Жерасты өткел жолдары қашан жөнделеді?

Семейдегі жерасты өткел жолдарының жағдайы сын көтермейтіндігі рас. Себебі, тек соңғы бес жылда бұларды жөндеуге қаражат мүлде берілмеген.
Плита жабындарының түсіп жатуы, тазалықтың болмауы туралы қала әкімінің баспасөз мәслихатында да айтылды. Иә, жыл өткен сайын Семейдегі жерасты өткел жолдарының жағдайы төмендеп барады. Әкімдіктегілердің айтуынша, бәрін бірден жөндеп тастағанға бюджеттің қалтасы көтермей тұр. Дегенмен, 2018 жылы 1-2 ғана жерасты өткел жолын жөндеуге мүмкіндік бар екен. Әрине, бұл орайда халықтың да өтінішін назарға алған жөн. Жерүсті жолдары жөнделіп жатыр. Десек те, сол жолдардың астындағы жерасты өткелдері ұмытылып барады. Жерасты жолы тұрғындар үшін аса қажет. Себебі, жыл сайын автомобиль саны артып отыр. Олардың арасынан тіпті бағдаршамның жасыл көзі жанып тұрса да өту кей кезде қауіпті.
Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімі мамандарының айтуынша, «Балалар әлемі» сауда орталығы алдындағы Шәкәрім даңғылы мен Ибраев көшесі, 72 квартал аумағындағы Ш.Қаржаубайұлы және Қабанбай батыр көшелері аралығындағы жапондықтар салған жаңа көпірге жалғас жолдың жерасты өткелі, Қабанбай батыр көшесі тұсындағы Орталық базарға өтетін өткелдер, жаңа көпірдің тұсындағы Достоевский көшесі бойындағы, Восточный ауданындағы және «Народная», «Океан» аудандарындағы жерасты өткелдері күні бойы ары-бері ағылған халықтың жүретін жолы. Бірақ жағдайлары мәз емес. Ал қаладағы барлығы сегіз өткелдің төртеуі жекеменшік кәсіпкерлердің иелігінде.
Осы уақытқа дейін тұрғындардың ренішін назарға алған Семей қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшылығы бірнеше рет осы қаланың өз иелігіндегі төрт жерасты өткелін жөндеуге қаржы сұрап келген екен. Бірақ қаржы жетіспеушілігінен барлығы кейінге шегеріле беріпті. Жерасты өткелінің ең бір қауіптісі – Ш.Қаржаубайұлы көшесі бойындағы өткел.
-Тұрғындардың өздері көбіне жанып тұрған лампочканы бұрап алып кетеді, не болмаса шамдары жанып кетеді, бұған техникалық себебін де қосыңыз,-деді осы жерде кездескен қала тұрғыны Еркін Маратқанов,-тағы бір проблема осы жерасты өткелінің қабырғасын қарасаңыз, айбақ-сайбақ жазуларға толтырып тастаған. Бұл да қала тұрғындарының жасап отырған қателіктері. Осы өткелдің іші ара-тұра ғана сыпырылады. Бірақ бір рет жуылғанын көрмеппін. Шамдары өшіп қалған кезде, қысы-жазы қараңғыда өтуге тура келеді. Қыстағы мұзтайғақ кезінде аса қауіпті.
-Мен ТҮКШ бөліміне тапсырма бердім,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-қаладағы коммуналдық жекеменшікке қарайтын төрт жерасты жолының барлығын болмаса да, бір-екі нысанын жөндеу керек. Бұларды реттеп, жөндеуге қала бюджетінен аздаған қаражат бөлінеді. Жерасты жолдары қыс түскенге дейін тазарып, жөнделуі қажет деген елдің айтқан пікірі дұрыс деп есептеймін. Халыққа жағдай жасауымыз керек.
Семейліктердің пікірінше, «Народная» және М.Әуезов даңғылындағы жерасты өткелдерінің жағдайы біршама дұрыс. Бірақ олар да сонау кеңес кезінен бері ескіріп кеткен.
Айта кету керек, Семей қаласының жолдарын жөндеуге 2 млрд. 400 млн. теңге бөлінген екен. Бірақ жерасты жолдары назардан тыс қалғаны қалай? Бұл сұрақ көпшілікті біршама алаңдатып та отыр.
Тіпті төртеуі жекеменшікте, төртеуі ТҮКШ-ге қарасты болса да, жерасты жолдарының барлығы кеңес кезінен бері қарай күрделі жөндеу көрмеген. Тек осы биыл ғана қолға алмақ.
-Шәкәрім даңғылы бойындағы жерасты өткелі де жөндеуді қажет етеді,-деді қала тұрғыны Анна Федорова,-қыста әсіресе қауіпті, мұз жалтырап жатады. Балалармен, қоларбамен келе жататындарға қиын-ақ. Кейбір жерасты өткелдерінен түнде өту қиямет. Қаңғыбастар келіп ұйықтайды. Бұны да әкімдік өз назарына алса деген өтінішім бар.

Жерасты өткелдерінің жекеменшікке өткендерінің әйтеуір тазалығы дұрыс, себебі иесі бар. Мәселен, кейбір жерасты жолдарында ішін тап-таза ғып жинап, сауда орнына айналдырған бизнес өкілдерінің жұмысына халық жақсы баға беріп отыр. Тек ТҮКШ қарамағындағы жерасты өткелдері халықтың алаңдаушылығын тудыруда. Жалпы, жерасты өткелдерінің мәселесіне орай, журналистердің сауалына қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов былай деп жауап қайтарды:
-Халық қала ішіндегі жолдарға бөлінген қаражат жерасты өткелдеріне де берілуі керек деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Қаражаттың жерасты өткел жолдарына ешбір қатысы жоқ. Семей бойынша сегіз жерасты өткелі бар. Осылардың барлығы біздің есебімізде тұр. Сондықтан заң бойынша осы жерасты өткелдерінде шағын және орта кәсіппен айналысып, сауда-саттық орындарын ашамын дегендерге ешбір қарсылығымыз жоқ, төртеуі жекеменшікте.
Мүмкіндігінше Семей қаласының қаржы бөлімімен бірге, сауда жасаймын деушілерге жағдай жасап жатырмыз. Бұл 1998 жылдан бері қолға алынған шаруа. Олар тек бизнес ашып қана қоймайды. Жерасты жолдарының тазалығы мен күтімін де басты назарға алады. Атап айтсам, М.Әуезов даңғылындағы, орталық базар жанындағы және Қабанбай батыр мен Қайым Мұхамедханов көшелеріндеге өткелдерде жеке кәсіпкерлер жақсы жұмыс істеуде. Ал бізге қарасты төрт жерасты өткелін «Зеленстрой» мекемесі арқылы тазалап, қадағалауға тырысамыз.
Серікқали Жұмановтың айтуынша, өткелдердің ішін жарықтандыру үшін қойылған электр шамдарын кейбіреулер алып кетеді екен. Оны қайтадан қойғанға бюджет қаражаты жетпейді. Себебі, ТҮКШ бөлімінде қаражаттың қалай және қанша бөлінгені есепке алынып отырады.
-Биыл екі өткелдің төбесін жөндеп, жаңбыр жауғанда, қар ерігенде су кірмесін деп, қаржы сұрадым,-деді Серікқали Жұманов,- сол үшін сметалық-құжаттамалық есептеуді дайындап, 16 миллион теңге қаражат бөлгіздік. Қабанбай батыр көшесіндегі өткелдің төбесін мердігер компания «Металлист» ЖШС жапты. Сондай-ақ орталық алаңдағы №6 мектеп-гимназия мен Абай театры арасындағы жерүсті өткелі де пайданылуға берілді. 2014 жылы құны 74 миллион теңгеге бағаланып жоспарланған еді. Жерүсті өткелінің құрылысы төрт жылға созылды. Биыл көктемде іске қосылды. Жерүсті өткелін тағы да №21 мектептің жанынан және Семей мемлекеттік медицина университеті тұсынан салуды жоспарлап едік. Жалпы құны 100 миллион теңгеден асып тұр. Мына салынған өткелде түсіп-шығуы қиын мүгедектерге мүмкіндік жасалмады, онсыз да төрт жылға тоқтап қалған жерүсті көпірін әрең аяқтадық.
Қалай деп айтсақ та, әйтеуір сең қозғалған сияқты. Жөндеу көрмеген жерасты өткелдері біртіндеп болса да қалыпқа келсе игі…
Раушан Нұғманбекова
Семей.