Қоғам

Жер салығын еселеп салды

Азамат Темірбеков

Ұлан ауданында ауыл шаруашылығы жерін пайдаға жаратпаған шаруа қожалығы иесіне еселенген салық салынды.

Бұл туралы кезекті аппарат отырысында аудан әкімі Ренат Құрмамбаев хабарлады. Отырыстың күн тәртібінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мәселесі қайта қарастырылды. Бүгінде ауыл-аймақтағы негізгі мәселелердің бірі жер мәселесі екені белгілі. Қазірде жалға алған жайылым жерлерді өзінің де, өзгенің де кәдесіне жаратпай отырған адамдар баршылық екені жасырын емес. Бұл проблеманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында да қайтара қозғап, саладағы жұмысты жүйелеуді тапсырған еді.

Президент кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін айқындап, оны жыл соңына дейін әзірлеу керектігін баса айтты. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажеттігін алға тартып, бұл ақпараттың бизнес өкілдеріне қолжетімді болуы тиіс екендігіне тоқталды. Осылайша, аталмыш шаралар іске асса, кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің арта түсетінін атап өтті.

Қазір Ұлан ауданында пайдаға жаратылмай жатқан жер телімдерін қайтару немесе оны мақсаты бойынша пайдалануға итермелейтін жұмыстар атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан көрінеді. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы аудан аумағындағы жер телімін пайдаға жаратпаған шаруашылықтардың бірінің басшысына жер салығы қосымша есептеліп, 20 еселеніп салынған. Сондықтан жерді пайдаланбайтын немесе мақсатсыз пайдаланатын жер пайдаланушылардың барлығы осы мәселе бойынша ойланулары тиіс екенін хабарлаған аудан әкімдігі ел Президенті тапсырмасын бұлжытпай іске асыруға бағытталған жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Осы айдарда

Back to top button