Қоғам

«Жер болса ТОҢ, елдің ойы ЦОН»

«Дидардың» жаңа жобасы: Интернет иірімдері

Желідегі жебе сөз

«Жер болса ТОҢ, елдің ойы ЦОН»

Бұл күні газет-журнал оқымаса да, әлеуметтік желілердің асты-үстін ақтарып, парақтап отыратындар көп. Тіпті көп. Жасыратын несі бар. Рас сөз. Қалың аудиторияның қалауын тапқан әлеуметтік желінің өтімді өнімдерімен газет оқырмандары да таныс болсын деген ниетпен жаңа айдар аштық. Қоғамымызда қызу талқыға түскен оқиғалар мен көптің көкейінде жүрген мәселелерге орай айтылған ұтымды ұсыныстар, ұтқыр сөздер, орынды ойларды осы жерден оқисыздар.
Тауық жылмен келген жаңалықтардың бірі – тіркелу. Дұрысы, «Халықтың көші-қон туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге орай уақытша тұрғылықты мекенжайға тіркелу міндеттелді. Ел ішінде қызу пікірталас тудырған мәселеге қатысты «Фейсбук» әлеуметтік желісінің қолданушылары өз ойларын әзіл-шынын араластырып әдемі жеткізіпті.

Нұрлан Сәдір:
– Балам, осы «тірі келмегендер айыппұл төлейді» деген не сөз? Тірі келмесе қалай айыппұл төлейді?
– Тағы радио тыңдағансыз-ау, шеше? «Тірі келмегендер» емес,
тіркелмегендер айыппұл төлейді.
– Бүйте берсе бізге біреу тірі келе ме, тіркеле ме?
– Еті тірі тіркеледі.
– Әйтпесе?
– Дереу атына айыппұл тіркеледі. Тіркелмегендерге қатысты
ыштыраптаушылардың еті тірі келеді.
– Сонда осы уақытқа дейін тірі келгендердің бәрі тіркеле ме?
– Тіркеушілер былай дейді: «Енді тірі келген өзінен көрсін.
Бастарына (қандай қиындықпен ойлап табылған) қандай қиындық түс(іріл)се де тірі келе береді, сондықтан оларға тоқтаусыз талай жаңа, мысалы тіркелу сияқты қиындықтар, тіркеле береді».
– Біз бәрібір «мың тіркеліп, мың тірі келген» халықпыз! Пәшти осындай өлең де бар.
– «Тірі келу бар жерде тіркелу бар» көрінеді.
– Тіркей тұрсын. Тірілер көбейген сайын, тіркеу қиынға соға түсетінін де ұмытпасын!

Айдос Сарым, саясаттанушы:
«Қазақтың бүгінгі үш жүзі: тіркелгендер, тіркелмегендер, тіркейтіндер».

Серік Жанболат, белгілі журналист:
«Парламент маңындағы учаскелік инспекторға қиын болып жүрген шығар, ә? Депутаттардың пропискасын тексеру оңай емес қой. Оның үстіне айыппұл төлету керек. Төлемей қойса, жауапқа қалай тартасың? Депутаттық иммунитеті бар ғой. Сонда олардың тіркелген-тіркелмегенін депутат болған күннен бастап санай ма, қалай өзі?».

Ілия Абжетова:
Қазақтың қонақжайлық институты бұзылды:
Бірінші күн: – Қон.
Екінші күні: – ЦОН.
Үшінші күн: – Вон!

Асқар Наймантаев, актер, режиссер:
«Жер болса ТОҢ,
Елдің ойы ЦОН,
Өшірет ЧОҢ,
Сыпсыңбайлар қаптап жүр,
Жинағаны ҚОҢ!
Өй, «Ит тірлік» деген осы да…».

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button