Қоғам

Жер дауын шешуге көмектесті

Азамат Темірбеков

Бородулиха ауданының Достық үйі жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі жергілікті жұртшылықтың жер дауы, ауыл-аймақтағы ауызсу мәселелерінің оң шешілуіне септігін тигізуде.

Бородулиха ауданының Достық үйі – Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесі осыдан бес жыл бұрын Новопокровка ауылдық округі әкімдігінің жанынан құрылған болатын. Бүгінде Анатолий Романов төрағалық етіп келе жатқан аталмыш орган аудан аумағындағы әлеуметтік және өзге де жанжалдардың алдын алу, шешу бойынша ұсыныстар берумен айналысып, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының пайда болуына әсер ететін жағдайларға жол бермеуге қатысады. Сонымен қатар жергілікті жерлерде қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға жәрдемдеседі. Жергілікті атқарушы органдар кеңеске өзіне жүктелген міндеттерді орындауда жәрдем көрсетеді.

Кеңес құрамына округтің этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері, имам, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар кіреді.

Биыл жылдың басынан бері жұмыс жоспарына сәйкес ауылдық кітапханамен, мектеппен және әкімдікпен бірлесіп Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылу күніне орай батырлыққа баулу сабақтары өткізілді. Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 35 жылдығына орай оған қатысушылар мен оның көзін жоюшыларды мерейтойлық медальдармен марапаттады. Кеңес Жеңіс ескерткішінде өтетін жыл сайынғы митингке, сондай-ақ «Зажги свечу памяти» акциясына қатысты. Барлық тыл еңбеккерлерін үйлерінде құттықтап, қарттар және мүгедектер күндерінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Мәдениет үйімен, кітапханамен және әкімдікпен бірлесіп округтегі мемлекеттік және ұлттық мерекелерді мерекелеуге қатысты.

Ауылдық елді мекендерді абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, биыл бұл кеңестің қатысуымен хоккей корты орнатылып, Юра өзенінің арнасын қоршау және қайта жаңарту, зират аумақтарын абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл ұйымның тікелей қатысуымен аудандағы зираттар аумағын пайдалану мен жерлеудің жаңа ережелері әзірленуде.

Оған қоса, жыл көлемінде ардагерлер кеңесімен бірлесіп Жеңіс саябағында мемориалдық плиталар орнатылды. Жыл сайын 9 мамырға қарай мектептердің қатысуымен ескерткіш маңында сенбіліктер өткізіледі. Сондай-ақ биыл Анатолий Романовтың бастамасымен жергілікті су айдынында алғаш рет балықшылар күні өткізіліп, ары қарай аталған шараны жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек Новопокровка ауылдық округі әкімінің аппаратына азаматтардан даулы мәселелерге қатысты өтініштер келіп түскен болатын. Өтініштердің көбі тұрмыстық сипатта болды. Мысалы, көппәтерлі тұрғын үйдің бір пәтерінде иелері тұрмауы себебінен қыс мезгілінде жылытылмай, содан көрші пәтерлер суып кеткен. Мәселе Қоғамдық келісім кеңесі араласқан соң оң шешіліп, пәтер иесі бос пәтерге адамдарды қоныстандырды.

Сонымен қатар көршілер арасындағы жер теліміне қатысты келіспеушілік те Қоғамыдық келісім, ардагерлер және аналар кеңестерінің көмегімен шешілді. Шопандардан жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне қатысты ұжымдық өтініш түсіп, жағдай зерттелгеннен кейін қойшылар арасында келісім жасалды. Яғни, олар жайылымды секторлар бойынша бөліп, төрт түлікті кезекпен жаюға келісті.

Жаз мезгілінде тұрғындардан ауызсумен жабдықтаудың нашарлығына байланысты тағы бір ұжымдық өтініш түсіп, Қоғамдық келісім кеңесі су құбыры жүйесінің мамандарын тарта отырып осы мәселені зерттеу жөніндегі комиссия құрды. Нәтижесінде құбыры ауыстырылып, ауызсу сапасы жақсартылды.

(Материал Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді).

Осы айдарда

Back to top button