Қоғам

Жері шұрайлы, ауылдары шырайлы өңір

Жері шұрайлы, ауылдары шырайлы өңір


Кейінгі жылдары Үржар ауданы айтарлықтай, дамып, алға басты. Бұл дер мезгілінде дұрыс шешім қабылдап, оңтайлы өзгерістерге айтарлықтай жол ашқандықтан болды демекпіз. Өңір аграрлық шаруашылыққа бейімделгендіктен, көптеген іс-шараларды заман талабына сай қайта құрып, аса зор жауапкершілікпен атқарғандықтан болар. Осыған орай біз аудан әкімі Серік Зайнулдинмен жолығып, өңірдің қазіргі күнгі жетістіктерін, өсіп-өркендеуін тілге тиек еткен едік.

Ауыл шаруашылығы алға басты

– Серік Зинабекұлы, аудан экономикасын алға жылжытуда агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Өлкеміздің ауылшаруашылық саласы негізінен мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығына бейімделген. Осы ретте, аудандағы аграрлық саланың жай-күйі жөнінде айтып берсеңіз.

– Үржар ауданы облыс көлеміндегі аумағы жағынан ең ірі өңірдің бірінен саналады. Аудан шөбі шүйгін, көкөністі, нулы, сулы болып келеді. Ауданның 27 ауылдық округіндегі 55 елді мекенінде 75 722 адам тұрады.

Бізде барлық жер көлемі – 2 341 372 гектар, оның ішінде егістік аумағы 196 444 гектарды, шабындық 86 014 гектарды, жайылымдық 1 683 764 гектарды құрайды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 53379,9 млн. теңгеге жеткізіліп, 2016 жылмен салыстырғанда табиғи көлемінің индексі 103,6 пайызды құрады. Егер ажыратып айтсақ, мал шаруашылығында 22 161,3 миллион теңгенің, сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы бойынша 31 197,4 миллион теңгенің өнімдері шығарылды. Мал және егін саласында барлық өсу көрсеткіштері байқалады.

Өткен жылы нөлдік технологияны қолдану арқылы өңделген алқап аумағы 15 012 гектарды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артты. Өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру мақсатында ауданның ауыл шаруашылығына сапалы сорттық тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштар мен гербициттерді пайдалануға, сондай-ақ ауданның машина-трактор паркін заманға сай жаңарту жұмыстарына айрықша мән берілген.

Бүгінгі күндері аудан көлемінде I, II, III репродукциялы тұқымдарды өндірумен айналысатын үш тұқым шаруашылығы құрылып жұмыс істеуде. Олар – «Юбилейный» ЖШС тұқым шаруашылығы жаздық бидай, арпа, күнбағыс тұқымдарын, «Бақ-Тұр» ЖШС күздік бидайдың, күнбағыс, сояның және «Некрасовка и К» шаруа қожалығы жаздық бидай, арпа, көп-жылдық шөптің тұқымын өндірумен айналысады. Бүгінгі күнге осы аталған үш тұқым шаруашылығы ауданның шаруа қожалықтарын сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуде.

– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырылған қолдау есебінен жылдан-жылға ауыл шаруашылық құрылымдарымен пайдаланылған минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің көлемі артып келеді деп естідік.

– Былтыр ауданның 38 ауылшаруашылық құрылымына 6145 тонна минералдық тыңайтқыш сатылып алынып, пайдаланылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4,8 есеге артық. Сол секілді пайдаланылған гербицидтердің көлемі 17 409,2 тоннаға жеткізіліп, 2,1 есеге артты.

Сондай-ақ өңірде барлығы 43204 гектар суармалы жер тіркелген, оның ішінде былтыр 25 920 гектар жер суарылды немесе жалпы суармалы алқаптың 60 пайызын құрады. Биыл одан да көбейді. Аудан көлемінде агроқұрылымдардың (шаруа қожалықтары) атына берілген суармалы жерлердің көлемі 35761 гектарды құрайды.

– Шаруа қожалықтарының машина-трактор паркін жаңалау – бұл көктемгі егістік пен күзгі егін жинау жұмыстарының сапалы және уақытында жүргізілуінің алғышарты ғой…

– Дұрыс айтасыз. Шаруа қожалықтарымен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы ауданның 58 ауылшаруашылық құрылымы жалпы құны 809 миллион теңгеге 164 жаңа ауылшаруашылық техникасын әкелді, соның ішінде «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы 28 шаруашылық 489,7 миллион теңгеге 70 бірлік және 30 шаруашылық өз қаражаттарына 319,3 миллион теңгеге 94 бірлік техника сатып алды. 2008 жылдан бастап аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникаларын жаңару үлесі тракторлар бойынша 16 пайызға, комбайндар бойынша 15,7 пайызға жеткізілді.
Биыл сатылып алынған техника құнының бір бөлігін субсидиялау үшін ауданның 53 қожалығына 132,7 миллион теңге инвестсубсидия төленді. Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің машина-трактор паркін жаңалау жұмыстары жалғасуда.

– Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып жатыр ма?

– Өткен жылы ауданнан тыс жерлерден ауданның 25 шаруа қожалығы жалпы құны 155,4 миллион теңге болатын 388 бас асыл тұқымды ірі қара малын және 100 бас ұсақ малды сатып әкелді.

Асыл тұқымды ірі қара малдарын дамытумен ауданның 12 қожалығы, асыл тұқымды қой шаруашылығымен екі қожалық және асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен үш қожалық айналысады. Бүгінгі күні аудан бойынша жалпы мал басынан асыл тұқымды ірі қара малының үлесі 4,6 пайызды (4699 бас), асыл тұқымды қойдың үлесі үш пайызды (8302 бас) және асыл тұқымды жылқы басының үлесі 2,8 пайызды (811 бас) құрайды.

Осы ретте қоса айтарым, ауданда отандық сүт өндірісін дамыту мақсатында сүт қабылдау және оны өңдеу пункттерінің жұмыстары жалғастырылып, «Юбилейный» ЖШС 100 млн. теңге өз қаражатына және «Сағади» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие қаражаты 283 миллион теңгеге жалпы сыйымдылығы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын іске қосуда.

– Шаруашылықтарды ірілендіру, оларға қаржылай қолдау көрсету жұмыстың маңызды бір бағыты болып отыр ғой…

– Әрине, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып жүрген жеке тұлғаларды, ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтер құрамына тартып, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аудан бойынша 52 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылып, олардың құрамына 1713 адам тартылды. Құрамдарында 20 және одан да көп адамдары бар 43 кооператив құрылды, бұл жалпы кооперативтер санының 83 пайызын құрады.
Ашылған ауыл шаруашылығы кооперативтерін (мүшелерін) жеңілдетілген пайызбен несиелендіру мақсатында кооперативтер мүшелеріне отбасылық мал бордақылау жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 136,9 миллион теңгеге барлығы 52 жоба қаржыландырылды.

Оның үстінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін 19 жеке тұлғаға 52,5 миллион теңге және «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы 124 миллион теңгеге 12 жоба қаржыландырылды.

Ауданда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кәсібін дамыту және оларға қолдау көрсету мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жылдан-жылға төленген бюджеттік субсидия қаражатының көлемі артуда.
Атап айтқанда, 2017 жылы ауданның 440 ауыл шаруашылығын өндіруші құрылымына 755,9 миллион теңге субсидия төленген, оның ішінде өсімдік шаруашылығындағы 64 қожалыққа 354,9 миллион теңге, мал шаруашылығындағы 323 қожалыққа 268,3 миллион теңге және сатылып алынған техникалар шығынының бір бөлігін өтеу үшін 53 қожалыққа 132,7 миллион теңге төленген.

Жері шұрайлы, ауылдары шырайлы өңір

Алакөлдің жағасы жайнай түседі

– Ара шаруашылығын дамыту бойынша ауданда қандай жұмыс атқарылды?

– Аудан көлемінде ара шаруашылығымен 130 шаруашылық шұғылданады. Олардағы 4257 дана ара ұяларынан орта есеппен жылына 250 тонна бал өндірілуде. Бүгінгі күні ауданда бес асыл тұқымды ара шаруашылығында карпат тектес асыл тұқымды аралар бар.

– Аудан экономикасының өсуіне кәсіпкерлік саласының тигізер әсері мол. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарылды?

– Өңір бойынша 110 кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетеді. Аудан көлемінде тіркелген шағын кәсіпкерлік саны 5257 бірлік, оның ішінде 2314 шаруа қожалығы, 202 заңды тұлға және 2741 жеке кәсіпкер бар. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны былтырмен салыстырғанда 6,3 пайызға артты. Аудандағы экономикалық белсенді халықтың 21,8 пайызы немесе 9792 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Соңғы жылдары шағын кәсіпкерлік дамуда, атап айтқанда осы жылы екі қонақ үй, 15 сауда дүкені, бір сауда үйі, төрт дәріхана, он қоғамдық тамақтану орны, бір наубайхана, төрт шаштараз, екі тігін цехы, бір автобекет, екі аяқ киім шеберханасы іске қосылып, 78 жұмыс орны ашылды.

– Бағаны тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар қолға алынған?

– Инфляциялық үдерістерді тежеу, яғни халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі күндері ауданның ірі елді мекендері – Үржар, Мақаншы және Таскескен ауылдарында жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Жыл басынан аталған елді мекендерде 165 жәрмеңке өтіп, 150 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімі базар бағасынан 10-15 пайыз төмен саудаланды. Биыл да бұл дәстүр жалғасып келеді.
– Жұмыспен қамту жайы қалай?

– Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 150 адам жұмыссыз ретінде тіркеуге қойылған, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 28 адамға немесе 15,7 пайызға азайды. Экономикалық белсенді халық санындағы тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,4 пайызды құрап, былтырғы деңгейде сақталды. 2017 жылдың басынан 2002 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, жаңадан 898 жұмыс орны құрылды, 384 адам төлемді қоғамдық жұмысқа тартылды.
– «Туған – жерге тағзым» акциясы аясында аудан көлемінде атқарылған басты жұмыстарды атасаңыз?

– Акция шеңберінде 137,6 миллион теңгенің 95 жобасы жүзеге асырылуда. Жүзеге асқан ірі жобаларға тоқтасақ, Қабанбай бабамызға аудан орталығынан құны 45 миллион теңге болатын есткерткіш бой көтерді. Демеушісі – жерлесіміз Құсман Шалабаев. Науалы ауылында құны 23,5 миллион теңгеге Рахметовтер әулетінің демеушілігімен және ауыл тұрғындарының ұйтқы болуымен спорт мектебі жөңделіп, қайта ашылды.

– Сонымен бірге, көркейту, абаттандыру, мәдениет салалары бойынша да түрлі жобалар жүзеге асырылуда ғой, әсіресе Алакөл жағасында?
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 27 ауылдық елді мекендегі әлеуметтік нысандарды жөңдеу, саябақтарды абаттандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру мен жөңдеу жұмыстарына 73,8 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді.

Өзіңіз айтпақша, бірнеше жыл Алакөл жағасында біраз жұмыстар атқарылды. Әлі де жағалауды дамыту жалғаса бермек. Айтар болсам, 901 дана кіші архитектуралық мүсін орнатылды, 9349 шаршы метр жерге брусчатка төселіп, 1383 метрге жиектас (бордюр) орнатылды. 272 метр тірек қабырғалар, 89 бағанасымен электр желісі орнатылды.

Саябақты абаттандыру жобасы жүзеге асырылды, 500 шаршы метрге брусчатка, 200 шаршы метрге жұмсақ төсеме, стрит-варкаут, тренажер, 200 дана түрлі көшет отырғызылып, саябақ қоршалды. Екі дана фонтандық айлақ құрылғысы орнатылып, жағажайды қоршау жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, жалпы құны 26,3 миллион теңгеге 30 «Wі-Fі» нүктесі және 12 радио нүктесі орнатылды.

Қабанбай ауылында Мәдениет үйінің ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қарастырылған 130 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Алакөл жағалауындағы көшелерді орташа жөңдеу жұмыстары атқарылып жатыр.

«Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолының 66-82 шақырым учаскесіне орташа жөңдеуге қарастырылған 867,8 миллион теңгенің 346,7 миллион теңгесі игеріліп, 16 шақырым жолға асфальт төселді. Аталған жолдың 107-133 шақырымына (25 км) жөңдеу жүргізілді.

Сұхбаттасқан – Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button