Қоғам

Жер қадірін жете біледі

Жер қадірін жете біледі

Елбасының ұсынысымен Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий жарияланғаннан кейін «қиыр шеттегі малшы қауымының пікірі қандай екен, көңіл күйлері нешік?» деген ойлармен Айғыз ауылдық округіне қарасты Көксала елді мекенінің маңайында мал бағып отырған «Дәулет» шаруа қожалығына келдік. Мал қорасы мен үй-жайы мұнтаздай таза, іші-сырты ақталған еңселі үйден жас мөлшері 40-тардағы сұңғақ бойлы, ақ құбаша жігіт ағасы шығып, жылы жүзбен қарсы алды.
Қожалық иесі Ербол Сабырбековтың қарамағында 3300 гектар жайылымдық жер бар екен. «Отырықшы» деп аталатын қыстақта мал өсіріп отырған жігіттің қазір шаруасы шалқып отыр деуге болады. Қарамағында 6-7 адам жұмыс істейтін аталмыш қожалықта 600 бас қой, 200 сиыр, 70-тей жылқы бар көрінеді.
– Мына беткейдегі жер біздің қарамағымызда. «Қайнар» деп аталатын жайлауымыз бен «Бүрген» деген күзегімізді, «Ер Жақан» қыстағын – бәрін қосқанда, жеріміз үш мың гектардан асады. Таяуда жер шетелдіктерге сатылады екен деген қауесетті естіп, қынжылып қалғанымыз рас. Ата-бабаларымыздан бізге мирас болып келе жатқан жердің көлденең көк аттының қанжығасында кеткенін қаламаймыз, әрине. Абырой болғанда, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі бұл іске араласып, Жер кодексінің бірқатар нормаларына уақытша мораторий жарияланғанын естіп, қуанып отырмыз. Жер – халықтікі ғой қашаннан. Соны жалға беру және ұзақ жылдарға жалға беру өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені, қыруар қаржыға сатып алған жердің өзінің қайтарымы болуы керек қой. Ол үшін, әлбетте, уақыт қажет. Осы жердің арқасында бес баламызды тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үлкен ұлым Дәулет Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетті бітірсе, Еркежан деген қызым Семейдегі Шәкерім атындағы университеттің 1 курс студенті. Аружаным осында 11 сыныпта оқып жүрсе, бірі 6-дағы, бірі 4-тегі Инабат пен Бақдәулет өз қолымызда, – дейді Ербол Советханұлы. Расында Ерекеңнің ұпайы түгел деуге болады. Советхан аға мен Нұрбәтима анадан тараған 10 баланың ұлдан кенжесі осы Ербол. Өзінің жары Ардагүл оң қолы десе де болады. Аудан орталығынан жырақта жатқан «Отырықшы» қыстағында отырған Сабырбековтар отбасы елімізде де, әлемде де болып жатқан барлық жаңалықтарға қанық. Сондықтан да шығар, сиырға тиесілі қайтарымсыз субсидияны да екі жыл қатарынан алып келеді.
-Бұл да болса, мемлекеттің бізге жасап жатқан үлкен жақсылығы деп ойлаймыз. Еңбекпен көзімізді аштық. Әкеміз Советхан мен анамыз Нұрбәтима осыған тәрбиеледі бізді. Бүгін өздеріңізбен бірге осы жерді көрсетуге келген Базар ағамыз осы әулеттің ең үлкені, әке-шешеміздің тұңғышы. Біз осы кісіден кейінгі перзенттер үнемі бұл кісінің ақылын тыңдап жүреміз.
Иә, Ербол бауырымыз өз кәсібін дөңгелетіп отыр деуге болады. Өткен жылы 2 миллион 200 мың теңгеге асыл тұқымды бес бұқа сатып алған ол шаруашылыққа ең қажет техниканы да 5 миллион 400 мың теңгеге алды. МТЗ-92 деп аталатын «Беларус» тракторына қосымша шөп шабатын, тырмалап жинайтын жабдықтары мен тіркемесі бар қожалықтың қазір мұртын балта шаппайды деуге болады.
-Бәріміз де жерді ұзақ жылға жалға алып отырмыз ғой. Мен мәселен, осыншама жерді 49 жылға жалға алып отырмын. Алайда, шетелдіктерге мұндай ұзақ жылға жалға беруге болмайды. Жер дегеніміз ол-Ана! Оны қастерлеп, аялау керек. Агротехникалық шараларына дұрыс көңіл бөліп отырса, оның берері көп. Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жер кодексінің даулы нормаларына өзгертулер енгізу мәселесін көтергені сайын дала төсінде жатқан диқан, малшы қауымына да оң әсер етті деуге болады. Елбасының «Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған кейбір нормаларын, атап айтқанда былтыр енгізілген төрт норманы күшіне енгізуге келер жылға дейін мораторий жариялаймын. Алдымен бұл мәселені зерттеп, халыққа түсіндіріп, Парламентпен бірге талқылап барып бірегей шешім қабылдап, тек сонан соң ғана мораторийді аламыз. Ал олай болмаса, мораторий алынбайды» деген сөзі көкейімізге қонады. Сондықтан біз де жерді ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы емеспіз. Қысқасы, иесіз жатқан жер болмауы керек қой. Иесі болмаған соң ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні жасырын емес. Алайда, жерге бақылауды күшейту керек. Бақылау болмай, қадағалау болмай жасаған ісіміздің бәрі зая деуге болады, – дейді «Дәулет» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Сабырбеков.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button