Қоғам

Жер жаңа талаптармен беріледі

Жер  жаңа талаптармен беріледі


Биылдан бастап мемлекеттік шекараның шекаралық белдеулерінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

ҚОЛДЫ БОЛҒАН ЖАЙЫЛЫМДАР ҚАЙТАРЫЛЫП АЛЫНБАҚ

2018 жылдың 4 мамырында Президент қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңда тірлігі жерге қараған ауыл жұртына, кәсіпкерлерге тиімді, қолайлы басқа да жаңалықтар баршылық.

Аталған заң 2016 жылы құрылған, құрамында Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлерІі, белсенділері бар жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындылары бойынша әзірленіп отыр. Заң ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру; ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті мөлшерін белгілеу; шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту; тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету сияқты жер қатынастарының маңызды мәселелерін қамтыған.

2016 жылы Президент Жарлығымен 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін Жер кодексінің кейбір нормаларына, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтардың жекеменшігіне беруге, шетелдіктерге жалға беруге тыйым салынған болатын. Жаңа заңда осы мораторий нормаларына қоса жарғылық қорда кез-келген көлемде шетелдік үлесі бар бірлескен заңды тұлғаларға да жерді жалға беруге тыйым салынған. Жаңа заңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір нормалар жоқ. Керісінше, бұл Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1% болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады, яғни жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді.

Жер  жаңа талаптармен беріледі

Ауылдағы ағайын үшін ең жағымды жаңалық – жайылым жерлер көлемі ұлғаятын болды. Енді жаңарған заң талаптары бойынша мемлекет жекеден жайылымдарды кері сатып алмақ. Ол үшін қаржы қарастыру көзделген. Осылайша, төрт түлікке қарап отырған ауыл халқы үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Бүгінде өзі ауылда тұрмаса да, шенін, байлығын пайдаланып ауылдың төңірегіндегі жерді тарылтып, жеке-меншігіне алып алғандар көп. Аудандардағы кейбір елді мекендердің айналасына мал жаю мұңға айналды. Жаңа заң бойынша бұдан былай шекті мөлшерден асатын жер бір адамның қолына берілмейді. Бұдан өзге, жергілікті тұрғындардың жеке аула малының саны жыл сайын өсуіне байланысты жайылым жетіспеушілігін заңмен шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма белгіленіп отыр. Алдағы уақытта тұрғындардың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекет мүддесіне жатқызу жолы арқылы мұндай жер телімдерін әкімдіктермен қайтарып алу мүмкіндігі ұсынылады. Еліміздегі 6585 елді мекен маңындағы 20,8 млн. гектар жайылымдық жер ауыл халқының меншік малын жаюға жетпей келеді. Қосымша 27,7 млн. гектар жайылым керек болып отыр.

Үй іргесіндегі бау-бақша үшін жаңа заң бойынша енді 1 гектарға дейін ғана жер беріледі. Енгізілген өзгерістер аясында мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен конкурс негізінде жүзеге асырылады.

Заңда көрсетілгендей, бұдан былай мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Шекаралық белдеулерден осы уақытқа дейін алынған жерлерді иелері әрі қарай пайдалана береді.

Жанар Қаржанова, Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің жер қатынастарын және жерге орналастыруды реттеу басқармасының басшысы:

Жер  жаңа талаптармен беріледі

– Жерді тиімді пайдалану мақсатында учаскені жалға алғаннан кейін, алғашқы 5 жыл бойы жыл сайын, одан кейінгі уақытта суармалы жерлерге әр 3 жыл сайын, тыңайтылған жерге әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Мониторинг нәтижелері жерді жалға алушының жерді өз мақсатында пайдаланбай отырғанын немесе жердің мүлде пайдаланылмай тұрғанын көрсетсе, онда ол жер қайтарылып алынады. Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. Онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Біріншіден, аталған Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылған. Екіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген.

КОМИССИЯ «БАРМАҚ БАСТЫ, КӨЗ ҚЫСТЫЛЫҚҚА» БАРА АЛМАЙДЫ

Жаңа заңдағы тағы бір жаңалық, 2021 жылдан бастап жер учаскелерін жалға алу, сату жөніндегі конкурстар мен аукциондар тек электронды түрде жүргізіледі. Жер комиссиясының құрамында қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері болады. Барлық әлеуетті тұлғалардың қатыса алуы үшін жер учаскелеріне конкурстың өткізілуі туралы ақпарат аудандық, басқа да БАҚ-та, министрліктің, аудан, қала әкімдіктерінің интернет ресурстарында жарияланатын болады. Жер комиссиясының отырысы міндетті түрде аудио, бейне жазбаларға түсіріледі. Бұл жер беру тәртібінің барынша ашықтығын қамтамасыз етеді. Конкурс бойынша жер учаскелерін алуға қатысу үшін: ауыл шаруашылығын жүргізудің бизнес-жобасы, жергілікті халыққа жұмыс орындарын ашу, егістік құрылымдарын әртараптандыру шарттарын орындау қажет.

– Кәсіпкерлердің, шаруашылық иелерінің басындағы мәселелердің көпшілігі осы жер участоктарын алуға байланысты болып келе жатыр. Жер қатынастары туралы заң болашақта жер участоктарын беруге байланысты конкурстардың әділетті өтуіне бірден бір мүмкіндік туғызатын болды. Бүкіл облыстағыдай біздің ауданда да бос жер участоктарының электронды картасы жасалады. Картада инженерлік, көліктік құрылымдар, жер үлескілері нақты көрсетіліп, ұсынылмақ. Болашақта ауыл тұрғындары одан облыстағы, аудандардағы жер ресурстары туралы толық ақпаратты көріп, алып отырмақ, – дейді Көкпекті аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлия Мұқашева.

Виктория Барсукова, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

Жер  жаңа талаптармен беріледі

– Жерді пайдалануды қадағалау міндеті жергілікті қалалық, аудандық әкімдіктерге беріліп отыруы өте дұрыс шешім. Салалық ведомстволардың мұндай жұмыстарды жүргізуге уақыты та, қызметкерлері де жетпейді. Бұл міндеттің әкімдіктерге жүктелуі әкімдердің өз аумақтарында жерді тиімсіз пайдаланып жатқандарға қозғау салуына қосымша тетік болады. Алыс жақтан келіп жүргеннен жергілікті жерде тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді тауып, анықтау, иелеріне ескерту беру анағұрлым қолайлы болады. Қазіргі күні жерге байланысты арыз-шағым, даулар өте көп. Заңға енгізілген өзгерістер осы дау-дамайларды шешуге мүмкіндік беріп, жер қатынастарындағы басқа да түйткілді тұстарды реттейді.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
Жиған ақшаңнан айырылудың үш жолы бар:
– Ең жылдамы – сауда жасау.
– Ең жағымдысы – демалысқа бару.
– Ең сенімдісі – ауыл шаруашылығына салу.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button