БәрекелдіСпортТОП

Жеңіл атлеттеріміз сенімді ақтады

Нұржан Кенжеұлы

 Астанада мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан жабық кешендердегі Х Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшылар тамаша өнер көрсетіп, ел қоржынына бірнеше жүлде салды. Үш күнге созылған доданың жабылу рәсіміне Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан әл-Хамадпен бірге еліміздің жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов те қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.

Айта  кетейік, биылғы құрлықтық додада Азияның 31 елінен келген 500-ге жуық спортшы бақ сынаған болатын. Қатысушылар жеңіл атлетиканың 26 түрінен өзара мықтыны анықтады. Әлбетте, ұлттық құрамамыздың сапында шығысқазақстандық спортшылар, «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының өкілдері де аз емес еді. Жерлестеріміз жарыстың алғашқы күнінен-ақ артылған сенімді ақтай бастады.

Алғашқы жүлдені қоржынымызға Каролин Кипкируи салды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Қазақстан азаматтығын алған тегі кениялық желаяқ елорда төріндегі додада үш мың метрге жүгіру сайысында алдына жан салмады. Аталған қашықтықты 9 минут 01,98 секундта жүгіріп өткен спортшымыз қытайлық Уга Хэ мен жапон атлеті Юма Ямамотоны артқа тастап, Азия чемпионатының бірінші алтын жүлдесін жеңіп алды.

Каролиннен Элина Михина да қалыспады. 400 метрге жүгіру ісінің хас шебері саналатын 28 жастағы риддерлік спортшы бұл қашықтықты 54,07 секундта еңсеріп, кезекті рет Сары құрлық мықтысы атанды.

Шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының спортшылары мұнымен тоқталып қалған жоқ. Дәл сол күні ел қоржыны тағы бір алтын жүлдемен толықты. Оны да жерлесіміз әперді. Бұл жолы жанкүйерлерін қуантқан биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая болатын.

Белградта өткен соңғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая Астанадағы жарыста 1,87 метрлік нәтиже көрсетіп, өзге елдерден келген қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Бір атап өтерлігі, аталмыш сайыста екінші және үшінші орындарды да қазақстандық спортшылар иеленді. Нақтырақ айтсақ, екінші орыннан Кристина Овчинникова көрінсе, үздік үштікті Елизавета Матвеева түйіндеді. Бұл екеуі де – «Altay Athletics» клубы үшін таныс спортшылар.

Жалпы алғанда, Астанадағы Азия біріншілігінде отандастарымыз бес алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Бұл, сөзсіз, өте жоғары нәтиже болды. Мұны республикалық жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов те айтты. Еске салайық, дода басталмай тұрып, федерация басшылығы қазақстандық спортшылардан шамамен сегіз-тоғыз медаль күтетінін хабарлаған болатын. Демек, биылғы Азия біріншілігіне қатысқан саңлақтарымыз жоспарды асыра орындады деген сөз. Сонымен қатар Даниал Ахметов елімізде мұндай ірі додаларды өткізуге барлық жағдай жасалғанын жеткізген-ді.

– Қазақстан – ТМД елдері арасында әлемдік деңгейдегі екі бірдей халықаралық турнирді қабылдайтын жалғыз ел. Бұл еліміздегі спорт инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамығанын, жалпы, біздің дұрыс бағытта жылжып келе жатқанымызды аңғартса керек. Соған қарамастан, алдымызда тындыруды қажет ететін шаруа әлі де көп. Бірақ біз қазірдің өзінде екі турнир өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ жақын арада олардың қатарына тағы бірнеше жаңа жарыс қосылады деп үміттенеміз, – деді Даниал Ахметов.

Осы айдарда

Back to top button