ҚоғамТОП

Жеңіл атлеттеріміз Тегераннан тек қайтпады

Иран астанасы Тегеранда мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан жабық кешендердегі ХІ Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшылар тамаша өнер көрсетіп, қоржынды медальға толтырды.

Елге оралған жерлестерімізді әуежайдан бір топ жанкүйері күтіп алып, саңлақтарға ерекше қошемет көрсетті.

Атап айтсақ, бұл жолы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен спортшыларымыз Елизавета Матвеева мен Ефим Тарасовтың қанжығалары майланды. Қыздар арасындағы биіктікке секіру сайысында өнер көрсеткен Елизавета қарсыластарының бәрін артта қалдырып, тұңғыш рет Азия чемпионы атанса, 400 метрге жүгіру сынына қатысқан Ефим қола медальды қанағат тұтты.

Ұшақтан түскен бойда жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген атлеттер қуаныштары мен толқыныстарын жасыра алмады.

– Жарыстан алған әсерім ерекше. Азия чемпионаты маусымның басты жарысы болатын. Сондықтан оған тыңғылықты дайындалдым. Жарыс өте тартысты өтті. Әсіресе Қытайдан келген қарсыластар босаңсуға мүмкіндік бермеді. Дегенмен бұл жолы өзіме деген сенімім тым жоғары болды. Жалпы, өз нәтижеме ризамын. Негізі, бұл – мен үшін бірінші құрлықтық дода емес. Алайда бұған дейін алтын бұйырмаған, тек екінші, үшінші орын алып жүрдім. Бізге қолдау көрсеткен барша шығысқазақстандыққа зор алғыс айтамын! – дейді Азия біріншілігінің су жаңа чемпионы Елизавета Матвеева.

Жарыстың аса тартысты өткенін, чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын Ефим Тарасов та айтып отыр.

– Бұл менің бірінші қысқа Азия чемпионатым болатын. Жеңіс тұғырына екі мәрте көтерілдім. Сондықтан жалпы алғанда өз өнеріме көңілім толады. Алайда бұдан да жоғары нәтиже көрсете алатынымды білемін. Сол себепті, кеудеде бір әттеген-ай да бар, – дейді 400 метрге жүгіру сайысында қола медаль еншілеп, командалық эстафетада алтыннан алқа таққан Е.Тарасов.

Жалпы, Сары құрлық мықтылары бақ сынаған додада ұлттық құрама сапында алты жерлесіміз өнер көрсеткен-ді. Олар – Елизавета Матвеева, Ефим Тарасов, Эльнор Мухитдинов, Андрей Соколов, Юлия Башманова мен Анастасия Рыпакова. Осы ретте ерлер арасындағы 4х400 эстафетасында топ жарған қазақстандық төрттіктің құрамындағы үш спортшы (Э.Мухитдинов, Е.Тарасов пен А.Соколов) біздің облыстың тумалары екенін ерекше атап өткен орынды.

– Біздің команда өте сәтті өнер көрсетті. Атлеттердің қай-қайсысы да мақтауға лайық. Жеңіс үшін, жүлде үшін барын салды, әр сантиметр, әр секунд үшін күресті. Сол үшін жерлестеріме ризамын. Жалпы, биылғы Азия біріншілігі шығысқазақстандық жеңіл атлетика мектебінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді көпшілікпен бірге жеңімпаздарды құттықтауға келген даңқты жеңіл атлет Ольга Рыпакова.

Айта кетейік, биылғы құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы жалпы саны 12 медаль жеңіп алды, оның төртеуі алтын, екеуі күміс, алтауы қола болған.

Осы айдарда

Back to top button