Қоғам

ЖЕР АЛМҰРТЫНАН ЖАНАРМАЙ ӨНДІРЕДІ

Өскемендегі «Жеміс-жидек тәлімбағы» ШҚ  жұрт аузында жер алмұрты деп аталып жүрген топинамбур өсімдігін сан түрлі салада қолданып, табысқа жетуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеп отыр.

Шаруашылық зерттеулері  көрсеткендей, жер алмұртымен топырақ құнарлылығын, егін шаруашылығының түсімін арттырып, халықтың денсаулығын, ауа сапасын жақсартуға, өзіндік құны төмен жағармай алуға әбден болады. Топинамбурдың тағы қандай қасиеті бар?  Ойға келген идеяны, жобаны жүзеге асырудың жолы қайсы?   Экологиялық қауіпсіздік орталығының экологтары жиналып, аталған өсімдікті халық кәдесіне жаратудың мүмкіндіктерін қарастырды.

«Жеміс-жидек тәлімбағы» ШҚ-ның иесі Владимир Езенок топинамбурдың толып жатқан қасиетін жақсы білгендіктен, оны пайдаға жаратуға білек сыбана кіріскен. Оның жетекшілігімен бірнеше жылдан бері шаруашылықтың тәлімбағында осы өсімдікті өсіруге, қайта өңдеуге, оның жаңа, тиімді сұрыптарын іздестіруге арналған  сынақтар жүргізіліп жатыр. 2016 жылдан бастап қожалықтың арнайы бөлінген аумағында «Өскемен Суарнасы» мекемесінің тұнба қалдықтарын топинамбурдың шығымдылығын арттыруға, топырақ құнарлын жақсартуға пайдалануға орай тәжірибе жүргізіліп келеді.

– Нәтижесінде біз тек топинамбурдың ғана емес, онымен бір үлескіде қатарлас өсіп тұрған өсімдіктердің де қаулап шыққанын көрдік. Бұрын 30 см биіктікке  дейін ғана өскен өсімдіктердің бойы тұнбаларды салған соң, екі метрден асып  көтерілді. Әрине, мұндай әдіспен өсірілген топинамбур тек техникалық мақсаттарға: биоотын алуға, арнайы технологияларды қолданумен  тыңайтқыш алуға, орман ағаштарын егетін жерді құнарландыруға  пайдаланылады, –дейді Владимир Езенок.

Экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары топинамбурдың сабақтарын өңдеуден соң алынған биологиялық сұйық отынның өзіндік құны да өте төмен болады деп отыр, литрі – 28-30 теңге. Ал биоотынды пайдаланғанда көліктен ауаға шығарылатын улы газдар қазіргі пайдаланып жүрген жанар-жағармайдікінен 40-60 пайызға төмен болмақ. Тұнбасыз, өздігінен өсірілген топинамбурды мал азығына пайдаланса, мал қоңданып, майдың орнына қаракесек еті көбейетін көрінеді. Бұл өсімдіктен адам денсаулығын жақсартуға айтарлықтай пайдасы бар, азықтық құндылығы дәнді дақылдардағы дәрумендерден асып түсетіндей  тағамдық ұнтақ өндіруге де болады. Оның үстіне, топинамбурды жазда бір емес, екі рет шауып алып,  өнімге шаш етектен кенелудің мүмкіндігі бар. Өсімдіктерді тозаңдандыруға тигізер ықпалы көп өсімдікті өсіру омарташыларға да аса пайдалы. Осындай қасиеттері бар топинамбур қылқан жапырақты орман ағаштарына қарағанда  көмір қышқыл газын екі есе көп жұтып, сңіреді екен. Экологтар тазалау құрылғыларының қалдық суларын өзендерге төкпей осы өсімдікті өсіретін алқаптарға  құйып, су көздерін де ластанудан сақтауға болатынын жеткізді.

Айтып-айтпай не керек, өскемендік экологтар өздерінің осындай игі бастамалары Өскеменнің өзінде қолдау таппай, тәжірибелері, жобалары текке қалғандығына қынжылуда. Есесіне, Өскеменнің жобасы Атырауда жүзеге асырылыпты. Атырауда өскемендік экологтардың тәжірибесі тиімді деп бағаланып, топырақ құнарлығын арттыруға пайдаланылып жатыр екен. Алдағы уақытта  Алматы облысындағы Сарбұлақ көлі Өскемендегі экологтардың аталмыш жобасы бойынша тазартылмақ.

– Қазір біз «Ерлітөс» ЖШС-мен бірге БҰҰДБ қолдауымен   Алматының жанындағы Сарбұлақ көліне құйылып жатқан тазалау құрылғыларының қалдық суларын топинамбурды өсіруге пайдалану жобасына қатысып жатырмыз. Су топинамбур өсіріліп жатқан егіндікке жіберіледі. Осы жерде өскен топинамбур шабылып, өңделіп, одан биоотын, тыңайтқыш  алынады. Жобаны Өскеменде де жүзеге асыру қарастырылған. Кейін бүкіл елімізде пайдаланылса деп жоспарлап отырмыз, – дейді Владимир Езенок.

– Өскемен қаласы аумағының 2020 жылға дейінгі даму жоспарының  «Қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бөлігінде бұл мақсатқа жету үшін топинамбур өсіру көлемін арттыру арқылы мал азығын жылына 37 000 тонналық жобалық қуатқа  жеткізу жоспарланған.  Осы құжат негізінде біз топинамбур өсіруге, өңдеуге қатысы бар барлық құзыретті мекемелерді жинап, бағдарламаны әрі қарай жүзеге асыру бойынша бір келісімге келеміз деп ұйғарып отырмыз. Өйткені бұл жобаны жүзеге асыру біздің облыс үшін ғана емес еліміз үшін маңызды, – дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button