Жер дауы қайдан шықты?
![Жер дауы қайдан шықты? Жер дауы қайдан шықты?](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526353266_dauly-zher-kz.jpg)
Иә, Семейде жерге байланысты қып-қызыл дау шықты. Қаладағы көппәтерлі үйдің алдындағы жер телімін ЖК «Байкенов» кәсіпкерлігі жаңа бір ғимарат тұрғызамын деп сатып алыпты. Аукцион арқылы бұл жерді алған соң, осындағы балалар алаңын қиратып, біраз ағашты кесіп тастаған. Тұрғындардың басым көпшілігінің пікірінше, кәсіпкердің мұнысы дұрыс емес.
Бірақ кейбірі «кәсіпкердікі дұрыс» деген пікірде. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс сонымен? Даулы мәселеге орай тұрғындармен кездесуге қала әкімі Ермак Сәлімовтің өзі келді. Қала басшысы бұл мәселенің өзіне дейінгі әкімдер кезінде шешілгендігін және қазірде халықтың жағдайына, өтінішіне сай әрекет етуге дайын екендігін, бірақ даулы мәселе заң бойынша тек сот арқылы ғана шешілетіндігін айтты.
-Семейге басқа әкім басшы болған кезде, М.Әуезов пен Победа көшесі арасындағы жерді алуға кәсіпкерге тыйым салу керек еді, ол әкім, өкінішке қарай, олай жасамады,-деп түсіндірді қала басшысы. – Аукцион 2014 жылы өткен. Мен ол кезде болған жоқпын. Бірақ дәл қазіргі уақытта халықтың мұң-мұқтажын далаға тастай алмаймын. Сіздерге көмектесуге әзірмін.
Қала әкімі даулы жерді мемлекет қазынасына сот арқылы қайтарған жөн деп тапқан. Бірақ ЖК «Байкенов» төрайымы Анар Байкенова облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс басшылығына шығып, жер телімін қайтарудан үзілді-кесілді бас тартыпты.
-Менің сөзімді неге ешкім естігісі келмей тұр?-деді төрайым Анар Амангелдіқызы. -Иә, бұл жерді алдық. Көгалдандырып, аббаттандырамын десем де, ешкім тыңдағысы келмейді. Сол себептен Кәсіпкерлік палатасына шығуыма тура келді. Алған жерімді қоршап қойғаным сол-ақ еді, қарсыласқан топқа тап болдым. Қолымдағы құжаттарым барлық талапқа, ГОСТ, СНИП зерттеулеріне сай. «Мына жердегі ағаштарды кесіп тастады» дейді. Бірақ бұл жер қараусыз жатқан. Қоқыс басып жатыр еді. Мен тұрғын үйдің алдына зәулім нысан тұрғызбайтыным түсінікті ғой. Біреулер тұрғындарды әдейі шатастырып жіберді.
Қала әкімі Ермак Сәлімовпен кездескен тұрғындар Анар Байкенованың бұл сөзіне қарсы дау айтты. Олардың айтуынша, бұл жерде өсіп тұрған ағаштарды кесіп тастап, орнын көгалдандырамын деу миға сыйымсыз нәрсе тіпті.
– Осы үйде тұрғаныма 38 жыл, – деді осы ауланың тұрғыны Ирина Безродная, – мына тұста әдемі сквер бар еді, өзім еккем көшеттерімді, ағаштарымды қалай кескенін тек жоғарыда жылап тұрып қана бейнежазбаға түсіріп алдым.
-Мен – Затаевич, 35-інші үйдің тұрғынымын,-деді баласын көтеріп жеткен жас ана Айнұр Жамболатова. – Бұл жерге қалай ғимарат тұрғызбақшы? Бұрынғы әкімдер бұған қалай рұқсат еткен. Көріп тұрсыздар, аядай тар жер. Ертең ТЖ болса, өрт сөндірушілер, құтқарушылар қалай келеді көлікпен? Айналаның бәрі – қараңызшы, дүкендер мен түрлі кәсіпкерлік нысандар. Қай жерге барып демаламыз, ағаштарды кесіп тастады.
![Жер дауы қайдан шықты? Жер дауы қайдан шықты?](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526353156_aynur-zhambolatova-tryn-daulasuda-kz.jpg)
Тұрғындардың қала әкімі Ермак Сәлімовпен болған кездесуінің аяғы ақыры айғай-шумен тынды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Анар Байкенованың жеке кәсіпкерлігін дамыту үшін алған жері аукционнан сатылымға түскен кезде, бірқатар қателіктер жіберіліпті. Аукционға түскен жердің мекенжайы: Затаевич, 35 «А» деп көрсетіліпті. Бірақ негізінде жер М. Әуезов пен Победа көшесінің қиылысында тұр. Жер телімі сатылатындығы туралы қаланың қоғамдық кеңесі де, қала құрылысы бөлімі де хабарсыз болдық, десті кездесуде.
-Бұл жер Сәулет, құрылыс және құрылыстық қызметке байланысты Заңның 51 бабына сәйкес, рекреациялық аумаққа жатады,-деді қала әкіміне Семей қаласының құрметті құрылысшысы, қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаев. – Ондай аймаққа жаңадан коммуналдық немесе қойма нысандары, түрлі тұрғын үйлік нысандар салуға тыйым салынған.
– Кезінде қалай болса, солай қол қойылып, сатып жіберген жер телімдері өте көп,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов.-Сондықтан кәсіпкерлермен де дау бітпей тұр. Ағаштар кесіледі. Көлік гараждары тұрғызылады. Барлығы да тыйым салынған жерлерде. Осының бәрі мониторингтік тексеруден өтіп, қала халқы шулаған соң, сотқа жетеді. Сөйтіп, тұрғындардың талап-тілегін назарға алып, біз мәселеге аралассақ, «әкімдік қысым көрсетіп жатыр» деп кәсіпкерлер ренжиді. Ал мына, бүгінгі мәселеге орай соңғы нүктені сот шешімі қояды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.