Қоғам

Жер алып, үй саламын деушілер көбейді

Жер алып, үй саламын деушілер көбейді

Семейдегі жер қатынастары бөлімі соңғы айларда күні-түні демей, демалыссыз жұмыс істеуге көшті. Биылдың өзінде қала тұрғындарының жер алуға деген кезегі екі есеге ұлғайған. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесовтың айтуынша, жер алуға кезекке тұрған семейліктердің саны 10 000-ға жетіпті. Соңғы төрт айда ғана жер алуға 5 мың өтініш түскен.
-2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Жер кодексі бойынша еліміздің барлық азаматтарына жеке құрылыс нысанын салуға 10 сотық жер тегін беріледі,-деді Қайрат Ерембесов,-бірақ проблеманың бәрі осыдан келіп шығады. Жеке үйлер, шағын аудандар салынғанмен, ол жерлерде не ауыз су, жарық, яғни, инфрақұрылым болмағандықтан, бұл күндері халық тұрмыстық-әлеуметтік тауқыметке кездесіп отыр. Сондықтан да 2007 жылы қаланың шетіндегі су құбыры мен электр энергиясы жоқ тұстарынан жер алуға мораторий жарияланды. Десек те, алдағы уақытта бұрынғы олқылықтарды қайталамас үшін қала шетіндегі төрт жаңа ауданнан инженерлік жүйенің құрылыс жұмыстары басталып кетті.
-Семейдің 2011 жылы бекітілген бас жоспары бойынша, жекеменшік үй салуға 4 жаңа шағын аудан бекітілген. Бұл Компоселка, Ақсай, Ұшақтар және Суықбұлақ, – деді қаланың сәулет және құрылыс бөлімінің жетекшісі Қалдыбек Қоқиланов. -Алдын ала есептеулерімізге қарағанда, бұл шағын аудандарда халық игілігіне 4 мың жаңа жер телімдері беріледі. Біз шұғыл түрде осы және қосымша қордағы шағын аудандарда жүргізілетін инженерлік инфрақұрылымдардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындайтын боламыз. Жарқын және Аққайың шағын аудандарының, нақтырақ айтқанда, Аққайың мен Птичниктің арасында алдағы уақытта қосымша жер беру мәселесі қарастырылады. Қарағайлы шағын ауданындағы құрылысы қазір күрт жанданып жатқан инженерлік құрылымның аяқталуына 2016 жылы облыстық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді. Сондықтан да бұл аудандардағы инженерлік құрылымның аяқталуын сабыр сақтап, асықпай күткен жөн.
– Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана қала әкімдігі кезекте тұрғандарға жер телімдерін алуға рұқсат құжат береді,-деді Қайрат Ерембесов,-бірақ бұл 2017 жылдың еншісіндегі шаруалар.
Жер мәселесі бойынша қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сүлеймен Медеуов:
-Бұл күндері Қазақстанда 10 сотық жер беру мәселесі қаралып жатыр. Мысалы, Астана қаласында 101 мың, Алматы қаласы бойынша 112 мың адам өтініш берген. Семейге келетін болсақ, қала бойынша 10 мың адам шамасындағы тұрғын тізімге алынған. Тіркеудегі өтініштердің бәрі арнайы құрылған комиссияның қарауынан өтеді. Содан кейін ғана нақты шешім шығарылады. Үйлерді салуын салып алып, сусыз, жарықсыз отыру – өте күрделі мәселе. Сондықтан да жерлер инфрақұрылымы толық аяқталып, құбырлар мен электр желілері тартылып болған соң ғана халық игілігіне беріледі, – деді.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button