Руханият

Жері бай, елі дархан, Маңырағым!

Жері бай,  елі дархан,  Маңырағым!


Маңырақ ауылы—өзі аттас таудың батысында орналасқан. Маңырақ ауылдық округінің аумағы «Қарадаланың» қйқалы жазығынан бастап Тарбағатай тауының Қотанащы, Маңырақ тауының Ұзынбұлақ телімдеріне дейінгі алқаптарға созылып жатыр.

Осы аралықтағы «Қаратоған», «Қыстаубай» тоғандарының арналы ағыстарынан нәр алатын Апақай, Сарыбұлақ телімдерінің екпеліктері, Қандысу өзенінің қос қапталын көмкерген қалың шілікті Барлыбай тоғайының шабындықтары ел-жұрттың тіршілігіне тірмізік болып келді. Сыйымдылығы 43 миллион текше метрлік Қандысу су бөгенінен тарайтын тоғандар ауданның төрт бірдей ауылдық округінің екпеліктері мен шабындықтарын суландырады.

Округке қарасты 36 мың гектар жайылымдықта 119 қожалықтың 18 мың қой-ешкісі, бес мың ірі қарасы, 1900 жылқысы бағылып-қағылады.

ТАРИХИ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

Маңырақ тауының құз-жартастарында көне суреттер мен жазулар әлі күнге дейін бар. Оның қандай жазуға жататынын ажырату да қиын. Өйткені, көне дәуірден жеткендіктен бе, оның дені өшкін тартқан.Айталық, Маңырақ тауының батыс тұмсығын жергілікті жұрт Тұмсық деп те, Сеңгір деп те атайды. Сол тұмсықтың жартастарында елу-алпысыншы жылдары көне жазулар көп болатын. Табиғат өзгерісінен бе, әлде басқа себептерден бе, кейін сол жазулар көз жаздырды.

Жері бай,  елі дархан,  Маңырағым!

Картограф Арцимовичтің Зайсан уезін 1880 жылы түсірген картасына жүгінсек, сол картада Маңырақ тауының батысында, Қандысу өзенінің оң жағасына орналасқан мешіт «Мечеть Мулюка действующий» деп көрсетіліпті. Бұл құтхананы Дәулетбайдың Көтешінен тарайтын атақты балуан Жабағының ұлы Мүлік қажы салдырған екен. Сондағы тұрғындардың жартысы киіз үйде, жартысы жеркепеде тұрса керек. Осы деректеме ауыл тарихын 138 жылға ұзартып отыр.

1900 жылы Ресейдің қарашекпенділері Мүлік қажының мешіті жанынан Покровка селосының іргесін қалапты. Тегі олар Қандысу өзенінің өкпе тұсындағы сулы-нулы өңірге ірге тепкісі келсе керек.1914 жылы осы селода екі сыныптық шіркеу-приход мектебі ашылып, ол 1920 жылы жабылып қалған екен. Оны 1960 жылға дейін Покровка ауылының поштасын басқарған Федор Дмитриев растаған.

Сонымен қатар өткен ғасырдың басында қарашекпенділер Қандысу өзенінің бойынан Дюкаревка, Рюриковка селоларын салып, қоныстарын ұлғайта түскен. Мөлшері 40-50 жылдан кейін осы селолардағы еуропалық тұрғындар өз Отандарына қайта көшкендіктен, олардың орнын жергілікті жұрт басып, бұл елді мекендерге Сарыөлең, Бозша деген қазақы атаулар қойылған.

1923 жылы Шілікті, Терісайрық, Маңырақ, Шорға, Хабар асу деген бес болыс таратылғаннан кейін, олар ірілендірілген Тарбағатай болысының құрамына енгізілген екен. Оның орталығына Покровка селосы таңдалыпты. Бұдан үш жыл кейінірек құрылған Зайсан шекара отрядының №2 комендатурасы елуінші жылдардың орта шеніне дейін жұмыс істеген сыңайлы.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ жерін ашаршылықтың алапат дауылы соғып өтіпті. 1929-33 жылдарғы қолдан жасалған қанқұйлы жұт Тарбағатай өңірін де ақсөңке сүйекке толтырып, ауыл тұрғындарының үштен екісін абжыланша жалмаған. Халықтың басына қара бұлттай үйірілген ашаршылық пен қуғын-сүргіннің аяғы жиылмай жатып, Ұлы Отан соғысының басталуы ауыл жұртын есеңгіретіп жіберген. Соғыс жылдары ауылдан майданға аттанған 220 боздақтың 69-ы ғана оралыпты.

Жас ұрпаққа саналылық сәулесін төгіп, білім нәрімен сусындатқан осы ауылдағы оқу орнына келейік. 1923-24 оқу жылында бұл ауылда бастауыш мектеп ашылып, оған қабылданған тоғыз оқушы екі сыныпқа бөлініп оқыпты. Мектеп үйі жергілікті бюджет есебінен 36,4 шаршы метр жерде орналасқан. Онда 14 парта, екі тақта мен көрнекі құрал атаулыдан әлем картасы, екі глобус қана болыпты.

Ал 1924-25 оқу жылы мектепте 19 оқушы оқып, ол 1933-34 оқу жылында жетіжылдық мектепке айналған. Құрылғаннан бергі он жылда сынып бөлмелерінің көлемі 179,5 шаршы метрге артып, мұғалімдер бөлмесі, асхана, жатақхана сияқты қосымша құрылыстар салынған. Мектептің жетіжылдыққа айналуына орай Заветы Ильича, Муравей, Голощекин, Жетіарал, Бозша, Терісайрық, Маңырақ колхоздарының балалары осы мектепке тартылып, қара таныпты. Аудандағы алғашқы бюджеттік интернат та осы мектеп жанынан ашылып, онда 1937-38 оқу жылында тәрбиеленушілер саны 140-қа жеткен. Сол тұста Покровка селосы аудан орталығындай елді мекеннің рөлін атқарса да, оқушылар санының өте аз болғанына осы көрсеткіш куә. Покровка орта мектебі 1961 жылы сегізжылдық, 1965 жылы орта мектепке айналып, 1966 жылғы түлектері тұңғыш рет кәмелеттік аттестат алуы ауылды үлкен қуанышқа бөледі. Сол мерейлі оқиғаларды қалай ұмытарсыз.1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл оқу орнына қазақтың белгілі қоғам қайраткері А.Байтұрсыновтың есімі берілді. Қазір онда 250 оқушы білім алуда.

Өткен жылы ғана мұнда Дәулетбай батыр мен Әрімжан ақынның ескерткіштері ашылса, ауыл көшелерін абаттандыруда биыл да бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Осындай игі шараларға ауыл әкімі Әбілқайыр Қожахметов өріс ашып келеді. Сонымен бірге ауылды көркейтуге демеушілік жасап, жұрттың береке-бірлігін нығайтуға А.Мұқанғалиев, Б.Мықиянов, Ж.Қабдолдин, О.Дүкенбаев, О.Қоқымов, Н.Садуақасов, С.Ақшалов ұйтқы болып жүр.

АУЫЛДАН ТҮЛЕП ҰШҚАНДАР

Ауылдың үш ғасырлық тарихын түзгенде, бұл өңірден жүрек жұтқан батырлар да, от ауызды, орақ тілді шешендер де, өнерімен дүйім елді мойындатқан дарындылар да шыққан екен. Батырлар – Дәулетбай, Көтеш, Сарқұл, Бисары, Мұса, Баятар, Байғұтты, құралайды көзге атқан мерген Әбілқас, қалпелер – Құдайберген, Қали, ұста, зергер Қайырлы, диірменші Иләш, тағы басқалардың жанқиярлық ерлігі мен жанкешті еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Маңырақ тауының батыс жақ мүйісіндегі «Шыңан» бұлағын мекендеген Шыңан байдың бес мың жылқысы болыпты. «Әке малы балаға мал болмайды» деп тегін айтылмаса керек, оның баласы Жанұзақ бай-бағылан болуды емес, ақындықты қалаған екен. Ал Жанұзақтың ұлы Әрімжан ақын «Шығыстың бұлбұлы» атанған. Тарбағатай ауданының кемелденіп, көркеюіне осы ауылдан шыққан шопандар Ленин орденді К.Бобылтаев, екі мәрте Даңқ орденді Б.Қайсанов, Қ.Кәкенов, механизаторлар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қ.Жағыпарова, А.Қылышбаев, М.Тоқтин, З.Зарипов, Б.Қайсанова, Ж.Әлкенов ерекше үлес қосты.

Ұлы Отан соғысының от-жалынына шарпылып, еліне аман-есен оралған Қ.Жәдіренов, Б.Омарғазин, С.Нұрханов, К.Сыдықов, О.Смайылов ферма басқарудың батпан жүгін арқалады. Осы алдыңғы толқынның ізін басқан М.Кәдірқұлов ауданның тұңғыш әкімі, О.Нұргендіров, А.Сейтқазин, М.Әбдірахманов кеңшар басшылығы міндеттерін атқарса, С.Ешеев, Қ.Қасымжанов, М.Мұқанғалиев, Е.Қожақаев, Е.Әуелбеков, С.Әбілқасымов білікті мамандар қатарын толықтырды.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатының балқыту цехында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Социалистік Еңбек Ері Қайролла Бақтыбаев, республика мелиорация және балық шаруашылығы министрінің орынбасары М.Нұрпейісов, Қазақ КСР байланыс министрінің орынбасары З.Еркежанов, сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкері М.Кәрібаев та осы ауылдың тумалары. Маңырақтықтар басшылық қызметтің үлкен-кішілі сатыларынан да сырт қалмады.

Бұл ауылдың топырағынан жаралған қаламгерлер мен ілім-білім қуған ғалымдар да жоқ емес. Көрнекті жазушы, ғалым Н.Ақышев, филология ғылымдарының докторы К.Матыжанов, жазушы Ж.Игісінов, ғылым кандидаттары А.Ғазизова, Е.Әуелбеков есімдері алыс-жақынға жақсы мәлім. Осы өңірдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналистер Ғ.Игісінов, Б.Ихсанов, Ә.Қайырбаевтың еңбегі де құрметтеуге тұрарлық.

Өнерлілер қай кезеңде де уақыт көшінен қалмаған. Ертеректе дәулескер күйші, құсбегі Байырдың тартқан күйлері тыңдаған жанды маужыратып, жылаған баланы уатқан екен. Ол 73 күй тартса, соның бір парасын өзі шығарған. Ал өткен ғасырдың елу-алпысыншы жылдары Бозша ауылынан шыққан Шәћарбану, Әнуархан, Қантай үшеуі көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, өңірлік байқауларда көш бастағаны есімізде. Кейін Шәћарбану Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атанды. Өнер көгіне самғаған кейінгі буындардың қатарынан Абай атындағы опера және балет театрының әртісі Б.Жолдыбаев, сазгер, мәдениет қайраткері, марқұм Қ.Қайырбаев, әнші Б.Жолдыбаев, театр әртісі, әнші М.Қаламова, Г.Бақтыбаева, А.Салихованы атауға болады.

Заманында осы өңірден небір жойқын қара күш иелері шыққан екен. ХІХ ғасырда руы Дәулетбай Жабағы балуан Керей елінде өткен ұлы жіңгір асқа барыпты. Оған алты алашқа аты шыққан балуандардың бәрі де шақырылса керек. Жарысты ұйымдастырушылардың дәстүрлі сайысқа енгізген өзгерісіне орай тыныс алмастан қатарынан бес балуанды жеңген Жабағы жеңімпаз атанған. Ал аты аңызға айналған Уаңбай балуан арқанмен батпаққа белуарынан батқан атан түйені тартып шығарғанда, тамам ел таңғалыпты. Сонымен қатар, өткен ғасырдың елу-алпысыншы жылдары соғыстан бір қолы жарадар болып келгеніне қарамастан, қарсыластарын қаңбақтай аунатқан С.Нұрханов, республика жеңімпаздары Т.Базарханов, А.Рақышов, М.Нұрпейісов, Т.Байдарханов, ағайынды Түйебаев, Бақтыбаевтар шаршы алаңда жай отындай жарқылдауымен жанкүйерлерін мақтаныш сезіміне бөледі.

Қазақ халқы несімен мықты дегенде, осындай өнерімен және еңбекқорлығымен мықты дер едік. Одан әрине, Маңырақ ауылын да бөліп қарай алмаймыз. Өйткені ауылдастарымыз мұндай құрметке әбден лайық.

Жеңіс Қинаятов.
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button