Жемшөпті көрші өңірлерден жеткізіп отыр
Азамат Темірбеков
Биыл зайсандық шаруалар малды қыстан аман алып шығу үшін қажетті мың тоннадан астам жемді басқа өңірлерден тасымалдап отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Ринат Тауасаровтың газет редакциясына жолдаған ақпаратына сүйенсек, биыл зайсандық ауыл шаруашылығы құрылымдары шөп, оның ішінде жоңышқа сияқты мал азығы түрлерін жоспарлы көлемде дайындаса, жемнің межелі мөлшеріне мың тонна жетпей қалған. Сол себепті жетпеген мал жемін жергілікті шаруалар Өскемен мен Семейден, сондай-ақ басқа аудандардан тасымалдап жатыр.
– Ауданда биыл 288 мыңнан астам мал басы тіркелген, – дейді Ринат Тауасаров. – Қазіргі уақытта Шілікті, Сарытерек, Айнабұлақ округтерінің аумағына қар қалың түскен. Қардың қалың түсуіне байланысты жемшөп жеткізе алмаған шаруашылықтарға үлкен тиегіш тракторлармен жол ашып, көмек көрсетіліп жатыр.
Оның айтуынша, аудан аумағында төрт түлікті қыстан аман алып шығуға бағытталған шаралар қолға алынған. Осындай шараның бірі былтырғы қыркүйек айында басталып, Шілікті ауылдық округіндегі шаруашылықтар мен тұрғындардың қолындағы малдың жемшөбін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жемшөп жәрмеңкесі өткізілді. Одан кейін бекітілген кестеге сәйкес, басқа округ әкімдері де әр аптаның сенбі күндері аталмыш ауылдық округке мал азығын апарып, арзан бағаға саудалап отырды. Оған қоса қазір құрама жем Самар ауылындағы «Мәмбет» шаруа қожалығынан да жеткізіліп жатыр. Ал теңделген шөпті шаруалар көршілес қонған Абай, Жетісу, Павлодар облыстарынан да тапсырыспен алып отыр.
Аудан әкімдігінің шалғай орналасқан шаруашылықтар мен елді мекендердің жағдайын үнемі қадағалап, қажеттілік болса техникамен, басқа да қажетті дүниелермен қамтамасыз етіп отыратынын айтқан жауапты тұлға қазір аудандағы эпизоотиялық жағдай қалыпты екенін атап өтті.
– Аудандағы мал былтыр ветеринариялық қызметпен толық қамтылған. Төрт түлікті қатерлі ауруларға қарсы егу, басқа да алдын алу шаралары жоспарға сай жүргізіліп отырады. Мал ауруларына қарсы егу препараттары жеткілікті. Бүгінде ауданда мал дәрігерлерінің тапшылығы жоқ, – дейді Ринат Тауасаров.