іргесіндегі елді мекендердің біркелкі сәулетке енуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Үкімет жер қатынастарын реттеуді оның жағдайын толық зерделеуден бастамақ. Өйткені, біздегі телімдердің кадастрлық құны сексенінші жылдардың аяғындағы деректер бойынша тағайындалып жүр. Әуелі республика бойынша 33 млн. гектар егіс алқабының топырағына талдау жүргізілмек. Осыған таяу жайылымдық алқапқа геоботаникалық зерттеу де жүргізілуі тиіс. Сол зерттеулер нәтижесінде еліміз бойынша жердің электронды кадастрлық картасы жасалады. Суармалы жерді игеру жүйесін бақылауда ұстау үшін барлық гидротехникалық ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтару шаралары басталып та кетті.
Гидротехника демекші, биыл облыста соңғы 25 жылда тұңғыш рет алты жаңа су бөгені салынбақ. Бұл кеңестік дәуірде де танабына су тимеген алқаптар игеріледі деген сөз.
Біздің облысқа келер болсақ, мемлекеттің қолдауы ауылға сезіле бастады. Оған соңғы бір жылда ғана 108 шаруа қожалығы жаңадан құрылғаны дәлел.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова қожалықтар санының артуымен бірге, егіс пен жайылым алқаптары да кеңейгенін айтады. Атап айтқанда, егіс көлемі 215 мың гектарға, жайылым 200,1 мың гектарға ұлғайған. Суармалы алқаптар 1,3 мың гектарға кеңейген.
Жаңа кодекс бойынша ауылшаруашылық жерлерді 49 жылға жалға алу жүйесі қалатын болды. Алайда, жалға алған жерді тоздырмай, тиімді пайдалану талабы күшеймек. Бақылауды салалық бөліммен қоса, ауылдық коруг әкімі де қатаң қадағалайтыны көрсетілген кодексте.
-Өткен айдың басында бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің талқылауына жіберілді. Енді оны ел арасында түсіндіру жұмыстары басталмақ. Ол үшін облыстарда арнайы жұмыс тобы құрылып, аудан-ауданда кесте бойынша кездесулер өткізуі қажет. Біздегі жұмыс тобы облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің басқаруымен осы айдан бастап ел аралауға шығады, – дейді В.Барсукова.
Жерге қатысты тағы бір маңызды жаңалық, жер иелері мен оны жалға алушылардың құжатына кең ауқымда ревизия жүргізілмек. Бұл – Мемлекет басшысының елдегі жер қорына талдау жасау жөніндегі тапсырмасынан туындап отырған шара. Бұл ревизия осы жылдың сәуірінен 2019 жылдың қарашасына дейін жалғасады. Оны жүзеге асыратын аудандық және облыстық жұмыс топтары құрылған. Осы шарамен қатар 2012-2014 жылдардағы инвентаризация кезінде анықталған игерусіз жерлерді мемлекетке қайтару шараларын ширату көзделіп отыр. Дүйсенғазы Мусин бұл бағыттағы жұмыстарды биыл аяқтауды тапсырды. Жайылым туралы заң да ел талқысына берілгелі біраз болды.
-Біздің облыс тарапынан аталмыш құжатқа ондаған ұсыныстар беріліп отыр. Әсіресе, жайылымдардың жағдайын зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, елді мекеннің маңайындағы меншік жерлерді мемлекетке қайтару тетіктерін нақтылай түсу мәселелері әлі де жетілдіруді талап етеді, – дейді Виктория Барсукова. Расымен де, аталмыш заң жобасында жергілікті әкімдіктерге, әсіресе, ауыл әкімдеріне көп міндеттер жүктелген. Сондықтан әр ауданға аталмыш заңнамалық құжатты ел арасында қарқынды түсіндіріп, жергілікті әкімдерге қойылатын талаптарды күшейту қажет болып отыр. Жалпы алғанда, жерге қатысты реформалық өзгерістер басталып кетті. Ең бастысы, оның әрбір қадамы елмен келісіліп, жаппай талқылаудан өтіп қана жүзеге асуда. Жерге деген күтім күшейіп, оның құны артады. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Өйткені, әлемдегі дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен.
Есімжан Нақтыбайұлы