Қоғам

Жер өз иесін табады

Жер өз иесін табады

Тағы да айтқым келеді, ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке меншігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқы Ассаблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзінен, 2016 жыл, 26-сәуір.

2016 жылдың бірінші шілдесінен бастап Қазақстанда жаңартылған Жер кодексі қолданысқа енеді. Осы сәттен бастап ауылшаруашылық жерлерді күтіп ұстаудың заңнамалық негізі қаланбақ. Қазақстан азаматтары жер телімдерін жеке меншікке сатып алумен қатар, оны барынша тиімді пайдалануға міндеттеледі. Ал ауылшаруашылық телімдерді жалға алып отырғандарға өз жерін кадастрлық құнының жарты бағасына ешқандай саудасыз, 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен меншігіне алуына болады. Бірақ шетелдіктер жерді жеке меншікке ала алмайды. Оларға тек жерді 25 жылдық жалға алу шартымен уақытша пайдалануға рұқсат беріледі.
Жер реформасы облысымыздағы әлеуметтің барлық өкілінің қызығушылығын тудырып отыр. Бұл түсінікті де, жерді өмірдің негізі деп тегін айтпаған. Шығыс Қазақстан облысында 10 млн. гектардан астам ауылшаруашылық жер телімдері бар. Оның ішінде егістік алқаптардың көлемі 1,5 млн. гектарға жетеді. Бұл алқаптарда мыңдаған жерлестеріміз еңбек етіп келеді. Солардың тарапынан жиі қойылып жүрген сауалдарға облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары мәселелерімен шұғылданатын орынбасары Дүйсенғазы Мусин жауап берді.
– Дүйсенғазы Мағауяұлы, енгізілген өзгерістер бәрінен бұрын шаруаларды алаңдатып отыр. Бірінші шілдеден бастап оларды жалға алып отырған жер телімдерін сатып алуға мәжбүрлемей ме?
– Жер кодексі бірінші кезекте қазақстандық шаруалардың түбегейлі мүдделерін қорғайды. Егер біздің шаруа жалға жер алған болса, жалға алу мерзімі біткенше алаңсыз жұмысын жалғастыра алады. Ал ол мерзім ондаған жылдарды қамтиды. Біздің облыста 15 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдар бар. Шаруалардың иелігінде барлық ауылшаруашылық алқаптардың 80 пайызы шоғырланған. Бұл жағдайда жалға алынып отырған жерлерде жұмыс жүргізілген болса, ешкім оған таласа алмайды. Ал шамасы келіп, ниеті болып жатса, фермер жалға алған жерін кадастрлық құнының 50 пайызына 10 жылға бөліп төлеу арқылы меншігіне қарата алады. Әрине, ешқандай аукционсыз, тікелей сатып алады. Келісуіміз керек, бұл – өте ізгілікті шешім. Бұған да шамасы келмесе, шаруа өз үлесін кооперативтер мен серіктестіктердің жарғылық капиталына өткізе алады. Мұны қалай шаруаға жасалған қамқорлық демейсіз?
– Жерді жеке меншікке беру біздің азаматтарымызға қандай тиімділік береді?
– Бүгінде кейбіреулер жердің жеке меншікке берілуінен қауіптеніп отыр. Бірақ фактіге жүгінер болсақ, жер бұған дейін де сатылып келген. Алайда, 10 млн. гектар ауылшаруашылық жердің 78,3 мың гектары ғана, яғни 0,8 пайызы жеке меншіктің қолында. Ал 99,2 пайызы уақытша пайдалануда. Бірақ өкінішке қарай, жалдағы жерлер көп жағдайда ұқыпсыз, тиімсіз игерілуде. Мысалы, инвентаризация нәтижелерінің қорытындысы бойынша 984,3 мың гектар жердің игерусіз жатқаны анықталды. Жерді игермегені үшін 10,2 мың гектар алқаптың иесімен келісімшарт тоқтатылды.
Гектарға шаққандағы өнімділіктің төмен болуының бір себебі осында. Айтпақшы, Жер кодексіндегі толықтырулардың барлық параметрлері бойынша аудандарда үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қажетті деңгейде жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл іс шындығында бүкілхалықтық және оны күш біріктіре отырып шешу қажет.
– Осы жерде біз жердің тиімді пайдаланылуы деген тағы бір маңызды мәселеге келіп тірелеміз.
– Жер кодексіндегі өзгертулер мен толықтырулардың негізгі мақсаты жерді меншікке беру арқылы жермен жұмыстың жаңа сапалық деңгейін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да қарастырылған.
Мұнда маңызды қажеттілік бар. Турасын айтайық, өңірдегі жалға берілген жерлерді әзірге жерді пайдаланушылар тұтынушылық көзқараспен пайдаланып отыр. Жұтаған, құнарсызданған, қараусыз қалған алқаптардың пайызы жоғары. Ал жер меншікке өткесін иесінің жауапкершілігі, жердің құнарлылығын сақтау, жер ресурстарын ұқыппен пайдалану мәселелерінде ынтасы артатынына күмәнданудың қажеті жоқ. Елімізде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдаланудың жаңа Ережелері қабылдануы тегін емес.
– Біз негізінен жердің иелері бекітілген дейміз. Сонда аукциондар мен конкурстарға қандай учаскелер шығарылады?
– Жоғарыда айтылғандай, жуықта ғана жерді түгендеу шараларының нәтижелері қорытындыланған болатын. Қараусыз қалған, ұқыпсыз пайдаланылған учаскелер көптеп анықталып отыр. Мұндай жерлерді мәжбүрлі түрде қайтарып алу, алқаптардың бірқатарын жер қорына өткізу бойынша аз жұмыс жасалған жоқ. Қайтарылған және бос жатқан жерлер бірінші кезекте саудаға қойылатын болады.
Әрине, жаңа меншік иелерінің алдына қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шарттар қойылады. Жерге орналасудың ішкі шаруашылық жобасын дайындау, егіс айналымын сақтау және өзге де талаптар. Әркім анық білуі керек, жердің меншік иесіне деген талаптар қатаңданатын болады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың да жауапкершілігі мен рөлі артуы тиіс.
Жер кодексінің 65-бабы жерді оның пайдалану мақсатына сай игерілуін қарастырады. 95-бапта егер жер учаскесі бесжылдық кезеңнің екі жыл көлемінде мақсатына сай қолданылмаса, ол мәжбүрлі түрде қайтарып алуға жататыны айтылған. Демек, жердің меншік иесі де заңның барлық талаптарын орындауы тиіс. Жердің иесі болу «онымен не істесем де өзім білем» деген сөз емес қой. Жергілікті жер инспекцияларының үлкен жауапкершілікті арқалайтын кезі туып отыр. Олар барлық меншік түріндегі жерпайдаланушылардан тиімді пайдаланудың ережелерін орындауды талап етуі тиіс.
– Шетелдіктер жер телімдерін сатып ала ала ма, әлде жоқ па?
– Жоқ! Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдікке бір шаршы миллиметр жер де жеке меншікке сатылмайды. Жер шетелдіктерге тек арендалық шарттармен берілуі мүмкін. Ол аз десеңіз, азаматтығынан айырылған Қазақстан азаматтарынан да меншіктегі жері қайтарып алынады немесе қайта ресімделеді.
Принципті ережелер осындай. Өз кезегінде біздің жермен жұмыс істеуші шаруалар меншік құқығы қандай болған жағдайда да елдің негізгі байлығы жер екенін, оны ұқыппен және тиімді пайдалану керектігін түсінуі қажет.
– Дүйсенғазы Мағауяұлы, сатылатын жерлердің көлемі жөніндегі мәселені де елеусіз деп айтуға келмейді. Қалталы біреу келіп өте үлкен аумақты сатып алуы мүмкін ғой. Ал бұл басқалардың құқығын шектейді.
– Менің білуімше, бұл тұрғыда нақты ұсынымдар дайындалып жатыр. Бірақ бұл орайда жер-жерлердегі жұмыстарға үлкен мән беріліп отырғанын айта аламын. Катонқарағайда алқаптардың өлшемі басқа да, Аягөз ауданының Шұбартау бөлігінде мүлде басқа болуы мүмкін. Жергілікті әкімдіктердің алдына қандай нақты мақсаттар қоятынына да көп дүние байланысты. Қандай инвестицяны қай жерге тарту керек, қай жер саудаға қойылады деген мәселелерді анық білуі тиіс. Қуаты аз шаруашылықтар инвестиция құя алмайтыны жасырын емес. Облыс әкімінің мұндай жағдайда шетелдік инвестициялар тартуды талап етуі тегін емес. Барлық факторларды ескере отырып, қолданыстағы заңнама аясында объективті шешімдер қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдері мен аудандық комиссиялар мәселені толық меңгере білуі тиіс. Келісімдер жүргізудің барлық өлшемдерін осы коллегиялық орган анықтайтын болады. Комиссия құрамында міндетті түрде білікті мамандар, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлер палатасының, басқа да ұйымдардың өкілдері болуы керек. Сауалдар көптеп туындайтыны анық. Ауылда сүт фермасы салынып жатыр дейік, яғни, оның өз жері болуы керек. Бұл жағы алдын ала қарастырылуы тиіс.
Бүгіннің өзінде ауыл әкімдері елді мекендерге қанша жер қажет екенін білуі керек. Ауылға жайылым мен шабындық жеткілікті ме, деген мәселені тағы бір рет сараптап, алдағы 20-40 жылдың келешегіне көз жүгірту қажет. Тіпті, елді мекен халқы мен мал басының өсуін есептей отырып, жер резервін қалыптастыруға болады. Яғни, Жер кодексіндегі өзгертулер күшіне енген сәтке дейін елді мекендерге қажет ауылшаруашылық жерлердің ауданын тәртіпке келтірмей болмайды. Сервитут, яғни шек қою құқығы сақталуы керек. Мұны міндетті түрде жерді тиімді пайдаланудың ережелеріне сай жасау қажет. Жеке қосалқы шаруашылықтар жер саудасынан зиян шекпейтін болады. Көріп отырғаныңыздай, ауыл әкіміне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол бүгінгі жер туралы заңдарды жатқа білуі тиіс. Ережелерді білген жағдайда ғана жерді пайдалану бойынша жаңа жобалар туралы бастама көтеруге болады. Біздің жұмыс тобымыздың аудандардағы кездесулерінде бұл жайында көп айтылды. Мәселен, ауыл тұрғындарына бірлескен кооператив құрып, ортақ қажеттіліктер үшін жер телімдерін сатып алуына болады.
– Біздің өңірде ауылшаруашылық жерлерді сату қалай басталады? Алғашқы саудаға қанша алқап қойылмақ?
– Қалалық және аудандық әкімдіктер аукционға 157 мың гектар жер ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолданылмай жатқан суармалы жерлерді игеру мақсатында инвестициялық конкурс өткізу жоспарлануда. Оған Бесқарағай, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандары және Семей қаласы қатыстырылмақ. Бұл алқаптар үлкен инвестицялар құюды талап етеді. Конкурс қатысушыларына қойылатын талаптар мен өлшемдер туралы бағана айттық. Сонда да бүгінгі жерді пайдалану жағдайында әкімдіктер мен жер қатынастары бөлімдерінің, жер инспекциялары мен комиссиялардың жауапкершілігі артатынын қайталап айтқым келеді. Ауылшаруашылық жерлерді тиімді пайдаланудың жаңа ережелері осы сала қызметкерлерінің қолынан тастамайтын кітабына айналуы керек.
– Халықты саудаға шығарылатын телімдердің бағасы қалай белгіленетіні қызықтырады. Конкурс пен аукцион бір-бірінен несімен ерекшеленеді?
– Мемлекет меншігіндегі жерлердің бағасы жердің санаты мен шалғайлығына қарай кадастрлық құнына сәйкес тағайындалады. Кадастрлық құнды «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы» анықтайды. Болашақ саудаға қатысушылардың барлығы мұны жақсы білуі тиіс. Аукционда жер телімі кім жоғары баға ұсынса, соған сатылады. Тағы да еске саламын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар ауционға қатыстырылмайды.
Ал конкурс жерді пайдалану бойынша неғұрлым тиімді шарттар ұсынған тұлғаларға телімдерді бекітуге бағытталған. Сондықтан біз осындай инвестициялық конкурстардың өтуіне мүдделіміз. Облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 10 мың гектар суармалы жер инвестициялық конкурсқа қойылады. Бүгінде аудандық және қалалық әкімдіктер аталған жобаларды жергілікті жағдайға бейімдеу жұмыстарын аяқтауда. Соңғы бес жылда ғана өңірдің суландыру жүйелерін қалпына келтіруге миллиардтаған қаржы жұмсалды. Сондықтан облыс әкімі бізден жерді пайдаланушының әрбір суармалы гектарды тиімді пайдалауын талап етіп отыр.
– Жердің иесі оны қайтадан сата ала ма? Әлде қандай да бір шектеулер бар ма?
– Кодексте жер телімінің бағасын толық өтеген жағдайда меншік иесі оны Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында кез келген келісімге ұсына алады делінген.
– Дүйсенғазы Мағауяұлы, бір ғана сұхбатпен бұл ауқымды тақырыпты қамту мүмкін емес сияқты. Бұл мәселеге тағы да қайтып орлатынымызға күмән жоқ. Сөз соңында не айтар едіңіз?
– Жердің өз иесі болады. Осы үдеріске қатысы бар мамандардың барлығына жауапкершілік пен кәсібилігін, бақылау жұмыстарын еселеп арттыруына тура келеді. Бұл – ауқымды әрі ортақ шаруа. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңірек жүргізуді жалғастыра беру керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Шығыс-Ақпарат

Облыс көлемінде 10342,1 мың гектар ауылшаруашылық жері бар (бұл – облыстың жер қорының 36,5 пайызы). Оның 1429,5 мың гектары – егістік, 2,3 мың гектары – көпжылдық, 455,5 мың гектары шабындық, 8261,2 мың гектары – жайылымдық, 46,6 мың гектары – тың алқаптар да, қалған 147 мың гектары өзге мақсаттағы жерлер.

95 бапта егер жер учаскесі бесжылдық кезеңнің екі жыл көлемінде мақсатына сай қолданылмаса, ол мәжбүрлі түрде қайтарып алуға жататыны айтылған. Демек, жердің меншік иесі де заңның барлық талаптарын орындауы тиіс. Жердің иесі болу «онымен не істесем де өзім білем» деген сөз емес.

Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдікке бір шаршы миллиметр жер де жеке меншікке сатылмайды. Жер шетелдіктерге тек арендалық шарттармен берілуі мүмкін. Ол аз десеңіз, азаматтығынан айырылған Қазақстан азаматтарынан да меншіктегі жері қайтарып алынады немесе қайта ресімделеді.

Өңірде 15366 шаруа қожалығы бар. Олардың иелігінде 8,5 млн. гектар ауылшаруашылық жерлері, атап айтқанда, 935 мың гектар егістік, 337 мың гектар шабындық, 7,1 млн. гектар жайылымдық алқап шоғырланған.

447 мемлекеттік емес ауылшаруашылық заңды тұлғалардың (шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, ауылшаруашылық кооперативтер) меншігіне 1,7 мың гектар жер, соның ішінде 0,5 мың гектар егістік, 0,1 мың гектар шабындық, 1,1 мың гектар жайылымдық жер бекітілген.

Осы айдарда

Back to top button